Дарханның қармағы

427

0

Ауыл сыртында Октябрь атты канал бар. Суды кәдімгі Шіркейлі каналынан алады. Бақшамыз сол тұста болған соң, сол жердегі бес-алты үйдің баласы бірігіп қармақ құрамыз. Тіпті қалтқыны ауыртпалыққа жақын тастап, қай балық қауып жатқанын көріп тұрасың. Суының мөлдірлігі ғой. Дарханның бізден бес-алты жас үлкендігі бар. Ол да бізбен бірге қармақ құрады. Бір ерекшелігі, балық біткеннің бәрі Дарханның қармағына құмар.

Иә, сол жаздық тәбішкенің жұқа табанынан қиып, кендір жіппен байланған қармақтың не сиқыры бар екенін бәріміз білгіміз келетін. Дархан қармақ құрып отырса, біз өзіміздікін ұмытып, сонікіне қарап отырамыз. Осылайша бірталай уақыт қызыға да, қызғана қарап жүрдік.

Бірде Дархан:

– Балалар, мен ертең алыс ауылдағы апамдікіне барамын. Қармақ құруға келмеймін, – деді.

Оған қуанбасақ, ренжіген жоқпыз. Сол уақытта Октябрьдің бар балығы бізге қалатындай қуанғанымыз рас. Қазір қарасаң, балалық қой. Оның қармақты қайда тығатынын білетінмін. Балалардың бәрі кеткенін тостым. Соңғы бала кеткенше тағатсыздана тостым да, Дарханның қармағын алып, өз бақшама тығып қойдым.

Арада біраз уақыт өтті. Дарханға әкесі су жаңа қармақ сатып әперіпті. Оған да балық түскіш екен. Ара-тұра балалармен бірге бармай, бақшалықтың аяғындағы қалың шеңгелдің арасына Дарханның қармағын құрып аламын. Бірді-екілі ақ балық түседі. Балалармен бірге асыр салып отырып, ауламаған соң маған бұл қызықсыз көрінді. 

Әйткенмен, Дарханға қармағын қайтаруға ендігі кеш еді…

Аян СПАНДИЯР