Бұлыңғыр түс

760

0

Қыс ауасы, тыныштық. Ақпанның 3-і. Кешкі ас ішіліп болғасын, үй ішінде достар жиналып әдеттегідей карта ойнауға кірісті. Қарбаластан шаршағасын десем болмас, тағдырларының бүгінгі санына карта ойыны жазылған болар! Ішінде жалғыз студент бар. Биыл Алматының белгілі бір университетінің магистратурасына оқуға түскен-ді. Асып, толған білімімен түсті деуге келмес, біздің қоғамның сұрауы ақша ғой. Ол оқуға көлемді ақша беріп түскені тағы бар. Алайда, берген ақшасына үлкен сенім артатын секілді. Сабаққа көп бармайды, салғырт қарайды. Есімінің өзі қызық, Өзгеріс…
Ортаға сусын қойылып, әлгі төртеуге үлестіріліп құйылды. Бұйра шашты жігіт сіміріп алды да, менде алты көзір деп іштей қуанып, көрші отырған досына,  ал басып көр деген ишарат білдіргендей картаны лақтырып жіберді.
– Сегіз қиық, сегізіңе он…
– Жоқ.
Өзгерістің ойы аңшыдай өз жемтігін торуылдаған немесе жеті қаттан әлденені тауып алғандай күлімдейді, іштей айқайлап қояды, артынша сүреңсіз істен түңілгендей күй кешеді. Бір сәтте шылым тарту үшін сыртқа беттеп, шылымды шығарып, сіріңкемен тұтатып алды да, сіріңкенің жалынына ұзақ қарап тұрғаны сол еді, саусағы күйгендей көрінді. Іштей сыбырлап,- е жарықтық, сен де өз әліңше қатер тудыруға қауқарың бар ә?,- деді де шылымын құштарлықпен сорды.  
Мезетте қарсы беттен қыздың келе жатқанын байқады. Ақ құбаша келген, суықтан екі беті қызарыңқыраған.
– Кешіріңіз сізде домофонның монеткасы бар ма?  Бар болса жақсы болар еді.
– Жоқ, өкінішке орай. Есіміңіз кім болды?  Қиындық тудырмасам әрине!
– Жарайды!  Ақлия,- қолын ұсынып
– Өзгеріс,- жымиып,  аппақ, жұп-жұмсақ қолынан қысып, көңілі орнына түскендей, балаша қуанады. Айналып келгенде өмір иірімі басқа арнаға бұрылғандай күй кешкені несі а?  
04.01. Таң, ұлпа қар айналаны әппақ мақта алаңқайына айналдырып үлгерген. Көше ығы-жығы. Қарбаласқан адамдар. Өмірмен күресіп жүрміз дейді өздерін, алайда уақытпен күресіп жатқанын білмейді, ақырында бұл күрестің соңы уақыттың жеңісімен аяқталатынынан бейхабар. Автобус аялдамасына жеткен Өзгеріс 118 ші нөмірлі автобустың ішіне еніп кетті. Орынға таласқан қара домалақтар мен сылқымдар. Өзгерістің межесі өзі оқитын университет. Түсініксіз дейін бе, әлде ерекшелігі Өзгерісті айтам кез-келген жерде ойланып, тебіреніп отыратыны. Ойларының құбылғандығы сұлу, барлық себеп –  Ақлия. Сұлу да, кербез сол қыз. Қою ойдың түбіне сүңгіп кеткені соншалық, межелі орынға қалай жеткенін байқамай қалды. Университеттің іші бейтаныс студенттерге толған, қайдан келгендері белгісіз, бір білетіні қысқы емтихан басталғаны. Өзгеріс күбірлеп,- сол баяғы ақшамен жабу екен ғой сабақтарды. Білім министрі ауысып, тұрақтылық пен ережелер қатаң сақтала ма деп ойлап едім?  Баяғы жартас сол жартас.  
Миығынан күліп,- бұл универде ақша алмайтын екі адам бар-ау сірә. Ұлты үшін қайсарлықпен күресе білетін,  не болмаса шенділер мен шекпенділердің пара алу сабағына қатыспаған екеу. Бас корпустың төбесіндегі екі ескерткішті айтам. Сол екеуі мұғалімім болғанда, байып кетер ме едім,- дейді де алғашқы емтихан болатын аудиторияға аяңдап келіп, ішке еніп кетті. Барлық студенттер қобалжып, құтты бір кінәлі адамдардай мүләйімсіп отыр. Апай, болса орысша шүлдірлеп, түсіндіріп жатыр. Өзгеріс түнімен көше кезген адамдай мең-зең, әр бірден соң  кешегі қиялдың жетегенінен ұстап, тереңдей берді…  .  Емтихан уақыты таяп, аудиторияда тек сопайған Өзгеріс пен кезекші апай ғана қалғандығы, артынша апайдың дауысы өзгерістің ойын тағы бұзды. Ойы жетектегені соншалық Фейерабент пен модернизмді тереңдей оқу үшін немесе өзін соншалықты жақсы көретіндігі ме, әйтеуір жаз айларына алғашқы жолдаманы осы Өзгеріс иемденді.  Студенттер арасында «лето» деген ұғым қалыптасқан. Ал, Өзгеріс летоға жолдама алды.
Түнгі уақыт, қар жаууы тоқтаған, үй ішін тыныштық билеген.
Өмір жайлы ойланып отқан сәті. Өмір деген не?  – деп  іштей сыбырлап, артынша ауыр күрсінді де шылымын ішке тартып, өзі шығарған будақ түтінге ұзақ қарады, түтін сейілгенше.
– Өмір ғажап ә,- дейді бір сәтте, Өзгерістің өміріндегі өзгерістің орын алғанынан болар бәлкім.
Дүкен жақты бетке алып, ішке еніп кетті. Дүкен іші тым-тырыс, самсаған тауарлар, ыңылдаған сатушы қыз. Сыра бөліміне асыққандай лезде жетіп барып, екі құты сыра алып, сатушының алдына келгені сол еді…
– Сәлеметсіз бе?  
– О, қалайсыз Ақлия?  
– Жақсы барлығы, өзіңіз? Сізбен жолығамын деп ойламаппын?  
– Түнгі 3-те кім ойлайды дерсіз!  Жағдайым жақсы.
Сатушының ыңылдап айтқан әні сөздерін бөліп жіберді.- есептеп бересіз бе?,- деп, өзінің алған екі құты сырасымен, шылымын ұсынып, төлем жасағаннан кейін сыртқа шығатын есікті бетке алып,- күтейін бе, Ақлия?  
– Қалауыңыз білсін.
Сыртқа шыққан бойда, шылымын тұтандырып ойларынан безінгендей күй кешіп тұрған сәтін бұзып жіберді, – иә айта беріңіз?
– Сіз қай жылғы болдыңыз?        
– Астанадан бір жасқа кішімін!  
– Ә, онда арамызға бір тал тұрған екен ғой.  Қандай оймен қойылған сұрақ, түсініксіз? Іштей қобалжу бар секілді, бір жағынан қиылып тұрып, қимайтын да секілді. Ішкі әлемі сыртқы әлемнен байланысын үзгені байқалады. Не үшін?  Өзіне аян, сосын Құдайға.
– Өзіңіз жайлы айтсаңыз?
– Нені айтайын, сіз сұраңыз?
– Сіз көктемді жақсы көресіз бе?  
– Иә, көктемде бой түзейді ғой!  
– Нені айтасыз?  
– Тіршіліктің сұлулығын.
– Мен де ажарлана түсемін,- деді де үнсіз қалды. Бір жағынан жол ашып бердім ғой деген ишарат білдірген секілді. Ал, Өзгеріс өзіне аян әлемдерімен күресуде. Уақыттың жылдамдығының болмаса, жүрістерінің жылдамдығынан үйге қалай жеткендерін түсінбей қалған екеу, қол бұлғап қоштасты. Екеуінің көздерінен қимастық, сезіледі,- кетпеңізші, сырласқым келеді.
– менің де сырласқым келеді.
Үзілген үміт, қимастық соңы бітпейтін ұзын сонар ойлардың нықтап миды жаулап алуымен аяқталғаны, һәм түнеру мен қуануға дейінгі аралықтың ұзақ жол екендігін тағы дәлелдеді.
05.01. Түскі уақыт, ызғар байқалады. Үй іші тым-тырыс, оянған ешкім көрінбеді. Өзгеріс орнынан шошып оянған бойда,- Құдай-ай бұндай да түс болады екен-ау. Қайдағы емтихан, әлі бір жұма уақыт бар ғой, қайдағы Ақлия,  түсім кәдуілгі бір адамның өміріндей өткені қызық болды-ау шіркін.  Алайда, түсімдегі университет оқиғасы, білім министерілігі әлі болсын тәтті түс көріп жатқан сыңайлы… Түсініксіз түс, түсініксіз ойлар, параллель істер. Алайда, менің университетім, ақша алуға құмар мұғалімдер мен басшылық. Бұл мемлекеттің қасіреті іспетті. Кішігірім қателіктің өзі үлкен қасіреттің бастауы екендігін қашан, қай ғасырда ұғынады екенбіз. Әлгі сіріңкенің кішігірім жанкешті жалыны секілді жанкештілік тудыратұғын бір өрен туылар ма екен мына қазаққа. Универдің ішкі аудиториясы тұтастай елдің тозуына селбесе қызмет ететіні анық қой!
Өзгеріс сыртты беттеп, әдетінше шылымын шығарып,  тұтатқан бойда будақтата кетті.  Қарсы беттен ұзын бойлы, аққұбаша келген қыз келіп,- кешіріңіз домофонның монеткасы бар ма?
– Жоқ, өкінішке орай!
– Жарайды,-  көңілі құлазып.Есік жақты беттей берді. Кенет    Өгерістің жүрегі дүрсілдеп, маңдайынан тер ытқып шықты.
– Кешіріңіз, есіміңізді білсем бола ма? – деп Өзгеріс қиылып сұрады.
– Ақлия!….

Нартай ҚАЙБУЛЛАЕВ.