Бір адам

397

0

  Ол адамның үш арманы болыпты: жалақысы көп жұмысым, сұлу әйелім және әлемге танымал адам болсам деген.
Бір күні ол адамды ірі компанияға жұмысқа шақырыпты. Сұқбаттасуға келе жатады. Күн аяз. Жер тайғақ. Асығып келе жатқанда алдында кетіп бара жатқан егде жастағы адамның тайып құлағанын көреді. Мас шығар деп ойлайды да жанынан өтіп кетеді. Сұқбаттасуға кешікпей келеді. Бірақ бәрі сәтсіз болып, армандаған қызметке қол жеткізе алмай қалады.
Бірде кешкі қаланы серуендеп жүріп, көше әртістерінің қойылымына тап болады. Көрермен көп емес. Бірақ қойылым өте көңілді, қызықты өтеді. Көргендер дән риза. Ду қол шапалақтарын аямайды. Үйді-үйлеріне кете бастаған кезде мұның иығынан біреу тартады. Қараса, жаңа қойылымда кемпір болып ойнаған әртіс екен. Ол қойылым ұнаған-ұнамағанын сұрастыра бастайды. Бірақ бұл адам әңгімелескісі келмей, қашқақтап, тезірек кетіп қалады.

Тағы бір жаңбырлы кеште досының туған күнінен қайтып келе жатады. Қатты шаршағаны соншалық ыстық суға жуынып, тезірек жатып ұйықтаса деген ой ғана болды санасында. Үйіне жете бергенде біреудің жылаған дауысы талып естілді. Осы адамның үйінің алдындағы сәкіде бір әйел жылап отыр екен. Қолшатыры да жоқ. Қараңғы түнде жалғыз өзі. Үйіне беттеген адамды көріп, көмек сұрайды. Отбасында қиындық болған екен. Оған қайғы-мұңын бөлісер бір адам керегін айтады. Адам ойланып қалады. Бірақ жылы төсек пен ыстық суға түсемін деген ой жеңіп кетеді. Әйелге назар салмастан үйге кіріп кетті.
Сол адам өмірден бақытсыз болып өтіпті. Ақыры өледі.
Жеті қат көкке жеткен соң адам Жебірейіл періштені кезіктіреді. Екеуі аспандағы әткеншекке отырып, әңгімелеседі.
— Ешкімге керексіз, сұрықсыз өмір сүрдім. Үш арманым болған еді. Бірі де орындалмады. Әттең…
— Солай ма… Досым-ау, сен бақытты болу үшін мен бәрін де істедім ғой. Үш арманыңа да жол салдым. Мүмкіндік бердім. Саған тек көзің, қолың, жүрегіңді ашу керек еді.
— Қайтып? Қашан?
— Аязды күні құлап қалған адам есіңде ме? Ол сен сұқбаттасуға бара жатқан ірі компанияның иесі еді. Сен қолыңды созып көмек көрсетсең, мәселең шешіліп тұр еді.

Әртіс Кемпір ше? Кемпір болып киінген сұлу әрі жас қыз еді. Сені көріп бір көргеннен ғашық болды. Келешектерің жарқын еді. Бала-шаға, ескірмейтін махаббат. Сен тек көзіңді ашып қарасаң жеткілікті болар еді.
Жаңбырлы түні жылаған әйел ше? Ол жаңбырдан емес, көз жасынан малмандай су болды. Жалғыз өзі сені күтіп отырды. Оның мұңын тыңдап, қайғысын есітсең, жанына демеу болар бір-екі ауыз сөз айтсаң, жүрегіңмен өзгенің қиындығын сезе білсең, сол да жеткілікті еді. Ол әйел талантты жазушы еді. Үйінде бір қиындық болып, соның салдарынан көше кезіп кеткен бір ауыр сәтте тұрған. Сен жүрегіңді ашсаң, ол сен туралы кітап жазар еді. Үшінші арманың да орындалар еді. Сен мен берген мүмкіндіктерге бейтарап болдың. Сондықтан бақыт саған келмеді.
Адам қатты күрсінеді. Екеуі айлы соқпаққа түсіп жұлдызды кеңістікке сіңіп кете барды…

Ал, сізге мына әлем не берді? Бақыттың бетпердесі құпия екенін ұмытпағайсыз…

Аударған Шынар Әбілдә

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<