Ауылдағы жеңешем

1793

0

Белгілі жазушы, жерлес ағамыз Адам (Ұзақбай) Мекебаевтың «Аралдағы жеңеше-ай» дейтін өлеңі бар. Әнін Нұрғиса Тілендиев жазған. Адам ағам – біздің елдің азаматы, Сыр бойының жігіті. Алматы қаласында тұратын қатар-құрбылар бас қосқанда осы әнді айтамыз. Ән салуға бейім, өнерлі отбасы Алдаберген Оспанов пен Роза Қыраубаева жалпы әнді нақышына келтіріп орындайды. Осы әнді тіпті жандырып айтады. Алдекең әлеуметтік желіден белгілі, танымал жұлдыздар – Ақыл Алдаберген мен Диана Алдабергеннің әкесі.

Туған жерден жырақ жүрген азаматтар үшін жүректің түкпіріндегі қоймаңды ақтаратын, туған жердегі аяулы жандарға деген сағынышыңды басатын көркем дүниенің бірі. Әннің не екені мұрныма да бармайтын менің өзім ыңылдап бұл әнге қалай қосылып кеткенімді байқамай қаламын. Әннің мәтінін жариялай кетейін:

Аралдағы жеңеше-ай
Аумайсың жас баладан, жас баладан,
Ақ көңілім сен менің.
Өзіңді іздеп астанадан,
Құстай ұшып келемін-ай, жеңеше-ай.
Қайырмасы:
Аққуындай аралдың,
Қандай нұрдан жаралдың
Жадыраған жаның гүлдей жеңеше-ай,
Мінезіңді сағындым ғой,
Аралдағы жеңеше-ай.
Жеңеше-ай еркелейін, еркелейін,
Сенің ерке жаныңа.
Бұлбұл әнін мен төгейін,
Өзің еккен бағыңа, беу жеңеше-ай.
Қайырмасы:
Жеңеше-ай, ақ жүректі, пәк жүректі,
Ағаның өзіндейсің.
Кездеріңді сағындым ғой,
Наздана әзілдейтін.
Қайырмасы.

Дәл осы әнде суреттелетіндей жеңешем менде де бар. Дуалы ауыз ақсақалдардың «Жанға да, малға да жайлы майлы түбек екен» деген теңеуіне сай Қармақшы ауданының «Майлыөзек» ауылында тұрады.

Қарпықұлы Текей Батырдың алты баласы – Ұлтай, Абақан, Аққөбек, Құтпенбет, Кеген, Шымырбай аталығының балаларын біздің елде бөліп-жармай «Текейлер» деп те атай береді. Әлі күнге дейін аға-інілік ізетін жоймаған, үлкенінің алдын кесіп өтпейтін тату-тәтті тірлігіне қарай ата баласының іргесі сыйластықпен қымталғандай. Ағайынның бірлігіне үш ғасырдан аса мерзім де көлеңкесін түсірген емес. Тектіліктің тереңінен өсіп-өнген кешегі шалдардың өсиеті әлі талай ұрпаққа азық болатын шығар.

Текей батырдың бір баласы – Абақаннан жеті бала тарайды. Олар – Ырыскелді (ұрпақсыз кеткен), Шойқы, Жанғабыс, Байғабыс, Қыдырбай, Қарабай және Түйте. Абақанның осы алты баласынан тараған ұрпақтың алты құрылыққа жайылмаса да алты алашының түкпір-түкпіріне тарағаны анық.
Қазақтың маңдайына жазылған жазмышы ұлтымыздың тыныс-тіршілігі мен салт-дәстүріне өшпейтін дәстүр сабақтастығын қалыптастырды. Ауыл-аймақ пен ағайынға серілігімен белгілі, жеңгелерінің айтуына қарай «әр етігін киюге бір сағаттай уақытын жұмсайтын», мінезі шаһар, астындағы жорғасын әспеттегенде алдына жан салмайтын Әбілдаев Сары деп аталатын әкемізді менің атам, Сүлеймен аяқтандырған екен. 

Еншісін беріп, елдің қатарына қосқан, бала-шағасына аға қылған. Сарының үйіндегі келіні Фатыма шешей бала тумағасын бір қызы Күләнданы бауырына салыпты. Сары әкесінің тентектігіне сай мінезді Күләнда Сариева апам Қызылорда қаласына жақын жердегі Тасбөгет қалашығында тұрады. Сейділда жездем екеуі өнегелі ұрпақ тәрбиелеген, немерелерінің қызығына батып отырған бақытты ата мен әже.

Немерелерінің ішіндегі ұлдың үлкені болғандықтан, мен бірден кемпірдің баласы атаныппын да, «Сүлейменнің кенжесі» деген абыройлы атақты сынақсыз иеленсем керек. «Жаңақала» совхозына көшіп барып, жаңа құрылған совхоздың қым-қуыт тірлігіне араласып кеткен үйге, Өрік әжеміз отырған қара шаңыраққа арнайы келген Сары әкеміз маған қолқа салыпты. Өле-өлгенше шалының құрметіне бөленген, шалының еншілес інісінің қолқасына Өрік әжем де, баланың билігінен әлдеқашан айырылған әке-шешем де қарсылық көрсетпеген көрінеді. Құдай алдында да сұрауы жоқ деген уәдеге сай әкем ауылдық кеңеске барып фамилиямды «Сариев» деп өзгертіпті те, аяқтанғанша өсіп-өнсін деген ниетпен өзім «жат жерде» қала беріппін.

Бәлкім құдайлық іс болар, әлде «біреудің баласына» дұрыс қарамады ма, ауырушаң болып елдің де, елдегі дәрігерлер қауымының да мазасын алыппын. Ем іздеп Алматы мен Тәшкенге барған дақпыртым Сары әкемнің құлағына жетсе керек, «Майлыөзектен» арнайы келіп, «Менің шаңырағымда өліп кетіп жатса, өмірі өкініші кетпес, Алланың алдында ризамын, балаларыңды қайтарып бердім» деп батасын берген көрінеді. Бұл жайдан хабары бар көзі тірі үлкендер жағы мені әлі күнге дейін Сариев деп қабылдайды.

Жақсы орын қай кезде де көп бос бала бермеген ғой. Қармақшы өңіріне белгілі ұста Сәдуақас Елемесов әкеміздің немересі Мақсұт ағам Сарының шаңырағына үйірсектеп жүріп, ақыры Сариев атанып тынды. Сарының шекпенініне оранған Мақсұт ағамның абыройы бүкіл абақандардың алдында әлі күнге дейін төмендеген емес. Тек өмірден ертерек кетіп қалғаны болмаса. Менің ауылдағы жеңешем Гүлшат Сариева осы шаңырақтың келіні. Мақсұт ағамның аяулы жары.

Сары әкеміз 1981 жылы қайтыс болды. Ішінде әкем Зинабыт Сүлейменов те бар, айырағаштың* азаматтары арулап шығарып салды. Фатыма әжеміз ұлы мен келінінің алдында 2009 жылдың 1 тамызы күні дүние салды. Шатақ шалының қасында тыныстап жатыр.
Шаруасына мығым, ыдыс-аяғының сылдыры білінбейтін Гүлшат келінін менің шешем де өмір бойы құрметтеп өтті. Енесінің көйлегінің жағасына кір жұқтырмаған, шаңырақтың тірегіне айналған Мақсұттай азаматын қадірлей білген Гүлшат келініне деген ықыласы ерекше еді. «Көргенді жердің баласы, Құлыс-Кетенің қызы, сіңлім ғой» – деп аялап отыратын.

Бір әулеттің үмітін жалғаған, түтінін үзбеген менің Гүлшат жеңгем үйдің ішін бақытқа да, балаға да толтырып жіберді. Балаларының тірегіне, немерелерінің сүйенішіне айналған берекелі жеңгемнің шаңырағы уақыттың көшіне ілесіп келеді. Ең бастысы абақанның бір аруақты шалы – Сарының аты өшкен жоқ. Сариев атанатын қарадомалақтар Гүлшат жеңгемнің айналасын қуанышқа бөлеп жатыр.

Көңілімнің терезесінен үнемі қарап отыратын ауылдағы жеңешем аман болсын деймін.

Бекжан Сүлейменов .

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<