Ғалам сарынынан ескен туыстық үндері

733

0

Бір атадан тараған адамзат бастауы туралы дін тұжырымы кесімді. Бұл  – Жер бетіндегі қараорман халықтың туыстығын, нәсілдік біртектілігін, түптеп келгенде, гуманизм мұратын алға шығаратын ізгі идея. Ал ғылыми тұжырымдар әлі бір жүйеге келе алмаған шашыранды пікірлер түрінде жүр. Біразы Ч.Дарвиннің эво­люциялық даму ілімінің физио­логиялық, нәсіл­дік, моральдік-саяси негізсіздігін дәлел­деді. Сөйтті де, Адам тарихының бас­тауын ғарыш келімсектерінен, тіпті, қиялдағы бір әлемдерден іздеп кетті. (Соңғысы материалистік қисынға табан тіре­генімен, хикмети тұжырымға келің­кірейді). Осы күні ми зеңдірер сан жорамал көп. Ендеше, діни ілім айтатын – дүние, Адам жаралуының әпсаналық астарында табан тірер ақиқаттар жатқанын қалай пайымдай аламыз? Сондайлық ақиқат өзегіне жету бізге әлі алыс сияқты. Ал хикмет сөзі қысқа тұжырған Топансу мен адамзаттың «екінші» өмір бастауына кірпияз ғылым, дегенмен, біртіндеп жақын келді. Бүгін өмір сүріп жатқан біздерге сол, «екінші» өмір бастауы мәндірек боп тұр, арғысына, әзірге, салауат дей тұрайық.

Ғылым Жердегі тіршіліктің жаңа кезеңіне 13 мың жыл межені жиі айтады. Бұл соңғы мұз басу дәуірімен байланыстырылады. Сірә, «мұз дәуірі» Топансумен бірге орнаған суықтық түрінде келсе керек. Ол көп аумақты қамтығанымен, кей жорамал айтатындай, бүкіл Жер шарын түгел шармап алмаған. Тоңда қалған кей артефактылар (мамонт, басқа да тіршілік қалдықтары) сол суда тұншығып, мұзда қатып сақталған белгілер. «Все было стерто с лица Земли…» деп түйеді орыс ғұламалары мұз дәуірі туралы. Және мұны топансуға қатыссыз түрде айтады. Солай, Жер бетіндегі өркениет пен тіршіліктен тұлдыр қалдырмаған бір үскірік жүрген. Демек, сонау алыс 15-20, 30-50 мың жылдардан әріден табылып жатқан кей өркениет жәдігерлері – қиял жетпес ілгергі кереметтер куәлері деу керек…

Ендеше, мұз бен судан аман қалып, мезолит дәуірі соңының жабайы пендесі түрінде «екінші» рет өмір бастаған адамдар кімдер еді? Олар қай атажұртта жер басты? Қай тілде сөйледі? Бұл ретте кесімді хикмети сөз Нұх пайғамбар, оның құтқарушы кемесі, құтқарылған өмір, Жөді, Арарат, Қазықұрт тауларына сілтейді… Ал эволюция ұстанған ғылым қисындарына, соңғы кезде, күйреген континенттер, солардан жер-жерге көшкен протохалықтар туралы қызық жорамалдар қосылды. Бұлар біршама негізді дәйектермен демелген. Бірақ, күмәнді жақтары да баршылық. Мысалы, Тынық мұхитта – Му континенті, Үнді мұхитында – Лемурия, Атлант мұхитында – Атлантида, Солтүстік мұхитта – Гиперборея күйреп, су астына кетеді. Шамамен, бәрі бір мезгілде. Осы апаттар «парады» көңілге күмән ұялатады. Мұхит басы бір-бір континенттен жұта берген. Бұл қисынға бақса, Жер домалағы өз орбитасынан шығып, ғарышқа қаңғып не шашылып кетуі керек еді… Соған қарағанда, аңыздарды дәйек­­теу­шілердің кей тарихи дақ­пырттарды өрбітуі көбірек болған. Мұзды мұхитта Еуразияның шельфтік аралдар тізбегі болмаса, су астынан континент нобайы байқалмайды. Кемі 4-6 мың метр ұшанда жатқан Тынық, Үнді, Атлант мұхиттарының сейсмобелдеуі (плиталар түйісі) болмаса, континенттер нобайы оларда да жоқ. Ал әлгі оқиғалар 12-15 мың жыл шамасы ғана бұрын болған – Жер тарихындағы «секундтардай» ғана мерзім… Тағы бір қисынсыздық: ежелгі халықтардың бірі саналатын арийлер Оңтүстік-Шығыс Азияның нуы-суы, тау-тасын мыңдаған ша­қы­рым көктеп өтіп, Үндістанның батысына жетіп, дем басқан болады… Аңыздарға сүйенген бергі ғұламалар (мейлі, ол Саис абыздарынан сыр тартқан Платон болсын, Платон да, түптеп келгенде, пенде) жорамалдары табиғи ежелгі жазба деректерге қарағанда, субъективті, «қоспалы», демек, шындықтан қиыстау болуы мүмкін. (Әрқайсысының өз қисынынан туған субъектив центризмдер ежелден болған ғой). Қалай дегенде де, сонау ықылымда әркім әрқилы жорамалда баян еткен бір ұлы апат болғаны анық.

Осы бедерде, бізге хикмет ұсынатын тарих біршама дәйек­ті­лі­гімен көңіл тұрақтатады. Арғы тарихта Адам Ата пенде боп, жер басқан Сарандиб биігі, Хауа Анамен бір-бірін 300 жыл іздеп, Арафат тауында қауышуы бар. Топансу алдындағы адам ұрпағынан төрт пайғамбар ғана мәлім… Мәндісі – бүгінгі адамзаттың «екінші» тарихы дедік. Расында да, жоғарыдағы 4 мұхиттағы апаттарды жоққа шығармайтын ғаламдық Топансу оқиғасы сол ілім баяндаған сипатта болған деу ләзім. Оның үлкен тұжырымы – Нұх пайғамбар кемесінде құтқарылған тіршілік. Ендеше, жұмбағы әлі кілттеулі Қазықұрт (Қазық жұрт!) рухи еңсесі биіктеп, рөлі ғаламдық ауқымға көтерілуі тиіс. Біздің сенім бойынша, бұл миссияға «таласушы» басқа заңғарлар нұсқасында табан тірер орнықты дәлел жоқ. Хикмети ілімдегі Жөді де, Библиядағы Арарат та бұл таумен «таласа» алмайды немесе олар осы Қазықұрттың өзі болар?.. Қазықұртпен іргелес өмір өзектері Сырдария мен Әмудария – өмір-дария миссиясына ие болады. («Өзен жағалағанның өзегі талмайды», сірә, әлмисақтан қалған тәмсіл, немесе «Сырдан ұшқан құс Әмуге үй шатырларына қона жеткен» дегенде тым көне мәлімет бар). Адамзаттың «екінші» өмірі осы жерлерден бастау алып, ғаламшарға тараған деу қисынды. Кейінгі Тигр-Евфрат, Үнді-Ганг, Ніл, Хуанхэ-Янцзы, Амазония өркениеттері – сол бастаудан тараған бұтақтар, сонау өзендік өркениет дәстүрін дамытушылар. Олар ендігі Атажұрт болмысын ұмытқан, уақыт пен оқиғалар тезінен өткен; діл, тіл, дін адам танымастай өзгерген.  Әйтеуір, бізге мәлім айтулы өркениеттердің бәрі 5-7 мың жылдан бері. Демек, мәлім өркениеттердің бәрі «екінші» тарих құрсағынан туып жатыр.

Ежелгі адамның жазу таңбалары әлемде шашылған тас парақ – пиктограммалар. Ал ғылыми тұжырымда, жүйелі айқындық алғаны осыдан 5400 жыл бұрынғы көне шумер жазуы. Оның нақтыланғаны 4500 жыл бұрынғы «Гильгамеш». (Ниневия тақтайшалары). Екінші орында көне Мысыр жазулары – 5200 жыл. Көне Қытай жазуларына 4000 жыл және олар осы күнге өлмей жетті. Финикия таңбаларына – 3900 жыл. Ал «Авес­та» жазуы туралы мәліметтер әрқилы. Оның ресми дінге айналған 2700 жылдық тарихы бір десек, енді бір жорамалда осыдан 4000 жылдан арыға сілтейтін элементтер бар. Сонда ол Шумер, Мысырдан кейін 3-ші орынға тұрады. Десек те, осыдан 4800 жыл (бір деректе 3900 жыл) ілгеріде өркендеген Арқайым, Сынтасты қалалары («Қалалар Еліндегі» елеулі мекендер), онан да әрірек 7000 жылдан астам Тәңірілік өркениет, жылқы түлігінің осы далада адамға үйірсектеуі, озық-технологиялық өмір белгілері мына далада жатқан тым көне тарихқа тартады. Әрине, ғылымның жүгінері – артефакт. Мына кең даладан сонау палеотарихқа дәйек табылуы әлі де уақыт еншісінде сияқты. Ендеше, дала тілі, дала жазуы (дала өркениеті сияқты) терең қазып, аса мұқият анықтауды қажет етіп жатқан феномен. Батыс центризмінің сойылын соғушы, әлемдік ауқымдағы білікті ғұлама, Г.Киссинжер, «Тұран – өркениеттердің түпотаны» деп бекер мойындап отырған жоқ.

Бізге мәлім ең ежелгі ел – шумерия. Оның алдында олар кімдер еді? Қайда өмір сүрді? Қайдан келді? Адамзаттың сол бір көне көші қалай, қайда бет алды?.. Ежелгі «көштер» шаң көтере жосылған жосын қозғалыс емес, адам тіршілік кеңістігін игерген стихиялы жайылыс түріндегі өмір үдерісі болған. Аңшылықтан дамыған мал шаруашылығы үшін мұндай қозғалыс өмір тәсілі еді. (Әрине, тарих үркіншіліктерін де жоққа шығаруға болмас). Қосөзен жеріне бір текті халықтың шығыстан келгенін Библия куәландырады. «На всей земле был один язык и одно наречие. Двинувшись с Востока, они нашли в земле Сеннаар равнину и поселились там.» (Библия. Быт. 1-9). Мұндағы «Шығыс» сілтемесі Месопотамия үшін – сол, «екінші» өмір бесігі Тұран, іргелес Шығыс Иран, әйтеуір, солтүстік беттегі Арарат тауы немесе басқа терістік өлкелер емес. «Сеннаар» – «шумердің» экзоэтнонимі деген де пікір бар. Тарих жоқтан тумайды.

Ежелгі шумер тіліндегі түркілік тек бүгінде біршама дәлелденді. Өркениеттер басында тұрған шумер тілімен біздің тіл үндестігі (туыстығы) өткен ғасырдың 70-жылдарынан зерттеулер мен пікірлер талқысында қайнап-піскен тұжырым. (О.Сүлейменов, «Азия» және сол бағыттағы еңбектер. Пікірлерге дәлел ретінде болмаса, ол ойларды қай­та­ламаймыз). Ал енді, алыс жұрттар мен тарихтардағы үндес, мазмұндас сөздер туыстық белгісі емей, не болуы мүмкін? Кездейсоқтық емес, заңдылық қисыны сол. Жер ғалам­ша­рына тараған түп-тегі бір өмір бастауына сілтеме осыдан туындайды.

Тигр-Евфрат табиғаты – Сыр-Әму сипатына келеді, «Қосөзен» өркениеті Сыр-Әму дәстүрінің жалғасы деуге үлкен негіз бар. Кейін аккад, бабыл, арамей дәуірлері боп өрлеген ежелгі қосөзен дәстүрі сонда жалғаса өркендеген. Ал Ніл өркениеті шумерден Қызыл теңізге қарай, Палестина, Синай асып, әрі тараған бір бұтақ деу қисынды. Онан теріскей – Финикия, Еуропаның ежелгі өркениеттерінің бас­таулары (Миной, Микен) шаң бере бастайды. Ғалым А.Нарымбаеваның «Аркаим – очаг мировой цивилизации, созданный прототюрками» кітабында (2007, Алматы) бұл бағыттар ауқымды қамтылған.

Мойындалған тіл туыстығы негізінде туыстық, тектің жанды тамырлары жатқанын аңдамау мүмкін емес. Ең ежелгі халықтардан бізге бір мәлімі – арийлер. Ғылымда олар Ұлы Дала, Орталық Азияға көп қатыссыз түрде айтылады. Орағыта беретін бір тарих пен жағрафия. Үнді, Иран, еуропалық алман жұртының, Қап тауы халықтарының кей өкілдері, сосын, жақында ғана ашылған солтүстік Қазақстан шетіндегі Арқайым қаласы бұған дәлел… Ал Тұран жері, Ворукаша (Арал) жағасында туғаны шындыққа келген дала пайғамбары Заратуштра тек арий шежіресін («Авеста», гаттар)  баян еткен. Ал «Авеста» – атақты «Рамаяна», «Ригведа», «Махабхаратаның» атасы ретінде мойындалған дүние. Ендеше не қисын?.. Көп стереотип қатарында мынадай да сірі көзқарас бар: Арийлер батыстан шығысқа (Үнді, Иранға) қарай көшкен. Енді бір жорамалда олар Шығыс Азиядан Үндістан түбегінің солтүстік-батысына жетіп, дем басқан. Екі жорамалдың да қисын сұрақтарына жауап бере алмайтын тұстары баршылық. Ал ол халық Ұлы Даланы өткелектей көшпей, осы жерде өсіп-өніп, Батыс-Шығысқа тараған болса ше? Бұл сұрақ қалыптасқан стандарттарға тым тосын. Әрине, ғылым Тибет, Үнді, Ирандағы немесе Батыстағы айқынырақ арий артефактыларына қол артады. Бірақ арий өркениеті ежелгі отанынан гөрі, осы, соңғы мекендерде елеулі өркендеуге жеткен (себебі, көшші халықтарда пассионарлық қуаты зор болады) немесе ежелгі отанындағы олардың терең мұрасы әлі ашылмай жатқан болса ше? Кеше ғана дүниеге мәлім болған сенсациялық Арқайым осыған меңземей ме?

«Авеста». Әлемнің біраз жұрты өзіне тарта меншіктеп келген ұлы туынды. Осыны түркі тілдеріне қатысты зерттеу кемшіндігі көп айтылды. Және бұл бағытта мазмұнды зерттеу жұмыстары жүре бастады. (Т.Еңсегенов, «Авеста» – түркілерге ортақ мұра». С.Оспанов, «…Заратушт­ра қалай деді?») Мәселені осылай қою біраз шындық бетін ашқандай. Бізге мәлім «Авестадан» «гат (хат), дэв (дәу, дию), ажидахака (аждаһа), дужахва (дозақ), мазда (лаула, жан)» сөздері аудармасыз-ақ түсінікті сөйлеп тұрған жоқ па? Аталған авторлар бұлардан әрі, «Авеста, фраваш, братрештұр…» сөздерінің түркілік табиғатын айтады. Осыған бізден бір деталь: осы күні Арал маңында (көршілес Қарақалпақта да, әсіресе, балалар жаргонында) «әри, әрию» деген сөз бар. «Бас көтеру, қатаю, әрекетке дайын болу» дегенді білдіреді. «Арий» ұғымы да «мықты, лайықты, өркеуде» мәнді. (Қытай «шаньюі» мен қазақ «шәниюін» еске алайық…) Алғаусыз үндестік және мағыналық ұқсастық көзге ұрып тұр. Ал енді Арал жағасына әлгі сөз қиян Оңтүстік Азиядан, әлде, Алманиядан келді деуге негіз бар ма? Жоқ. Анығында, асылдың сынығындай, кереметпен сақталып қалған осы архижәдігер сөз көне тарих тамырлы. (Зерттелетін сөз). Жоғарыдағы Даланы «орағытқан» тарихтардың шын түптабиғаты осылай ашыла бастайды. Мұнан шығар тұжырым: әлемдік жауһар туынды, кей ғалымдарымыз айтып жүргендей, «түркіге ортақ» дүние емес – түркі текті туынды! Бұл ретте, сол кез іргесі жақын иранда түркі сөзі мол болып шығармадағы түркілік реңк сонан деу қисынсыз. Және десеңіз, «Авестаның» отын қайта жаққан Әбілқасым Фирдоуси өлмес «Шахнаманы» тұрандық ақын Дакикидің 1000 өлеңінен дамытқанын еске алайық… «Авеста»» өзіне иман келтірген, тарихи дерегі мәлімсіздеу Шығыс Иран билеушісі Кави Виштаспаның ынтасымен тұтас бір империяның дініне айналды. Көп өңдеу, сол ортаға бейімдеу, редакциялаудан өтті. Бәлкім, Виштас­па және үмбеттер ынтасы тұсында дала пайғамбары өмірде жоқ. Әлде, Тұрандағы ағайындарының ұзақ азапты қуғынынан кейін, діндерде болатын жаңа мазхабшылар ісіндей өзіндік өңдеулерге қарсы болмаған. Әйтеуір, «Авеста» көп тезден өткен. Ең соңында Александр Македонскийдің өрт отына тап болған. Сонан қалған «Зенд Авеста» тәпсірін «Авестаның» алқындысы деуіміздің мәні сол. (Тереңдете зерттелетін бағыт).

Кезінде «Ананербе» деген атпен ізденіске шыққан бір топ, сірә, қатты адасқан. Арий отаны мен қасиеттерін олар Тибеттен емес, мына кең даладан пісенттеп іздеуі керек еді. Бірақ ол ғұламалықтар үшін біздің дала сол кез аяқ жетпес алыс, қол жетпес аңсар болатын…

Ал 4000 мың жыл ілгері тарихта жатқан қытай, б.д.д. 4-5 ғасырда ғұндар тасқынынан ұлы қорғанмен бөлектенгені болмаса, жағрафия тұрғысынан Ұлы Далаға тым жақын, қоңсы жұрт. Оның да ежелгі жазбаларында Хуанхэ-Янцзы алабына «батыстан келген» арғы аталары туралы дерек бар деседі. (Зерттеу қажет ететін мәлімет).

4.7 – 3.6 мың жылдық Миной, Микен мәдениетінен бастау алатын «жас­тау» Еуропа өркениеті және «тым жас» Америка өркениетінің тарихы осы дәстүрлердің бергі тармақтары.

Тиграхауда, хаомаварга, парадарайя сақтары, кейін «түркі» аталған біздің түп аталарымыздан бұрынырақ (көп бұрын) өмір сүрген Ұлы Даладағы (Атажұрттағы) халықтың негізі мен болмысын қапысыз пайымдау қиын. Мына ашық далада мәнді зат-айғақтар өшіп кеткен немесе әлі қолжетімсіз жерлерде жатыр. Кешегі 70 жылдық құрсаулы тарих бұл тұрғыда даланы мешеулікте қалдырды… Әйтсе де, уақыт тұңғиығына сәуле түсіретін тірі құбылыстар бар. Соның бірі – адамзаттың тіл әлемі, рухани, материалдық дәстүрлер тамыр­ластығы. Тіл – әлемге тарау үдерісінде ірге бөлектеп, мың­жыл­дықтар деформациясына көп ұшыраса да, өзінің түп негізінен белгілер сақтай алған, жады өлмес, негізін алдырмас қасиетті, жанды құбылыс. Сонысымен ол аса құнды тарих куәгері, тарихи дерек.

Еуропа «жүрегінде» орын тепкен ең ежелгі халық кельттер (б.д.д 1 мыңжылдық) қасқыр бейнелі соғыс кернейлерін – «карник», жаманшылықты «вай» («ойбай» – жамандық одағайы) деген. Түркі, қазақтың «төбе, тепесі» – «тепетль» (Океания), «тепе» (Орталық Америка) боп тараған. Африкадағы Килиманжар – мына даладағы Мұңалжар, Кракатау – Қаратау үндес. «Жол» асуы Үнді-Непал Гималайында тұр. Біз осы кезге дейін ағылшын текті қабылдап келген «Канада» үндістердің «қоныс, қонар жер» сөзі екен. «Бұғы» – «қары(қар)бұға» делінеді. Бұларға қазақы түсінік қажет пе? Америка үндістері (жалпы, оларды «үндіс» атау қиянат, «протосақтар» десе, сол жобаға келеді), Орталық, Оңтүстік Америка тіліндегі туыс табиғатты сөздер молынан дәлелденуде.

Бүгінгі әлемнің тіл әлемі. Сол қалыңнан асыл сынығындай құнды сарындар жетеді бізге. Зерде аямыз қамтыған төмендегі мысалдар: іргесі тым бөлек, әлеми мәртебесі биік ағылшын тілінен: «Уайт» (транскрипция – кең, ауқымды («ақ» мәнінен бөлек) – «байтақ» (қаз. – кең, ауқымды), «талк (тр-ция. – сөз, сөйлеу), толковать (орыс. түсіндіру)» – «талқы» (қаз. – талқылау, сөйлеу), «севейдж» (жабайы, табиғи) – «жабайы», «бейби» (сәби) – «бөпе», «голд», «золото» (орыс.) – «алтын», «солт», «соль» (орыс) – «сілті, тұз», «эрос, эрот…» – «әурет, абұйыр, ұятты жер», «ватер», «вода» (орыс) – «су» (мұнда «батыру, батыратын» деген функциональді-мағыналық үндестік) мысалдарындағы жақындық көзге ұрып тұр.

Тағы бір алыс тармақ – герман-кельт-роман тобы тілінің түп-туыстығы да дәлелденуде. Үлкен еңбек (жалпы, жоғарыдағы көп ой­ларға жолдас және үндес), салмақты зерттеу жазушы, ғалым Қойшығара Салғараұлының «Жер-жаһанда арғы атаңның ізі бар» кітабы (Астана. 2015ж.). Бұл еңбекте толымды дерек, дәйек, мысал мол. Ал тамыры ежелде жатқан алман тіліндегі бүгінгі кей сөз ұқсастығына келсек: (жоғарыдағы еңбектер қамтуынан тыс) «лекер» – «лекер», «герр», «герман» – «ер адам», «хальт» – «қалт (тұру)», «унтер» – «өндір (жас, кіші)», «лаух» – «лауқы, лақуа (күлкі болу)» сөздері немесе «Курт», «Конрад» есімдері көзге жылыұшырап тұр емес пе? Осы мысал өздерін арий жұртының тікелей ізбасары санайтын алман жұртының ежел тарихына тағы бір із сілтейді. 

Үндіарий семьясы, роман тобына жататын испан, француз немесе Шығыс жақтағы қытай-тибет, жапон тілдеріндегі туыстық сыры – бір дүние. Әрине, тілдер қасиетін тереңірек салыстыра бағамдау үшін атаулы тілдің ортасында жүру, кем дегенде, соның маманы болу мақұл. Бір тіл 5000 жыл шамасында адам танығысыз өзгереді екен. (С.Оспанов. «Заратуштра…») Әлемде осы күні 31 тіл семьясы, 69 тіл тобы бар. ТМД аумағының өзінде 6 тіл семьясы, 19 тіл тобы бар. Қалың қауым ішінде қойсан, папуас, айн сияқты, сан-тарау бұтақтар өрбіткен бізге мәлімсіздеу сөз саптау қаншама. Жіті назар осылардан көп қазына ашар еді. (Мақсатты түрде зерделенетін бағыттар). Тіл ғылымындағы белгілі-белгісіз жайттарды осылайша тізудегі мақсат – адамзат тарихының түп ақиқатын іздеу. Бұл талаптың түбінде – осы, Ататіл факторынан туындайтын – Атажұрт, Атадін ақиқаттары бой көтеріп тұрмақ.

Асылы, ислам дәуірінде енген саяси-қоғамдық әлеуетті араб, иран сөздері, кейінгі тарихтардың әлімжеттік «измдері» болмаса, Жібек жолының дәуірлі кезінде де қазақ тіліне шет сөздер көптеп кірген деу негізсіз. Қазақ тілі, негізі, өз діліне, дәстүріне берік, адал тіл. Ал ежелгі тарихта өркениеттер,  дәстүрлер және тілдердің тарау векторы, негізінен, Ұлы Даладан тепсініп жату заңдылығы, біздіңше, жоғарыда айтылғандай.

«…Көп түрік енші алысып тарас­қанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?» деген Мағжан өлеңіндегі ой іргесін арғы уақыттарға кеңейтіп, арғы мыңжылдықтарға ат қою қажеттігі ендігі тарихымызда аса ділгір. Ұлы Даладан ұлы шерулер мыңдаған жыл бұрын әлемге тарай бастаған. Көштер (көшпенділер) дәстүрі тым тереңде. Осы ретті біраз ойларымызды негіздей алсақ, заманауи ділгір сұрақтарға жауаптардың мәнді жаңа жолы ашы­лардай. (Әлем ауқымды батыл ізденістер жолы қажет). Ең бастысы, қиян қалған көне замандарда осы даладан тарап, кейін әлем өркениеттерінің сан алуан үлгілерін өмірге келтірген нешеме жұрттардың қара шаңырақ жәдігерлері, не десе де, осы шаңырақта қалды. Бүгінгі адамзаттың түп отаны – Ұлы Дала.

Әлем тілдерінен біздің зердеміз аясына түскен, аз, өте аз шамалы туыстық нышандары, сонан шығар ой жоғарыдағыдай. Біздің талап: сезген-білгенді ортаға салу, болашақта қызықты ізденістердің жаңа бағыт­тарын аша ма деген бір үміт, жазушы өресі жеткен ойлар.

Жекелеген халықтардың алуан наным-сенімдерінен жоғарырақ, сол сенімдердің бастауында тұрған бір Атадін болуы мүмкіндігін де пайымдау аса мәнді… Классикалық дін – бір Жаратушыға иман келтіру шартына негізделген. 7 мың жылдық тарихы бар делінетін Тәңірі діні, міне, осы шартқа жауап берген ғана емес, соның бастау-көзін ашып тұрған феномен. Ежелгі өмір өрісі, тіл, дін – бір-бірімен тамырлас кешенді құбылыс. Арийлер заманының Тәңірі діні кейінгі тарихтарда будда, кришна, иудей, христиан, ислам діндері боп өркенді-өрелі бұтақтар тармақтады. Біздің тұжырымдаушы, қорытындылаушы дін постулатын еске ала отырып, Тәңірі дінін біздің көзіміз жеткен Тарих көкжиегіндегі ең ежелгі дін, діндердің атасы деп айтуға уәж үлкен. Бір Жаратушыға, Оның періштелеріне, Пайғамбарларына, Қиямет Күніне иман келтірген барлық канондық діндерді тұжырымдаушы абзал дініміз мұны жоққа шығармас.

Бала кезімізде ертегі нәмінде айтатын көнелер сөзінде «қиямет-қайым болғанда, он сегіз мың ғаламды бір тарының қауызына сыйғызармын» деген Жаратушы кереметін еститінбіз. Жай, ертегі еді… Енді бүгінгі ғылым «мына ғарыш түпсіз вакуумдағы бір нүкте жарылысынан пайда болып, сұрапыл қозғалыста, секундтың миллиардтан бір бөлігінде осыншама кеңістікке тарап үлгерді» деген сенсациялық тұжырымға келді. Ендеше, сол ғарыштың бір тарының қауызына қайта барып сыйып кет­пе­сіне кім кепіл?.. Ең мәндісі, ертегі деп жүрген көп жайт ақиқат тұғырына қонақтады. Осы қисын бір текті адамзат туралы ойды да шындық тұғырына орнықтыруды ғылымнан да, саналы ойдан да талап етіп тұр.

Өркениеттер туыстығын сезіну – әлемде барақатты өмірге бастар жол. Осы күні дәйек-негізі аз болса да, дүниеде Атажұрт, Атахалық, Атадін мәртебесіне таласқан том-том кітаптар жарық көріп жатыр. (Кей көңілдер аспанға негізсіз ұмтылады). Бұл жайт, кейде, ақиқат ізін қисынмен іздеушілерді ыңғайсыздыққа қал­ды­рады. Жеңіл сән қуу, еркіндіктің балалық ауруы деген сияқты…

Ұлы Дала, Тұран – Қара шаңырақ қасиетін ұстап қалған киелі мекен. Ата шаңыраққа саналы ұлдар тәу еткен, оны кие тұтқан. Ататіл қасиеті де сондай. Атадін қасиеті де сондай. Анығы, азаттық ауанында, өзімізді де, төрімізді де тым зор санамай, тек шындыққа жүгіне, ақиқатқа қол тапсырсақ, мына кең дала жұртының әлем қауымдастығы алдындағы мәртебесі биік болар сыңайлы. Бүкіл ғалам «Атажұрт» деп, бұл далаға тәу ете жосылып келеді деп отырған біз жоқ. Біздің мұрат – Ұлы Дала кереметінің жаңа қырлары ашылар сәттерді жақындату.

Бұл мақала «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Арий-Заратуштра-сақ: түп тарихымыздың терең арнасы» (2005 ж.) және «Ұлы Дала: тамыры терең өркендер бастауы» (2011 ж.) еңбектерімнің жалғасы

Сайлаубай Жұбатырұлы.

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<