Әдебиетке романмен келген жазушы

648

0

Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жаста

Қыр мен Сыр жақайым­дарының түпкі тегін көзі қарақтылар Әлім бабамыздан бастайды. Онысы – рас. Сол Әлімнен Жақайым, одан Бәйдібек, одан Бәйімбет. Бәйді­бек бабамыз заманында батыр болған және бір тайпа елді басқарған көрінеді. Қанша дегенмен, аты-атағы мәшһүр кісі ғой. Кіші жүз шектілердің ханы әрі бас сардары болған Әбілқайырмен бірде тіл табысып, бірде тіл табыса алмай қырын қабақ жүреді екен. Зерттеушілер дүниеден оны 1747 жылы өтті деп көрсеткен. Батырды жерлеуге Нұралы хан, Есет батыр, басқа да ірі тұлғалар қатысқан. (Есет батырдың сүйегі Шалқар қаласынан 74 шақырым жерде екен. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында басына жаңадан кесене салып, елге ас беру ғұрпына шақырылғандар қатарында мен де болып қайт­қанмын). Астан ауыз тиіп, дұға­сына қол жайып, бет сипа­дық. Алладан иман тіледік. Бейітіне бір уыс топырақ салып тәу еттік.

Ал Бәйімбет бабамыздан біз тараймыз. Ол да батыр болған. Ел билеген.

Бәйімбет Ақтеке, Жәдік, Андағұл, Бадық болып 4 тайпаға бөлінеді. Елдегілер төрт бәйімбетпіз дейтін. Кейде жолдан қосылған Назаршаны қосып бес бәйімбетпіз деп отырады. Андағұлдың бір баласы Боқан бабамыз. Атақ-даңқы елден елге жеткен белгілі қаламгер Әбдіжәміл көкеміздің түп тегі сол Боқан бабамыздан.

Әбеңнің жетінші атасы Тойқожа негізіне тартып туған көрінеді. Заманында бар ғұмыры орыс жеріндегі құба қалмақтармен шайқасып өткен. Бір соғыста бір санына оқ тиіп жараланады. Батыр жаудың мерейі тасып, әруақтанып кетеді деп, бір аяғын қайырып байлатып, жаумен жағаласып кете барған. Содан қан көп кетіп әлсірейді. Бір аяғын тізесінен кесіп тастауға тура келген. Ол заманда жаралы денені жансыздандыратын дәрі жоқ. Салақтап қалған аяғын  отқа қақтаған қанжармен кесіп алып, орнына күйдіріп киіз бас-қан. Батыр оның азабына шыдаған. Аман-есен жазылғасын ел іші оны Ақсақ бөрі деп атап кеткен көрінеді.

Әбеңнің алтыншы атасы Қалдан атамыз нәті жуас, бірақ өзінің жөн-жосығын ақылына бағындырып отыратын ұстамды кісі болыпты. Ал бесінші атасы Арғынбай сөзге жүйрік, аузы дуалы, өр кеуделі, келімі келген кісі екен.

Оның бейітіне баласы Сламбай керуенге ілесіп Орынбордан әкеліп құлпытас орнатқан. Сол Сламбайдан Нұрпейіс, одан Кәрім, одан Әбдіжәміл келген өмірге. Нұрпейіс дүниеден 1878 жылы өткен. Марқұм ғұмыры таусылғанша Орынборға керуен қатынатып тұрған.

Нұрпейіс қатарынан екі сайлауда болыс болса, немересі Әбдіжәміл көкеміз де Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің 4 жылдан 8 жыл депутаты болып сайланды. Сол атасы мешіт салдырып имам ұстаған. Жарықтық, өмірден небәрі 53 жасында көшкен көрінеді. Ал Әбдіжәмілдің әкесі Кәрім көкеміз Совет заманында ауылдық советті басқарған. Екінші жер-жаһандық соғысқа қатысқан. 1944 жылы 21-сәуірде Тернополь түбегінің батыс жағындағы Почекинск деген селода үстіне снаряд түсіп, 41 жасында қайтыс болған. Анасы соғыс қарсаңында 1938 жылы Әбеңнің 14 жасында өткен дүниеден. Өзі қара шаңырақта әкесімен қалып, екінші шешесінің қамқорлығында болады. Аудан басшылығы әкесін бір ауылдық советтен тағы бір ауылға ауыстыра беруіне байланысты әр класты әр ауылда көшіп жүріп оқыған; мысалы 4-клас­ты Көкаралда, онжылдықты Шалқар қаласында бітірген.

Бүкіл дүниені қан қақсатқан 1941-1945 жылғы соғысқа ауылдық совет Нұрпейіс әуле­тінен сабаудай 6 азаматты аттандырады. Артынан 1942 жылы Шалқар қаласында онжылдықты бітіруіне әскери комиссариат Әбеңнің өзін де жорыққа аттандырып жібереді. Майданда дәм бұйырып авиация полкінде қос қанатты әскери самолеттің ұшқышы болады. Аспанға көтеріліп жаумен жағаласқанда жүрегі көтеріліп, басы айналып, көп қиындық көреді.  Сөйтіп жүріп «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады.

Соғыс советтердің жеңісімен аяқталды. Әбеңді елге 1947 жылы лейтенант шенімен 23 жасында қайтарған. Елге келгенде көргені – қаңырап қалған қара шаңырақ. Бауырларының бәрі жат жерде қалған. Аман-есен оралған өзінің сопа басы ғана. Бірге туған екі інісі, үш немере інісі және әкесі – 6 азамат енді жоқ. Бұл – жалғыз. Әкемнен «қара қағаз» алғанда көңілім босағанмен көзімнен жас шықты ма, шықпады ма, білмеймін. Шешем мен жал­ғыз қарындасымның жерге қарап қалған жүдеу түрлерін көр­генде, көз жасыма ие бола алмадым… – деп еске алған қасіретті жылдардың қиянатын еске түсіріп.

Аралдан 340 шақырым жер­дегі Беларанға келгенде көргені жұрт аш, жалаңаш, үйіліп, дүмеліп отыр. Тіршілігі теңіздің тек балығына қарап қалған. Барын сыпырып майданға алған. Екінің бірі титықтап әрең жүр. Өйткені Арал ауданы өңірінде егін егілмейді. Шөл қаптаған бедеу жерде тұщы судың көзі жоқ. Содан да егіні жоқ ел кедей болатын.

Әбең майданда қолы қалт еткенде қойын дәптеріне «Курляндия» романының ал­ғашқы нұсқасын түртіп жүреді. Елге аман-есен келгесін киіз төсекке етпетінен жатып алып сол қолжазбасын жал­ғас­тырады. Онысын одан әрі Аралда тұратын туыс ағасы Байғабылдың үйінде жатып жазады. Қолжазбаны аяқтағасын бауырына басып Алматыдағы Сәбит Мұқановтың алдына алып барады. Кең пейілді кемеңгер, атақты қаламгер қолжазбаны оқып шыққаннан кейін: «Менің жиырма жыл күткен адамым қазақ әдебиетіне енді келді» деп ағынан жарылады. Ол кезде С.Мұқановтың беделі қандай?! Қолжазбаны 1948 жылдың күзіне қарай баспаға тапсырады. Бірақ жас талапкердің алғашқы туындысының жолы өте ауыр болды. Роман жарық көргенше оған үш қаламгер Ғалым Ахме­дов, Ғали Орманов, соңында Ғабдол Сланов редактор болады.

Ақырында сондай сыннан өткен роман «Курляндия» 1956 жылы Жамбыл атындағы республикалық сыйлыққа ие болып, автор әуелі 30 мың сом, кейін 158 мың сом, барлығы 188 мың сом қаламақы алады. Мұндай ақшаны өңі тұрғай түсінде көрмеген Әбең ақшаның әуелі 13 мыңына өзі киініп алады, 12 мыңын өзіне қалдырады. Қалғанын туысқан үш отбасына қылдай қылып бөліп береді. Қазақстан Жазушылар одағының басқармасы роман авторын СССР Жазушылар одағының мүшелігіне ұсынады.

Әдебиетке соқталы романмен келген Әбең бүкіл Одаққа танылып, қабырғалы қаламгерлер қатарына қосыл­ғаннан кейін ҚазГУ-дің филология факультетіне қабыл­данып, бірінші курсты бітіруіне Мәскеудегі М.Горький атын­дағы Дүниежүзілік Әдебиет институтына ауысады. Оны ойдағыдай бітіргеннен кейін 35 жасында «Қан мен Тер» трилогиясын жазуды бастайды.

Ал оның осы шығармасы Әбеңді Алатаудай асқарға шы­ғар­ғанын бұл күнде еліміз қалам­герлерінің бәрі біледі. Мына шек­тілер елінде ақын Жұбан Мол­дағалиев пен жазушы Әбдіжәміл ағаларымыз көп-көп қаламдастарын киіп-жарып КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Тек екеуі ғана! Осы сыйлыққа ұсынылған Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Т.Ахтанов, Ә.Әлім­жанов, І.Есен­бер­­линнің шығармалары мем­лекеттік коми­теттің сараптамасынан  кері қай­тарылды. (Бұл шо­ғырдың ішінде Ілияс Есенберлиннің «Көш­пен­ділер» трилогиясы Лениндік сый­лыққа ұсынылған болатын. Мәскеуден өтпей жарты жолда қалғасын Д.А.Қонаевтың қол­дауымен респуб­­ли­­камыздың мем­ле­кеттік сыйлығына ілікті).

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жазушының қазақ әдебиеті тарихында жұлдызды жылдары болып қалды. Орыс тілінде сөйлеген «Қан мен тер» мыңдаған тиражбен шығатын «Новый мир», «Дружба народов», «Роман газета» басылымдарында жарияланды. Совет Одағына біріккен республикалар да жабыла тәржімалауға кірісіп кетті. «Қан мен тердің» бірінші кітабы «Ымырт» Еуро­пада бірінші болып Фран­ция­ның «Галлимар» баспасынан Нобель сыйлығының лауреаты Луи Арагонның алғы сөзімен жарық көрді. Трилогия одан әрі Еуропа елдерін аралап кетті. Қазіргі таңда жазушының «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясын Америка құрлығының халқы да ана тілінде оқиды.

Жазушының әдебиетке деген ұқыптылығы мен адалдығына қайран қаламын. Жазылып біткен, жарыққа жарияланып кеткен кітаптарына қайырылып соғып, жөндеген үстіне жөндей түсуден жалыққан емес. Жуырда, осы мақалаға отырар алдында «Қан мен тердің» 2015 жылы жарық көрген соңғы басылымын тағы бір оқып көріп едім. Тағы да таңқалдырды. Тоқсанға қараған жасында жеңіл-желпі әңгіме емес, хикая емес, сомдалған күрделі шығарманы бұрынғы желісін сақтай отырып, басынан аяғына дейін қайта жазыпты. Иә, өзіне өзі қатал қаламгер туындыларын осылай өмір бойы жөндеумен келеді. Ерінбейді де жалықпайды. Алты роман жазған ғой. Оны үш-төрт реттен жөндеді. Қайта бастырды. Сонда 18 роман жазған болады ғой. Ал өзіне салсаң «очеркке бүйрегім бұрып тұрады» дейді. Бүйрегім романға бұрып тұрады демейді. Менің патша көңіліме Алла оны бұл дүниеге тек роман жазу үшін жібергендей. 

Бұл ыңғайда мен артық айтып отырғаным жоқ. Қазаққа біткен Әбдіжәміл Нұрпейісовті көзі қарақты қаламдастары бүкіл­әлемдік классиктер қа­та­рында таниды. Расында, жазу­шының «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» дилогиясы әлемдік классикалық туындылармен иықтас тұрған шығармалар. Біздің Әбең кейіп­керлерді даралаудың ірі шебері. Текті талант. Дара суреткер. Жазушының жан жүрегін жарып шыққан көркем туындылары мен көсем сөздерін оқығанда шалқар теңіздей толқын-толқын ойларына қы­бың қанып отырады. Оның шы­ғар­маларында артық сөз немесе кем сөз «емге» жоқ. Іздесеңіз де таппайсыз. Әрбір сөзі – өз орнында. Трилогиясы да, дилогиясы да әдебиетіміздің саф алтынындай болып жара­тылған. Әдебиетімізге осындай мінсіз кесек туындылар берген қаламгердің атасына рахмет!

Реті келгенде айтып қа­лайық. Дүниежүзілік әде­биет ор­би­тасында небәрі екі-ақ жазу­шының роман кейіп­кер­леріне композиция­лы ескерткіш орнатылған. Бірін­ші­сі Испания астанасы – Мадрид қаласында Сервантестің «Дон Кихот» ро­манының кейіп­кер­лері мү­сін­деліпті. Екіншісінде, біз­дің зама­нымыздың заңғар жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов­тің кейіпкерлері кескін­делген. Ақтөбе және Арал қаласында. Ақтөбе қаласына арнайы барып көрдім. Тамаша! Композицияда балықшылар ауының торына, Тәңірбергеннің аңға алып шығатын итіне дейін қамтылған. Осы тегін бе? Әрине, тегін емес. Бұл дегеніңіз «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» халық­тық шығармаға айналғанын айғақ­тайды. Енді бұл ескерткіштер мәң­гілік. Халықпен бірге бола береді.

Осы күндері жұрт Арал десе Әбдіжәміл Нұрпейісов, осы жазушы десе, ойымызға Арал теңізі оралатын болды. Біз бұған қуанамыз да мақ­та­намыз. Абыздың жасын жасаған ағамызға зор денсаулық тілей­мін және туған күнімен жан жүрегіммен құттықтаймын!

Айжарық

СӘДІБЕКҰЛЫ.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<