Абайдың рухани ілімі

1235

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы, еліміздің рухани дамуына, оның болашағына жол көрсететін темірқазық жұлдыз болды. Қазір дүние мүлдем өзгерген. Ал қоғамдық ғылымдар да дағдарыс үстінде, оны шешудің бірден-бір тәсілі – ұлы данышпан Абай көрсеткен рухани жолы.    

Рухани даналық шығыстан бастау алады. Оны бізге жеткізген дана да дара Абай. Исламдық шығыстың әдебиетінде, әсіресе араб пен парсы философиясы ерекше орын алады. XIX ғасырда Ресейдегі мұсылмандар арасынан шыққан Шаһабуддин Маржани да дін философиясымен айналысқан. Абай да осылардың бәрін оқыған, оларды жақсы түсінген. Оның араб, парсы тілін жақсы білгені сол, тілде жазылған ислам теория­сы мен практикасына жетік екендігі Абайдың өлеңдерінен әсіресе қара сөздерінен (38-қара сөз) байқалады. Бір ерекшелігі, осы жөніндегі Ш.Маржанидің әл Фарабиден келтірген сөздері Абайда да кездесетіндігі. Мысалы «ғақыли, нақыли» түсініктері, тағы басқалары Абайдың шығармаларында да бар.    

Әл Фарабидің «Ғылым іздену – адамның адамдық борышы» деген сөздерін Ш. Маржани өз еңбегінде бірнеше жерде қайталап, баса айтады. Ал Абайдың «Ғашарани уа мубашарани» деп келетін қағидасы Ш.Маржанида да айтылған. Бұл пікірдің өзі Абайдың ойы­на да дәл келгені көрініп тұр. Сондықтан да А.Машановтың көр­сет­кенін­дей, «Абай – Семейде сол Мар­жани шәкірттерінен оқы­ған­дардың бірі. Абай еңбек­­терінде Маржанидің қоз­ғаған мәселелері көп кез­десетіндігі осыдан. Алайда әрбір ойшыл, бір жағынан, өз за­ма­нының перзенті болса, екінші жағынан болашақтың да ұлы болмақ. Әл Фараби мен Абай да осындай даналар болды. Сондықтан да оның еңбектерінде және Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінде діни терминдер аса көп. Соның әрқайсысының мәнін тереңірек білу аса қажет. Бізге әл Фараби мен Абай мұрасындағы қажетті терминдер ғана емес, олардың философиясындағы рационалдық дәні біз үшін мәндірек. Онда поэзия, философия, саясат, тарих – бұл төртеуі де Абайда біртұтас бір көзқараста көрінеді. Абай әл Фараби, Ибн Синаларды ғана емес, грек әсіресе Аристотель, Эпикур, Демокрит философиясын жақсы білген.

Осы мәселелерді Абай өзінің шығармаларына арқау етті. Абай да ғылым мен дін­нің арақатынасын өзінше сара­лайды. Оның айтуынша, дінді дұрыс тани білу – нағыз мұсылманның жетілу жо­лын­дағы ізденісі. Себебі, Алла Тағала өзі – қақиқат жол. Адамның білімі қақиқатқа, рас­тыққа құмар болып, әр нәрсенің емес, һамманы біле­тұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамға өзіндік ғылым береді. Өзің үшін ол Алланың өзіне ғашықтық керек. Ғылым – Алланың бір сипаты, ол қақиқат, оған ғашықтық өзі де хақылық һәм адамдық дүр дейді. Осы тәріздес сан алуан тарихи деректерді ой елегінен өткізе отырып, Абай дінді тұтынған халықтардың оны әртүрлі атағанымен, олардың Жаратушының барына шек келтірмей, ден қояды. Сол жалғыз Жаратушыны уағыздаушылардың өз таным өресіне қарай жақсылықты, жаман­дықты істерді өз шари­ғатына сыйғызып жасай бере­тіндігін көреді. Осыдан келіп, Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», – деп, бір Алланың барына күмән келтірмейді, оған бар болмысымен сенеді. Бірақ ол «Алланың жолы осы, осылай істе» деушілерге күдікпен қарайды. Олардың сөзі Алланың сөзі емес екеніне оны өз ақыл-ой таразысына салып, ар ұялмас іс қыл дейді. «Ынталы жүрек, шын көңіл, өзгесі хаққа қол емес» дейді.

Міне, «діншіл» Абайдың, ұстаз Абайдың әл Фараби сияқты дінді ғылыммен байла­ныстырғанда айтқан өсиеті осы. Ол адамгершілік сезімі терең, жүрегі махаббатқа толы кісіні діні дұрыс адам деп есептейді. Дін – адамның көңілі, адамгершілік қасиет деп түсіндіреді. Себебі, «ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды» – дейді. Алланың ақиқаттығын ғылым жолымен танып, шын көңілмен бар ықыласын аударып, махаббат тұтуды керек етеді. Осы орайда біздің бүгінгі күніміздің қамын ойлаған Абайдың ойшыл көрегендігіне еріксіз риза боласың.  

Батыс Еуропа философия­сынан орта ғасырдағы араб тілдес философияның (ғы­лымның) айырмашылығы сол: ілім-білім мен дінді ол тұтастай алып, дінге сеніммен қарады да ілім-білімді тану тұрғысынан алып қарады.

Ғылым мен діннің ара жігін ашып бөлуді әл Фараби ғана бастап берді. Оны екі ғылым саласына бөліп қарайды. Бірін метафизика, екіншісін философия (ғылым) деп атайды. Олар дінге сенім жолымен қарай отырып, сол кездегі тарихи жағдайларды ескере келіп, оны (басқыштық ретпен) бірінші орынға қойып, оның ғылыми сипатын таныта алатын, – дананы әкелді. Мұның өзі Абайдың «Адаспай тура іздеген хакимдер болмаса, дүние ойран болар еді» деп айтқанындай, қазіргі өміріміздің негізгі аксиомасына айналды. Олар әл Фараби мен Ибн Синаны философия мен діннің арасын байланыстырушы «шын мәніндегі мұсылмандар»  деп қарады.

Әл Фараби заманын­дағыдай Абайдың тыңдау­шылары да түгелге жуық ислам идеологиясы аясында өмір сүрген жандар болатын. Ақын тыңдаушылардың ой-өрісімен есептесе отырып, өз танымын солардың ұғым дәрежесіне қарай лайықтаған:

Өздерің де ойлаңдар,

Неше түрлі жан барсың –

Тыңдаушымды ұғымсыз

Қылып тәңірім берген-ді, –

деп, босқа налымаса керек. Тыңдаушы құрамына қарай тартар ой-пікірлерін ұғы­м­сыз тыңдаушыларына та­ны­малы термин сөздерімен жет­кізбесіне реті де жоқ еді. Уақыт жағдай осыны талап етті.

Әл Фараби өз заманында, мұ­сылман философия­сы та­рихында мешайон мек­­­­те­бін қалыптастырды. Ме­­ш­а­йон­­дар дәстүрі кейін Ә.Науаи шығармаларында жал­ғас­тырылады. Хауаси хамса заһири танымының күр­де­лен­ген түрі – «аһси жиһан» (Науаиша таным теориясы) атымен дамытыла түсті. Бұл танымның түп-төркіні Аристотельден басталса, соңыра ол әл Фараби еңбектерінде пәрменді түрде дамытылды.

Адам мен хайуан ара­сындағы басты ерекшеліктің бірі – адам ойындағы он сезім, яғни сыртқы бес сезім мен ішкі бес сезімнің болуында деген таным мешайон мек­тептеріндегілерге белгілі еді, осы идеяны Абай тірек етеді. Бұл сыртқы бес сезім (хауаси хамса заһири) шығыс, батыс философиясының еңбектерінде бейнелеу теориясына байланысты көп айтылады. Әл Фараби пікірін тиек ете отырып, адамдағы тіршілік мекені жүректе деген Абай өз танымын ұсынады. Абай айтқан хауас жайлы ой-пікірлер көзінің түп-төркіні көп жағынан осы ойшылдар танымымен сабақтасып жатыр.

Осы себептен де Абай: «Құмарланып жиған қазы­намызды көбейтпек керек, бұл жанның тамағы еді», – деп өз тарапынан арнайы түсінік те береді. Абай дүниетанымы шешуші орынға тұратын ішкі, сыртқы сезімдер (хауас) жайлы өзекті ойлар жемісі: «Адамның кейбір кездері», «Көзінен басқа ойы жоқ», «Қайғы шығар ілімнен», «Лай суға мал бітпес қой өткенге», «Алла деген сөз жеңіл», «Жүректе қайрат болмаса», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңдері мен 7,19, 27, 31, 34, 38, 43, 45 қара сөздерінде тереңдеп, толыға береді. Мұнда айтылған ойларды белгілі бір жүйе негізінде берілетін өзіндік дербес танымға айналып кеткен аса күрделі пікірлер.

Ақын мұрасының осындай елеулі түрде орын алатын ұғымдардың себебін жан-жақты ашатын тарихи фило­софиялық бағыттағы зерт­теу еңбегі қажет-ақ. Абайдың арнайы тоқталған хауас мәселесі 38-сөзіндегі хауас сәлим мен тұп иенің (затия) бойындағы сегіз сипатпен (сифатия) тікелей ұштасады. Мұның үстіне Абай тарапынан арнайы ескерту арқылы нақылия, ғақылия дәлелдермен қосылатын ғаделет рахым жайлы сипаттарға ерекше назар аударады. Оның бойындағы осы он сипаттан Абай даралап бөлек алып, ерекше ден қоятын үш сипат: ғақыли; ғаделет; рахым жайлы өзіндік тума гуманистік негіздегі өте терең тың ойлар жемісін таратады. Абай өзіне дейінгі хауасты танушы мутакаллимдер мен мантиқшылардың еңбектерін зерттеп, оқып олардың ойларына жүйелі түрде талдау жасайды. Осы себептен де Абай 38-сөзінде ғалымдар мен хакимдердің бір-біріне ерекшелігі мен айырмашылығына тоқталып, түсініктемелер беріп отыруы жәй нәрсе емес.

Абай пікірінше, «әрбір істің себебін ізденушілерге хакимдер ат қойған» делінеді. Абай «Ескендір» поэмасы мен 27-сөзінде хаким ретінде Аристотель, Сократты, ғалым ретінде Аристодимді атап, олардағы ерекшеліктерді жанама түрде меңзеп өтеді. Ғалым мен хаким арасындағы айырмашылықты осы арада Абай тағы да аңғартады. Біздерге ғылыми зерттеуді, ғылыми талдауды, ғылыми ой-тұжырым жасауды, ғылыми заңдылықтарды ашуды ғұлама- ойшылдар – әл Фараби мен Абайдан үйренгеніміз абзал.

Тасболат МЕДЕТБАЕВ, 

филология ғылымдарының кандидаты, 

«Болашақ» университетінің доценті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<