Жолдар 100 пайыз нормативтік қалыпқа келтіріледі

444

0

2025 жылға дейін республикалық жолдар 100 пайыз нормативтік қалыпқа келтіріледі. Бұл туралы ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Автожол саласында барлық халықаралық транзиттік дәліздерді толық жаңғырту жоспарлануда. 2025 жылға дейін республикалық жолдардың – 100, ал жергілікті жолдардың 95 пайызын нормативті қалыпқа келтіру жоспарланған. Сонымен бірге, 52 автокөлік өткізу пунктін модернизациялау жүргізілуде», – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының атап өтуінше, «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінің 2-ші жолдарының құрылысы басталды. «Дарбаза-Мақтаарал», «Бақты-Аягөз» және «Алматы станциясы айналма теміржол желісі» жобалары бойынша тиісті құжаттамалары дайындалуда.

«Қазақстан темір жолын көлік-логистикалық компанияға айналдыру басталды. Керекті Құзыреттілік орталығы құрылды. Оның негізгі міндеті – жаңа логистикалық өнімдерді ұйымдастыру және транзиттік жүк ағындарын Трансқазақстандық маршруттарға бағдарлау болып табылады», – деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, транскаспий халықаралық маршруттарды дамыту мақсатында Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркияның көлік және инфрақұрылым министрліктерінің арасында тиісті Жол карталары қабылданды.

«Қазақстан тарапынан «контейнерлік хаб» салуды, сауда флотын 10 пароммен толықтыруды және порттық станцияларды кеңейтуді қоса алғанда, Ақтау және Құрық порттарының қуаттарын көтеру жоспарлануда. Сингапурлық PSA компаниясымен бірлесіп Цифрлық көлік дәлізін құру жөніндегі жоба іске асырылуда», – деді ол.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<