Басты парыз

552

0

(Әңгіме)
Олар көрші тұрды. Екеуі де шаруаның балалары, бір жылғы төл. Ауыл мектебінде қатар отырып, білім алды. Жеті сыныптан кейін  қаладағы интернатта оқыды. Біреуі Алматы, екіншісі Мәскеу институтын тәмамдады. Содан бері туып-өскен ауылын көрген емес. Өйткені, жоғары оқу орнына түскен жылы ата-аналары қалаға қоныс аударған еді.
Асқар жолдамамен Ресей өңірлерінде жұмыс істеді. Кеңес Одағының дәуірлеп тұрған кезі. Свердловск шаһарында маши­на құрастыратын ірі зауытта еңбек жолын бастады. Әуелде қатардағы инженер, сосын ауысым басшысының орынбасары, кейін басшысы қызметтерін табысты атқарды. Абырой болғанда, екі жылдан кейін ауылға келген демалысында мектепте бірге оқыған қызбен кезігіп, көңілдері жарасып, жұмысқа екеу болып оралды. Жақсы пәтерге иелік етіп бұл жерге де сіңісіп қалған. Түбінде елге оралайық деген ойлары да жоқ емес-тұғын. Жасы қырыққа жетер-жетпесте зауыттың бас инженері атанды. Бұл – мүлде осында бекіп, нығайған деген сөз. Жыл сайын бір айға елге барып келгендеріне риза. Бара-бара ол да сиреді. Өйткені, ата-аналары бақилық болған, қал­ған туған-туыстарының өз қызығы өзімен. Жылына бір мәрте Қырымға баруды әдет етті. Зейнетке шыққасын елге оралып, Алматыға қоныстанған.
Әділ – Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының түлегі. Алғашқыда совхоз механигі қызметін Қазақстанның терістік өңірінде бастады. Жергілікті қызбен табысып, отбасын құрды. Өзі болса оңтүстіктен қазақшаға мықты, келіншегі орысшаға пысық. Зайыбы есті азаматша, қазақылығы мол өңірдің тәрбие-үрдісін қағып ала жөнелді. Балалы-шағалы болды. Талапты, еңбекқор Әділ қоғамдағы орнын иеленді. Шаруашылық бас инженерлігіне көтерілді. Мұнда ол қабілетті екенін көрсеткен үстіне ұштай берді. Өндірістің күрделі істеріне араласып, қолайлы шешімін табуда оның мықты іскерлігі айқындала түсті. Жұрт көзіне ілікті. Совхоз директорлығына биіктетілді. Өңір ауыл шаруашылығына мол еңбек сіңірді. Зейнетке шыққасын Алматыға бет бұрды.
Бұлар сыныптас достарымен азды-көпті байланыста болды. Дегенмен, не себепті екені белгісіз олардың екеуара қатынас­тары жоғары оқу орнына түскесін солғындап, үзіліп кеткен еді.
***
Сексенді алқымдаған Асқар немересімен «Мега» ойын-сауық орталығына келіп, оны ойын алаңына жіберіп, өзі ұзын, зәулім коридорда тыныстап отырған. Сәлден соң қасындағы кең орындыққа әдеміше сақалды қария  жайғасты. Екеуінің жас шамасы қатарлас сияқты.
– Ақсақал, сіз де мен ұқсап немереңізбен келдіңіз бе? – деді ол.
– Иә, дәл солай. Мұны қалай біліп қойдыңыз? – деді Асқар.
– Е-е.., білмейтін несі бар? Казір қауқарымыз немеремен теңескен кез ғой. Мен оған көз қырымды салсам, ол мені бағады емес пе?! Ныспыңыз кім болады?
– Әділ.
Осы сәтте Асқар біреу түртіп қалғандай селк етті.
– Фамилияңыз қандай еді сіздің? – деді ол, жұлып алғандай.
– Арғынбаев.
Асқар одан сайын таңданып, орнынан тұрды. «Ендеше, мен Асқар Малдыбаевпын!», деді… Бағанадан бері жәйбарақат отырған кісі де жедел орнынан тұрды.
– Ау, сен шынымен Асқар Малдыбаевсың ба?!..
– Сен, сонда Әділ Арғынбаевтың өзісің бе?!..
Екеуі бірін-бірі қатты қысып құшақтасты. Міне, керемет! Он­жылдықты бітіргелі кезігіп тұрғаны. Алматының екі бұрышында соншама уақыт тұрса да жолықпапты. Осындай да болады екен. Біріне-бірі қызыға қарайды. Уақыт құдіретімен көмескіленген балалық кездегі түрлерін қинала да қуана еске алып, алдында тұрған қарттан ұмытылмас балаң кездегі әлпеттерін іздеп ши­рығады екеуі де…
– «Алыстың қашықтығынан кейде жақынның алшақтығы басым түседі» дегені тура келді-ау! Бұл қайсымыздан? Сенен бе, жоқ, әлде менен бе, Асқар? – деп таңданды Әділ.
– Әділ, бізге бұйырған талайлы тағдыр шығар бұл, «Кеш табысқанның құты мол» демеуші ме еді бабалар, қалай болғанда да бір-бірімізге екеумізден жақын жан табу қиын! Өйткені, қойрытпағы мол өмірдің сүреңсіз әсерінен бүлінбеген балалық шақта арамызда қалыптасқан шынайы достық бар.
***
Алматыда ұзақ тұрып, қартайғанда кездейсоқ жолығуы бұ­ларды қатты толқынысқа ұшыратты. Өйткені оларды бірік­тіретін – жарты ғасырдан ас­там әрідегі балалық шақтары. Кездесе қалса әңгімелерінің бас түйіні – өскен ауылы мен жас­тық шағы. Жеке бастарында болған өзге оқиғаларға онша мән бермейді. Өйткені, олар ортақ емес. Мектепті бітіріп жоғары оқуға түсіп кеткесін екеуі де туған ауылына бармапты, бір кө­руге армандапты. Бірақ, сол мақсат әлі орындалмаған. Қан­шама ірі қалаларда, неше шет елде болғандарын айтқанмен, қызықтырмайды. Бұларды алтын балалық шақта шаң топырағына аунаған  ауылы ғана ерекше толғандырады.  
Енді ойлағандарына жетті. Ұлдары екі жүрдек көлікпен қос азаматты немерелерімен өскен ауылына алып келеді. Ауылын аңсап, сағынғандығы сонша, көш жерде жапсарлас жатқан ел­ді мекеннің өзі көздеріне оттай басылды!.. Енді шамалыдан соң туған жер де шаң береді. Өзек көпірінен де өте шықты. Жүректері дүрсілдей соқты… Екеуінің де көзі алда!.. Бірақ, үй­лер көріне қоймады. Көліктер жылдамдығын бәсеңдетпей келеді. Кенет Асқар:
– О, Астапыралла! Мектеп! Мектеп алдындағы екі тал ғой, анау! Тоқтат! – деп, айқай салды жан дауысымен.
– Иә-иә, дәл өзі ғой! – деген, Әділдің де зор үні қосарлана шықты.
Көліктері бұрылды. Асқар мен Әділ көңілдері ойран-асыр, астаң-кестең, нақ шілденің күні үстеріне құдықтың бір шелек тастай суын төңкере салғандай. «О, Алла, жарты ғасырдан асқасын ауылымыздың орнын бүгінгідей сипап қалатынымызды күтіп пе едік? – деп, қапаланып, қатты қиналды Әділ.
Оқыған мектебінің маңына келді. Жаны үлкен төмпешік. Оқу ғимараты алдында екі тал болатын. Сол тал екеуінің де есінде. Мектеп тұсы екенін осы екі талдан білді. Үзіліске шыққанда көлеңкесінде тұрушы еді бұлар. Ығындағы оқушымен бірге, терезе қапталындағы партада отырған баланы ауыл шетінде шалқыған көл үстінде тұрып алатын күннің шақырайған көзінен қорғаштайтын осы екі тал. Әлдеқашан қураған талдардың шошайған екі-үш үлкен бұтағы ғана жарықшақтанып тұр.
– Кезінде маңы құсы көп шалқар көлдермен көмкерілген, қоралары көгерген егінмен, саялы ағашпен толы болған туған жер бізден теріс айналып  жатыр ғой, Әділ!
– Несін айтасың, Асқар. Ауылымыздың осындай келмеске бет бұрғанына өзімді кінәлі санаймын.
– Бізде не кінә болсын, онда жас едік. Бұрын өмір сүрген, ара­ны ашылған адамдардың істегені ғой бұл! Ол бәтшағарлар «адамға қатыгездік жасама!» дегенді мүлде естімеген. Шіркіндер, адам түгілі, ұлы табиғатты да аямады.
– Оһ, дәурен-ай, туған жердің осындай кейпін көрем деп кім ойлапты?
– Иә, көңіліміз құлазып кетті-ау, Асқар. Бәрібір, мен бүгін туған жерімді көріп, ұмытылмас балалық шағым өткен топыраққа келіп толқып тұрмын.
Осы  сәтте Асқар есі ауған адамша жерге аунай бастады. Оған қарап Әділ аң-таң. Анау бір аунайды, бір тұрады. Қайтадан аунайды. Аунап жатып күбірлейді. Көзін ашпай бірдеңелерді айтады.
– Ата, сізге не болды, үстіңіз былғанды ғой! Абайсызда құлап қалғанда «киіміңді бүлдірдің» деп ұрысатын едіңіз, – деді немересі жақындай бере. Бұған құлақ асар атасы жоқ.
Әйтеуір бір мезетте  тұрды-ау. Үсті-басы ақ ала, шаң, топы­рақ. Мұны ол байқайтын емес. Немересі жақындап үстін қақпақшы еді, жолатпады.
Әділ оған жақындады, жүзіне көзі түсті. О, Тәңірім! Жанарында жас мөлтілдейді. Әділге Асқардың нәзік бостығы қызық көрінді. Ол мырс етіп жымиды.
Туған жер алдындағы обал мен сауаптың мәнісін бұлар осыған дейін ойламапты. Бірақ, қолдарынан келері аз. Шамаларының келгені – осы. Киелі топыраққа келіп, бүгін бастарын иіп тағзым етуде.  
***
Кезінде жүзден аса түтіні бар ауылда үш үй ғана қалыпты. Асқар мен Әділ солардың біріне бас сұқты. Үй иесі жетпіске аяқ басқан Ақбас атты азамат. Ауылдың  көгеріп, қанатын кең жайғанын көрген. Бұрын нулы жердің суы қайтып, күнкөріс көзі жойылғасын жұрт үдере көшіп кеткен. Бұл барар жері бол­мағасын осында қалып қойған. Басты күнкөрісі – мал. Ел қарасы көбейгенін аңсайды, күтеді.
Шілденің шіліңгір ыстығының қақ ортасы. Ақшам кірер мезетте олар Ақбас үйінің сәкі­сінде шай сораптап ұрттауда. Күн ыстық, қапырық. Бірақ, маса ызыңдамайды. Құдды көшкен елмен олар да ауып кеткендей. Шаңқай түсте сиырлар сонадан көлеңке іздеп қорғанса, жылқылар көлге түсіп, бауырын суға тығатын. Кеш түсе, бас көтеретін жаудай масаны әркім қолындағы жылқының қыл құйрығынан жасалған ысылдаған желпуішпен үркітсе, шаңлақтағы малды түтіндік салып арашалайтын. Ендеше, бұл ауылда маса да, сона да қалмапты. Дарылдаған сона мен ызыңдаған маса сол кезеңдегі ауылдың сәні екен. Оны да аңсайтын күн туса қайтерсің?!
Жол қағып тастады ма, әлде Алматыда түстіктен кейін сәл-пәл тыныстап алатын әдетіне салды ма, Әділ шайдан соң жастыққа бас қойды. Сол-ақ екен ұйықтап кетті. Түсіне ақ жаулықты әйел енді. «Балам, тым кеш келдің ғой. Өзің салқынсың. Досың менің құшағыма кіріп жатқанда сен сабаз тырп етпедің. Қайта оны мысқылдап, күлдің-ау!» деді Жер-ана.
– Бұрын келмегенім, өзге өлкеде ел үшін қызмет жасадым, – деді Әділ.
– Жоқ, сен өзіңнің күнкөрісіңді айырдың. Мұның сылтау ғана. «Ит тойған жеріне» дегенді білемісің, балам?
– Сонда мен не істеуім керек еді?
– Сеніңше, менің осы кейіпке келуіме өзгелер ғана кінәлі. Олардың көпшілігі жер қойнауында. Енді кімнен көмек күтем?!.. Бірақ, екеуіңе ризамын. Әйтеуір, кеш болса да келдіңдер. Мұнда бір соқпай өмірден көшіп жатқаны қаншама!  
Әділ ояна келе күрт өзгерді. Кештетіп жолға шығамыз дегенді тоқтатты. Осында түнейтін бол­ды.
***
Олар құлқынсәріде оянды. Бір көлікпен екеуі ауылды аралады. Балғын балалық уақта шаң­лақта малға түтіндік салып, сол алаңда кешқұрым ескі-құсқы шүберектен домбалдап орап байланған доп қуған мөлдір де таза кездерін еске алды. Ауылдың әр тұсына барды.
– Мына соры шығып, топырағы ұлпаланып жатқан көлтабан суға толы болатын. Шілденің соңында тартыла бастайды. Суы бір-екі қарыстан аспайтын шағын көлшіктерге бөлініп қалады. Бәріміз жиналып құйрық керме құрып балық аулаймыз. Тырдай жалаңашпыз, лыпа жоқ. Лай суда қатар отыра қалып алдымызға келген балықты ұстаймыз. Кейде олар екі бұтымыздың арасында тулап қытықтайды, біз соған мәз-мейрамбыз, – деп есіне алды Әділ.
Бұрын өгіз арба таптаған жолдардың ізі ғана білінер-білінбес, бұталар өсіп көрінбей қалған. Дегенмен, Әділдің ықпалымен бұлар жүрдек көліктің қуатын пайдаланып, мекеннің әр тұсына бас сұғуда. Міне, ауылдың терістігіне де келді.
– «Асқар, есіңде болар. Бекен атты бірге оқыған баланың үйі осы   шетте еді. Әкесінің аты – Ережеп. «Ережептің тауықтары ұшып жүр» деген сөз тараған сонда. Ол кісінің үйі бұталары қалың тұспен қапталдас. Үйдің тауығы құрық болып балапан шығарады. Шамасы, жиырма-жиырма бес балапанды үлкен қоңыр тауық «құрқ-құрқ» деп ертіп жүрсе керек. Бір күні иесі балапанның қарасы көбейгенін байқапты. Бірақ, санамапты. Қазақ о бастан ырымшыл ғой. Тіпті баласының санын айтпайды.  Ережеп  ағай қайда кетсін, ол да ырымшыл. Балапандар қарасының өзгергенін тексермепті. «Құдай берсе, нем бар санап» деген шығар. Не керек, бір күні екі айлық балапандар ұша бастайды ғой. Сөйтсе, үйдің балапандарына қырғауылдың он­шақты балапаны қосылыпты. Анасы қатерге ұшыраған шығар. Сөйтіп, бұтаның арғы тұсында шиқылдап жүрген үй балапандарына қосылған болар. Жас кезінде тауықтың балапанын қырғауылдың балапанынан айыру мүмкін емес. Сол балапандар пыр-пыр ұшып кетіп түзге жайылып, сәлден соң тағы ұшып келіп Бекен шашқан жемді шұқитын көрінеді. Ендеше, ол кезде адам мен табиғаттың тамаша үйле­сімде болғанының куәсі емес пе осы? – деді Әділ.
– Есімде қауын суарғанда суға толған қарықтарда арқалары қарайып жүретін сазандар. Қайырлап қалған мөңкелерді жинап аналарымызға береміз.  «Тәңірінің берген несібесі ғой бұл да» деп, тәубе білдіріп жата­тын еді аналарымыз.
– Кеше сен тың мінез көрсеттің, баршамызды таңғалдырдың, Асқар. Мектеп маңында топыраққа әбден аунадың. Неге өйттің?
– Соған өзім де таңмын. Санамнан тыс күш жетеледі ғой мені. Білмеймін, сол сәтте мені дүлей сезім билеп, орап алды. Ата-анам көз алдыма келіп тұрып алды. Сол ардақтыларым бол­маса, осы топырақ болмаса, мен келер ме едім жарыққа? Жерге аунап, ата-анам құшағына кіргім келді ғой менің. Бастапқы бір-екі аунағанымда топырақ салқын көрінді. Қайдан білейін, бәлкім, туған жер бізге өкпелі де шығар? Бірақ, сәлден соң сол топырақ маған өзгеше жылы көрінді. Кім білген, бұл туған жердің бізге деген ықыласы ма екен? Шынымды айтсам, «Туған жер топырағына барып аунап қайттым» дегенді бұрын естігенмін. Бірақ, кешеге дейін соның не екенін  білмеппін де, сезбеппін де. Мұны айтып жеткізу қиын, Әділ.
– Онда туған жер келгенімізге риза шығар.
– Солай ма? Ендеше, туған жер де анаңдай болғаны да. Бала кезімізде талай аңғал тірлік жасадық. Анамыз ренжіген. Ұрысқан, кейде тіпті шапалақ тартқан. Бірақ, шамалыдан соң айналып-толғанған, бауырына басқан. Міне, ананың ыстық көңілі осы. Онда, алғашқыда салқын көрінген туған жердің топырағы сәл­ден соң жылығаны оның бізді кешіргені,  сағынышын басқаны шығар. Өз ұрпағын қабылдап, қолдағаны да.
– Бізді адам қылған, дүниеге әкелген осы жер емес пе? Ендеше, туған жер құшағына неге кірмеске? Менің Құдай алдындағы сырым осы, досым. Ойда-жоқта топыраққа аунағанымның құпиясы сонда. Шынымды айтсам, көзімді жұмып жерге аунағанымда бетіме ана алақанының ыстығы келгендей болды.
Әділдің жүрегі біраздан мазалап жүрген. Дәрігерлер аздап ем-дом жасап, енді шамаңызға қарап, күтініп жүріңіз деген еді. Күнде ішетін үш-төрт дәрі­сі ылғи жанқалтасында. Кешқұрым сол дәрілерді іш дегендей жүрегі хабар беретін. Кешелі бері Әділ дәрі ішуді мүлде ұмытты. Жүрегі де сыр берген емес. Дүниеде мол өмір сүріп, көп көрген қариялардың сөзіне қарағанда үстінде жалаңаяқ, жалаңбас алақайлап шауып жүр­ген балалардан туған жер қуат алады екен. Сөйтіп, сол күшті пайдаланып түлеп, көгеретін көрінеді. «Бір алмақ, бір бермек» демекші, адамның ұлғайған шағында туған топыраққа келіп аунағанында Жер-ана күш-қуаты азайған  ұрпағын қолдап, демеп, ертеде қарызға алғанын кері өзіне қайтаратын көрінеді. Ендеше, Асқар мен Әділдің  қазір өздерін қунақылау сезінгені осыдан бо­лар.  
***
Ақбас отбасындағы түстіктен соң ауылдағы өзге үйлер жөнінде әңгіме қозғалды.
– Ауылдың ежелгі тұрғыны – Беркімбай ақсақал. Ол кемпірі, ересек немересі үшеуі тұрады. Балалары қалада, – деді Ақбас.
– Олай болса, бұл кісіні білуіміз керек қой, – деді Асқар.
– Ол азаматтың жасы бізбен қатарлас көрінеді. Мұндай атты баланы мен білмеппін, – деді Әділ.
– Онда мен сіздерді сол үйге алып барайын, – деп Ақбас жинала бастады. Кең ауланың ішін­де Беркімбай ақсақал күрек саптап отыр.
– Бәке, ассалаумағалейкүм, халыңыз жақсы ма?! Мына кісілер Алматыдан келген екен, – деді Ақбас. Сақал-мұртты Беркімбай қонақтармен жылы сәлемдесті. Сақалы үлкейтіп көрсеткені болмаса, ол қызыл шырайлы, бетінің әжімі де онша бай­қалмайды.
– Алматыда туыстарым бар дегеніңді естігем жоқ, – деді Беркімбай Ақбасқа бұрылып.
– Біз сонау ертеде осы ауылдың жетіжылдық мектебін бітіргенбіз. Менің атым – Асқар, досымның аты – Әділ, – деп  Асқар сөзге араласты.
– Сен Асқар Малдыбаевсың ба, сонда? – деді Беркімбай ақса­қал.
– Менің сойымды қайдан білесіз?
– Сенімен бір класта оқысам қалай білмейін. Мені Бекен деуші едіңдер.
– Астапыралла, сен Бекенбісің? – деп оны құшақтай алды үндемей тұрған Әділ. Содан үшеуі шүйіркелесіп, қайта-қайта құшақтассын.
Бәрі үйге кірді. Шай ішті. Дастарқанда сексеуіл шоғы астындағы табадан жаңа шыққан, шетіне күл жабысқан қызыл-қоңыр ыстық бидай нан, тал көлеңкесіне төрт тіреуішке бекіген шидың үстінен сәскеде жиналған майлы жұмсақ құрт, тораңғылдың піскен күз жапырағындай сары май, салған қасықтан айырылмай созыла түсетін жантақтың бозғылт балы, іріткі ретінде қозының мәйегі пайдаланылған, тіске бассаң, ери кететін қызыл ірімшік. Беркімбай ақсақал әңгімесін бастап кетті:
– Жеті кластан соң еңбекке араластым. Оқуға онша ықыласым болмады, оны өздерің де білесіңдер. Ерте үйлендірді мені ата-анам осы ауылдың қызына. Балалы-шағалы болдық. Олар қа­лада тұрады. Тірліктері бар.  Кемпірім екеуміз қолдың сүтін, қатығын ішіп, құртын, майын, ірімшігін жейміз. Жанымызда қолғанат немерем бар. Балаларым апта сайын қатынайды, керегімді жеткізеді. Біз де оларға сүт, май, құрттан ауыстырамыз. Осылай күн көріп жатырмыз.
Мектепте оқыған уақытта кәрі атам бар болатын. Мені жақсы көруші еді ол жарықтық. «Қарағым, балам, туған жеріңнен қолқабысыңды аяма» дейтін еді ол кісі. Осы сөзге кезінде мән бермеппін. Қызық кейін басталды. Жұрт жау тигендей жаппай көше бастады. Біз де көшуге ыңғайландық. Оған себеп – ба­лаларым. Сол уақытта ертеде атам айтқан сөз есіме түсті. Сөйтіп, көшуден бас тарттым. Сонау жылдары мынау Ақбас екеуміз едік. Қазір тобымыз толықты. Сендерден жасырып қайтейін. Бір жағы мені осы жерге ұстап отырған  – ата-баба қорымы. Әкем Ережеп, анам жатыр сонда. Оразада, Айт күндері, жұмада жағдайым келгенде барып дұға оқимын. Оларды тастап кете алмадым. Ертең өзім де сонда жатамын, – деп сөзін жалғады Бекен.
– Беке, сіздің аулаңызда оншақты тал өсіп дараққа айна­лыпты. Ал, бұрын сол талдар әр үйдің жанында мол көлеңкесін жаюшы еді. Соны өз көзімізбен көргенбіз. Қазір біреуі де қалмай, қурап қалыпты, – деді Асқар.
– Менің осы талдарға жасап жатқан артық күтімім де жоқ. Олар өзі өсуде. Ал, кезінде қолдап егілген, иесіз қалған талдар, ша­масы, олар да адам сияқты жалғыз тұра алмайды екен, жетім­сірейді, қиналады. Олардың мінез-құлқы жабайы шеңгел мен жыңғылдай емес. Мектепте «Өлі табиғат» деген пәнді оқыған едік. Сөйтсек, өлі табиғаттың да жаны болады екен. Өмір бойы осы ауылда тұрып жатырмын. Сендер сияқты үлкен қалаларда, шет елде болған жоқпын. Менің білгенім де, көргенім де – өз ауылым. Көлеңкесінде отырып адам рахаттанса, демалса, дарақ тал тамырын тереңге жайып жай­қалады, шалқып аспанға ұмтылады екен. Ел ауып кеткесін барша тал жетімсіреді, уайымға түсті, қапаланды, солды. Ендеше, менің білгенім, көлеңкесінде саялап отырған адам болмаса, тірі жанға жағымды қызмет істеу мүмкіншілігінен айырылса, қол­дап егілген тал құрдымға кетеді екен. Шіркін, талға біткен осы қасиетті Алла адамдарға беріп қойса қайтер еді?
– Жаз жайлауда таңның атқа­нын жылқының кісінеуімен, желіні сыздаған сиырдың бұзауын іздеп мөңірегенімен, есектің ақыр­ғанымен, тауық шақырғанымен, ауыл шетіндегі үйдің асылтұқымды төбетінің әупілімен оянатын едік. Ауылдың сәні еді сол. Енді соның барлығы ұмытылған. Қазір ауыл маңын­дағы қалың бұталар арасынан қырғауыл қоразының шақырғаны оятады бізді күн шығарда. Осыған да шүкір, – деп сөзін жалғастырды Бекен.
– Ертеректе қалаға, үлкен ұлым­ның үйіне көшіп бардым қоймағасын. Бізді ұятқа қалдырдың, ата-анасын далаға тастап кетті деген атаққа душар еттіңдер деп өкпеледі. Қалада жер алып, үй салған. Жерінің көлемі алты сотық. Қарасаңшы мына қызықты, қазақ ен даласының тарылып қалғанын… Есіктен шықсаң «әжетхана» дегені тұр мүңкіп. Амал жоқ, соның ішінде отырғанымда өзімді қылмыс жасап жатқандай сезіндім ылғи. Оң жақ, сол жағыңдағы үйлердің сонысы дуалдың аржағында тағы тұр сасып. Осыған балаларым әбден үйренген, сезбейді. Мұндайда далада өмір бойы жүрген мен сияқты адамға қиын екен. Таза ағзаммен бүлінген лас ауа айқассын кеп!.. Қиналдым, көресіні көрдім. Мектепте көрсеткен протеугәзсіз жүру мүмкін емес. Қазақта «түзге шығайық» деген сөз бар. Намаздыгерден соң бес-алты азамат киіз үйден сыртқа шығып, төбенің басында әңгіме-дүкен құрған. Арасында оңашаланып, дәрет сындырған. Далада, таза ауада. Мұнан ешкім зиян шекпеген. Есесіне құзғын, құрт-құмырсқа қарқ болған. Ортаншы ұлым көпқабатты үйдің пәтерінде. Оған бір қондық кемпірім екеуміз. Бәрі ішінде екен. Түзге шыға алмай қиналдым. Таң ата қашып үлкен баламның үйіне жеттім-ау, әйтеуір. Осы­дан мазам кетті, ауырдым, әлсі­редім. Болмағасын, екі-үш айда ауылға оралдым. Мұнда келгесін ауруым сап тиылды. Сендер, осыны түсінбейсіңдер!.. Өйткені, жас кездеріңнен қалаға үйір болдыңдар. Үйреніп кеткенсіңдер. «Көнбіс тозаққа да үй­ренеді» деген бар. Солай, достарым.
Бекен сөзін тоқтатар емес. Кім білген, көбінесе жеке жүру оны өзгені көргенде сөзуарлыққа итерген шығар. Ол ойын жал­ғастыра түсті.
– Бізден екі-үш класс төмен оқыған Сансызбай деген бала көрші тұрды. Анасы бар еді, әкесі ертеректе о дүниелік болған. Жәркелештеу, ісі сұйықтау еді. Анада сол соғып кетті осында. Астында немересі айдаған жүрдек көлік. «Жұртта қалған тесік қазан сияқты неғып отырсың мұнда? Тұрмайсың ба қалада, балаларыңның қолында адам құсап. Бұл не, ел жоқ, күй жоқ, ен далада жалғыз өзің? Мұнда не бағып отырсың? – деп маған бас салды.
– Мұнда тұрғанымның қандай айыбы бар? Қазаққа о заман­нан бір үй, екі үй болып тұру таңсық емес! Өз ауылымда, ата-бабам жатқан жердемін. Туған жерімнің тілеуқорымын, жоқтаушысымын, ата-баба мазарының шырақшысымын! Мұның саған қай салмағы түсіп еді? – дедім. Ол ентелегенін  қояр емес. «Қалада баламның қолында тұрамын, жылда курортқа барамын» деп бөсті. «Өмірдің қызығынан бос қалған екенсің» дейді. «Сен жлына курортқа жиырма күн барады екенсің. Мен жыл бойы курорттамын» дедім әлгінің сан­дырағына. Сонымен кетті жөніне, түкке түсінбей ол бейбақ. «Елге ел қосылса – құт» деген. Жасырып не қылайын, санамның түбіне ұялаған сырымды, үмітімді. Бірге оқыған қатар азаматтардың келуін күттім мен іштей… Сол арманым бүгін орындалды.
***
Кешқұрым  Асқар мен Әділ оңашаланып, Ақбас үйінің ма­ңында жүр. Бекеннің үйінен шыққалы екеуі де ой үстінде. Бір-біріне айтары бар сияқты.
– Асқар, бізден Бекен көш артық екен.
– Біз не сонда, қой бағып жүрдік пе?
– Білмеймін, сенің не бағып жүргеніңді, әйтеуір өз басым туған жер үшін түк бітірмеппін.
– Қызық екен, осы уақытқа дейінгі еңбегімізді сен жоққа шығарасың ба? – деді Асқар қатуланып.
– Оны сен өз күнкөрісің үшін жасадың!
– Мәссаған! Рахмет сенің әділ бағаңа. Сен де, мен де ұрпағымызды өсіріп, тәрбиеледік. Мұны қайда қоясың?
– Мұны мақлұқ та  істейді.
– Астапыралла!.. Мақлұқтан артық жеріміз болмағаны ма сонда, Әділ?
– Бекеннің үйінен шай іштік мана. Құрт пен майдың дәмін сездің бе, Асқар? Сенесің бе, мен соңғы алпыс жыл бойы сон­дай дәмді көрмеппін. Жұмсақ құртты күбіден жаңа түскен сары майға батырып жеген адамның күні бойы қарны ашпайды. Өйткені, онда касиетті туған жер күші, қуаты мен мейірі бар. Мен Бекенге қызығамын. Ол баршамыздан озған, бәрімізден артық.  Балаларының қолында қалада шамалы тұрғанын айтты. Бірақ, қалаға көндікпепті. Қалай көндігеді? Мынадай ауасы таза, кең далаға үйренген қазақ.
– Көп көрдік, еңбек еттік, бірнәрсе бітірдік деп жүргеніміз әншейін бекершілік екен, Асқар. Жеті әлемді аралағанмен, өз туған жеріне құйттай қол ұшын бермеген адамға не деуге болады? Екеуміз дәл сол пақырдың нақ өзіміз. Масқара!
– Әділ, сен Бекенді мүлде әулие қылып жібердің ғой! Ол соншама не бітірді?
– Тыңда, Асқар! Біз бұрын менсінбеген  Бекен туған жер үшін, өскен топырағымыз үшін қыруар жұмыс атқарыпты. Соны ол білмейді, солай болу керек деп ойлайды. Оны  Сансызбай «жұртта қалғансың» деп табалапты. Жоқ, ол жұртта қалған жоқ, ол – елін, жұртын сақтаған адам.
***
Үйде сәл мызғып дем алған қонақтар жинала бастады. Асқар мен Әділдің балалары мен немерелері заттарын көлікке апарып сыртта тұрған. Іште көрпеше үстінде Әділ мен Асқар, жанында Бекен, Ақбас.
– Беке, Ақбас інім, көптен ой­да жүрген ісімізді орындап, Ал­матыға аттанғалы тұрмыз. Сендерге мың рахмет, ауылға иелік жасап отырғандарыңа. Енді біз жүрейік, – деп Асқар орнынан тұра бастады. Бірақ, Әділ қозғалар емес. Асқар таңдана Әділге көз қиығын салды. Ол былқ етпейді.
– Әбеке, жүрейік, – деді Асқар тағы.
Ата өсиетін орындап жүрген Бекен істері Әділ жадын мүлде босатар емес. Сонда, бұл екеуі не бітірді, ә?!. «Туған жеріңді аяла» дегенді естімей де, көрмей де қалған жоқ. Ендеше, бұл қарызды кім өтейді? Табан астында Әділ санасы осы сұрақ шешімін іздеп аласұрды. Алдынан көзін бір алмайды. Қалың ой тұзағында. Құдды, кеңкелес, мас кісіше. Асқар үнін құлағы естігенмен, ынта-бейілі қабылдаған жоқ. Ақыры, түбірлі түпкі шешімге де жетті-ау. Сол сәтте ғана басын көтерді, жанары жарқ етті.
– Мен осында қаламын, еш жаққа бармаймын, – деді.
– Бармайымың қалай? – деп одан бетер таңданды Асқар.
– Тіпті бармаймын. Бекен мен Ақбастың қасында қалам. Ендігі жерде басты парызымды өтеймін.
– Ау, осы келгеніміз сол парызды орындағанымыз емес пе?!
– Жоқ, мұнымен ол өтелмейді. Ол үшін осында тұру керек, осы жер топырағының шаңын жұтып, ауасымен дем алу керек. Менің  қойдың жасындай өмірім қалды. Соны енді осы ауылға беремін.
– Арнайы күтімге үйренген сен мұнда қалай өмір сүрмекшісің?
– Маған енді күтімің қажет емес. Осында келгелі кешеден бері тынысым кеңіді.
– Әбеке! Мен Алматыға не деп барамын? Досыңды айдалаға қалай тастап келдің десе не айтамын?
– Досым өз ауылында қалды дегін. Өсіп-өнген ауылында жүр дерсің. Азамат болғанда, маман болғанда, азды-көпті абырой жинағанда қол үшін бермеген ауылына ендігі қалған уақытында қызмет етуге қалды де мені, Асқар! Менің көзім бүгін ғана ашылды. Не дейін? Кезінде ауылымды осы аянышты халге жетуге ұрындырған азаматтармен кезіктім, қатарлас қызмет атқардым. Бірақ, нашарлығым, ездігім, соларға менің ауылыма істеген зорлықтары үшін «үлкен рахметімді» айта алмадым. Енді өз обалым өзіме. Сол күнәларымды осы ауылда тұрып аз да болса жуып-шаямын.
– Кемпіріңе не айтамын?
– Осыны айт! Шал керек болса, келе жатар. Осы уақытқа дейін өзім үшін өмір сүріппін. Туған жерді естен шығарыппын. Таяқ ұшын сындырмаппын. Өкінішті-ақ! Қалған өмірімді сол қатемді жөндеуге арнаймын.
Осы әңгіме сыртта жүргендерге де жетті. Асқардың әлім ұлыққа келіп қалған ұрпағы қасындағы өзімен қатар Әділдің немересіне: «Твой дед с ума выжил» деп сыбырлады. Әділдің ешкімге көнбесін түсінген Асқар «есі ауысқан шалды» бір ұрпағымен Бекен мен Ақбасқа тапсырып жолға шықты. Бұған солар ғана қуанды. Үстіндегілердің пәс көңілін мазаламай, жұбатқысы келгендей, көліктер тегіс жолда дыбыссыз зырғиды. Асқар ойға батты. Ауылда қалған Әділ сөзі мұны тыншытар емес.  Таңданумен қатар оның санасын күйзеліс жаулаған. Ауыр күрсінді. Қиял тұңғиығына  тереңдей берді…

Серікбай ҚОШҚАРОВ.


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<