Ауылдағы үй.

2536

0

Қандай рахат, ауылдағы үй деген,

Үйге келсем керемет бір күйге енем,

Туған үйден алыстатты талайды

Қу тірліктің қамыменен күйбелең.

Қандай көңіл босамауға шыдасын,

Сағынғанда көздің жасын сығасың,

Қанша алыста жүрсеңдағы осы үйде

Бір тартылыс күштің барын ұғасың

Ыстық болып көрінеді рас бәрі,

Апаң берген, құрт-қаймағы, қаспағы,

Шын бақыттың мекені, ауылдағы үй,

Ауылдағы үй-бақытыңның аспаны.

Бәрі осында балалықтың бал дәмі,

«Үйден кету тезірек» деп арманым

Арманымды қуып кеттім алысқа,

Ал,түсімде шақырып тұр шарбағым.

Шаң көтеріп шарбағыңның ішінен,

Нан жегізген кір қолыңның күсімен

Ауылдағы үйде қалған балалық

Көп адамның кетпей жүр ау түсінен.

Әттең уақыт, ұстатпайсың бізге енді,

Сағындырдың апам берген сүзбемді,

Қала жақта қалып қойған бауырлар

Ауыл жаққа шақырамын сіздерді.

Болмашыға таусылмайды төзімді ер,

Жерге бірақ тастамайды сөзіңді ел,

Ауыл жаққа шақырмайды сені ешкім,

Шақыртуды күтпей-ақ қой, өзің кел!

Барлығыңды күтеді ауыл жолдары,

Ауыл деген жан дүниеңнің қорғаны,

Жұма сайын келмей ақ қой, ауылға

Жылына бір соғып тұрсаң болғаны…

****

АУЫЛҒА ҚАЙТАМ

Өмірге мынау жетелеп бізді мың үміт керім,

Өтіпті ау біраз уақытым бүлініп менің

Тасыған кезде мерейім, тәубеме келіп

Қарапайымдылық өлмейтін ұлылық дедім.

Ойланып келем, ойлардан бас қатты әкең…

Ойлануменен өмірім босқа өтті ма екен

Ата-анам қалған ауылдан ұзап, арманды

Қаладан табам деу кейде асқақтық екен.

Мұңына батып қаншама күйбең ғұмырдың,

Мінезін таппай адасқан бейнемді көрдім,

Адалдығын байқамай ма екен адамдар

Мендегі ыстық жүрекпен сүйген көңілдің…

Өкпелетсе де өмірге күле жүр қарғам

Күншілге күлкі қылмашы бір өзің, Аллам

Адасқан сәтте ауылға қайтқым келеді

Құдайдан ғана қорқатын, мінезім қалған…

Шарапат Раушанбек

Қазалы ауданы, Қожабақы ауылының тумасы.

Облыстық, республикалық мүшәйралардың жеңімпазы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<