Абай – мәңгілік тақырып

2704

0

Абай Құнанбайұлы –  қазақтың ұлы ақыны, композитор, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі. Абай Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» – тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен ерекшеленеді. Абайдың қара сөздері – көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі болып табылады.

Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған.

Сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың кара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды.

Өсек, өтірік, мақтаншақ, 

Еріншек, бекер мал шашпақ, 

Бес дұшпаның білсеңіз. 

Талап, еңбек, терең ой, 

Қанағат, рақым ойлап қой, 

Бес асыл іс көнсеңіз. 

Абайдың бұл сөздерінің мәні күні бүгінге дейін зор болып келеді. Абай еңбегінің ең басты ерекшелігі тәрбиелік тағылымымен құнды. Абай өз өлеңдерінде ғалым болу мен адам болуды бір –бірімен ұштастырып тұрады, бұл екеуінің түпкі тамыры бір. Ғалым болудың басты шарты – не нәрсе болсын таразысына салып өлшеу, ақыл сенген нәрсеге ғана сену және көзің  жеткен шындықты тура айтудан тайынбау. Абайдың идеясы тек өлеңдерінде ғана емес қара сөздерінде де терең философиялық толғаныспен көрініс тапқан. 

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету мақсатында қаулы қабылдаған болатын.

Осыған  байланысты, елімізде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай түрлі шаралар өткізіліп келеді.

Осы ретте, Қызылорда қаласындағы С.Айтпаев атындағы көркемсурет галереясында Абайдың 175 жылдығына орай  республикаға белгілі бірқатар танымал суретшілердің тарихи жанрда салған туындыларынан  шығармашылық көрме ұйымдастырылып, оған Қызылорда облысының Әділет департаментінің қызметкерлері қатысты. Көрмеге  Омбы облыстық мемлекеттік мұрағатында Абай мен Құнанбайға қатысты сақталған құжаттар, сондай-ақ ІХХ-ХХ ғасырдың «Абай-ақиқат»  атты этнографиялық бұйымдар қойылған. Сонымен қатар, Абай тақырыбындағы суретшілердің туындалары да көрменің маңыздылығын аша түсті.

Жалпы, қазақ халқы үшін Абай Құнанбайұлының орны ерекше. Сондықтан да, Абайға қатысты қандай да бір шаралардың тұрақты ұйымдастырылуы  ешқашан артықтық етпейді.

Абай – мәңгілік тақырып. Әр ұрпақ Абайды өзінше танып, өзінше оқып, өзінше танытады. Дәл қазіргі уақытта рухы мықты ұрпақ тәрбиесі үшін Абай құдіреті қажет болып отыр. Әр адам баласы Абай әлеміне үңіліп, Абайға бет бұрғаны дұрыс. Әрбір азамат Абай қарасөздерін өзінің дұрыс жолға салар бағдаршамындай көруі керек. Себебі дана Абайдың айтқан әрбір сөзі саналы адамның көкірегіне ой салып, адамшылық жолға тәрбиелейтін өсиеттерден тұрады.

Ұрпақты Абай үлгісінде тәрбиелеу – ізгілікке, имандылыққа, адамдыққа, білімділікке,  биік адамгершілікке бастайтын жол.

 

Баукен ӘЛМЕШ,

облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<