Есуас

1300

0

Өз есімі Анар. Еді. Есуас деген дәреже берген өз әкесі. Ол оқиға

былай болған.

Әкесі, Дәукен, Кеңес үкіметінің кезінде айтулы азаматтардың бірі еді. Үлкен бір аудан бұның ашса – алақанында, жұмса – жұмырығында. «Кімсің? Дәукеңмін!», «Оу, ағатай, үйге кіріңіз!», «Оу, ағатай, төрге шығыңыз!». Қайда барса, бұның орны төр. Жиналыс болса, Дәукең президиумда қонжиып отырғаны. Бір қуақы құрдасының шығарған әзіл-кекесіні бар. «Бізді Дәукең президиумда туған, О дүниенің президиумында да бұның алдын ала брондап қойған орны дайын!» дейді екен ол Сумұрын. Сумұрын деп ат қойып, өш алып жүрген осы Дәукеннің өзі.

Сол қылжақбас құрдасы: «Кеңес үкіметі құрдымға кеткенде құс жастығын құшақтап, өкiрiп-өкiрiп жылаған бір-ақ адам болды, ол – менің құрдасым Дәукен байғұс!» депті.

Дәукеннің байғұс болып қалғаны рас. Бұл аянбай, шын беріліп, шын сеніп қызмет еткен партиясын бұның өзі бүгінде – ала жаздай доңғалағы майланбай, төрт доңғалағы төрт жаққа қисалаңдап, өлдім, ойбай, өлдім деп өкiрiп бара жататын өгіз арбаға теңейтiн, ал өзін-өзі ыңыршағы айналып, жүре алмай қалған сумұрын жауыр өгізге ұқсататын бүгінде.

Бүгінде. Бүгінде ғой, емін-еркін сөйлеп, партияны кекетіп, сол партияның өгізі болған осы өзін, Дәукенді, кекетiп-мұқатып отырғаны. Ол кезде, ол кезде болса кекету қайда! Кекету түгілі солай ойлаудың өзі қиын еді ғой. Ой дейсің-ау, түсінде, түсіңде ғана сондай сұмдықты көрсең – өзіңнің үстіңнен өзің арыз жазып берсем бе екен деп, мың ойланып, мың толғанып, сарсаңға түсер едің ғой, ей, Дәукен!

«Сол Дәукен… Ол кезде бұны ешкім Дәукен деп айтпайтын. Дәукең дейтін. ДӘУКЕҢ! Сөз қадірін білмейтін адам бұл екі әріптің қитұрқысын қайдан білсін! Н әріпі мен Ң әріпінің айырмашылығы жер мен көктей! Солай ғой? Солай!

Бүгінде ғой, бүгінде, «Ей, Дәукен» дейтін болды кейбір нақұрыстар… Солардың бірі анау, өзімнің шопырым болған Сумұрын! «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды» деген сол! Әй, заманай-ай, заман-ай!

Бүгінде сол Сумұрынның бұқакөз ұлы іскер атанып, коммерсант атанып, «Мерседес» мініп жүр. Сумұрын әкесіне «Тойота» әкеліп, сыйлап кетті. Сыйласын ғой, сыйласын. Менің оған іштарлығым жоқ. Мінсін! Шайқақтап жүрсін! Бірақ, сол Сумұрын «Тойотамды, жуамын деп той жасайды. Тойына мені, мына (Мені!) шақырады. Мен, мен! Оның тойсымағында тамада боламын! Бұдан артық қорлық бар ма? Бардым. Басқарып бердім. Бірақ, бірақ, ішінде ит өліп жатады екен ондайда! Ой, заман-ай десеңші! Құм жиналып тас болған, құл жиналып бас болған заман-ай!

Менің деңгейімдегі партия-кеңес қызметкерлердің бәрі, алғашқы бір-екі жыл ел-жұрттан ұялып… өмір-тірлік майданына араласуға батылдары бармай жүрді ме, әлде… дайын асқа тік қасық болып, жатыпішер, ынжық болып қалған ба… әйтеуір қанталапайға бірден араласып кете алмады. Бірден араласып кете алмадық. Дәлірек айтсам, мен өзім бел шешіп кірісіп кете алмадым. Бәріміз хан көтеріп жүрген Дәукең еді ғой деп шақыратын шығар деген үміт те үзілмеген

еді ғой… Сөйтсем, жарықтық Маркс па? Әлде Энгельс пе айтқан: «Адам адамға қасқыр болып шабатын капитализм» деген тажалға өзіміз сұранып, өзіміз жалынып келіп… гүмп етіп, сол тажалдың аяған құшақтай құлаппыз ғой… Енді, міне, Бүбіш байғұс жоқшылықтың қорлығына шыдай алмай, аһылап-үһілеп жүрді-жүрді де, екі аяқтан сал болып жатып қалды. Жалғыз ұлдың сиқы анау… Кетті. «Англияда жүрмін» деп бір хат жазды. «Америкада жүрмін» деп екі хат жазды. Сингапур, Гонконг деген жерден дұғай-дұғай сәлем жолдады. Содан үні өшті. Қайда жүрсе де, жер басып аман-есен жүрсе екен! Өзі де… Тілін трактордың шынжырымен матап сүйресең де бір ауыз сөз шықпайтын жарықтық еді. Қалың-қалың дәптерді алдына жайып қойып, анда-санда мұрнын терең бір тартып қойып, есеп-қисап шығарғаннан басқа қолынан түк келмейді ғой, түк келмейді. Өзімнен де бар. Партияның тапсырмасы деп шапқылап жүре беріппін, жүре беріппін. Маңдайымдағы жалғыз ұл Анарым аңырып далада қалыпты. Әке тәрбиесін көрмеген ұл бала мәңгіріп қалмай, қайтсін енді! Өзімнен! Бар пәле өзімнен!».

Дәурен күн сайын, апта сайын, ай сайын, жыл сайын осылай күңіренетін. Күңіренетін де жүретін.

Сөйтіп жүргенде…

2

Сөйтіп жүргенде Сумұрын ұлы Бұқакөз бұлардың бірнеше жылдан бері ашылмаған биииік ағаш қақпасын шиқылдатып, ойбайлатып ашқызып («Ағатай! Біз Сізді әдейі іздеп келдік!» деп жалынып-жалпайған соң, бул қанша жылдан бері қаңсып тұрған қақпаны ашуға рұқсат берген), еңгезердей мәшине мінген екі жігіт бұның үйіне кіріп келсін.

Бүбіш, оты сөнбеген танадай көзі мөлдіреп:

– Келіңдер! Келіңдер! Төрге озыңдар! – деген ниетін ыммен ғана білдіріп, оң қолының алақанын аша түсіп, төр жақты үнсіз нұсқап, ишарат білдірді. «Заманымыз дүрілдеп тұрған кезде қонақ шақыруға, қонақ күтуге құштар-ақ еді, жарықтығым! Енді, қарашы! Мүсәпір болып отырысын!».

Бұқакөздің қасындағы аса ұқыпты киінген (қара костюм, әппақ қардай көйлек, қызғылт галстук) жігіттің түр-түсі таныс сияқты көрінді бұған. Дәукеннің сұқтана қарағанына қуанып кеткендей Сумұрын ұлы Бұқакөз (әкесіне Сумұрын деген, ұлына Бұқакөз деген есім берген Дәукеннің өзі еді) қипақтап, сәл-пәл үнсіз отырды да:

– Аға! – деп сөз бастады Бұқакөз. – Танып отырсыз ба? Тағы да мұқият, зерттей қараңызшы! Қараңызшы! – деп бастырмалатып кетті. Содан кейін насаттана, мәз болып: – Қараңыз. Қарап алыңыз! Бірақ, бәрібір жыға танымайсыз! – деп қутыңдап қойды.

Бұл, шынында да, шырамытып отыр. Бірақ кім еді? Танитын тәрізді. Тап басып айта алмай отыр. Кім еді, Құдай-ау?! Өңі таныс қой, таныс.

– Жарайды! Сізбен әкем құрдас екен деп, мен тантып кетпейін! Сүйінші беріңіз! Бұл жігіт сіздің Қыбырай еліндегі нағашыңыз Бердібектің кенжесі! Есімі Келдібек! – деді.

Дәукеннің миы шың ете қалды. Көзі қарауытып, басы айналды.

– Бә-ә-се! – деп, орнынан көтеріле берді. Көзінен жас шығып кеткеніне қысылып та үлгерді. – Бəсе деймін-ау! Бердібекті мен аға дейтін едім ғой! Бар

болғаны екі-ақ жас үлкен болса да! Аздап анаңа да тартыпсың. Менің бірден танымай қалғаным сол екен, сол екен! Әкең Өзбекстанға көшіп кетпегенде, ол екеуіміз бір аулада өстік емес пе?! «Қазақстаннан көшпей-ақ қой, қасымда бол деп қанша жалындым мен оған! Балаларымыз жатбауыр болып кетеді деп айтпадым ба мен оған! Айтқамын мен оған! Енді, міне, бір-бірімізді әрең таныдық. Менің Анарым сенен төрт жас кіші еді ғой! Сен оны көрген емессің. Кәне, орныңнан тұршы! Қайта құшақтап амандасайын!

Дәукен Келдібекті құшақтап тұрғанда байқады, диванда отырған Бүбіштің кірпіксіз үлкен де ұялы көздерінен екі сала болып жас, кәдімгі әйел адамға ғана тән мейірім жасы сорғалап, иегіне жетіп қалыпты.

– Сенің мамаң, сенің маман… менің ең жақын пəдрөшкем еді ғой… Саратайым аман ба, Саратайым? Сара қайда?

Ыстық көз жасымен жуылған ыстық қауышу жарты сағатқа созылды. Содан кейін амандық-есендік сұрасу, «анау iнiң бар еді ғой, анау қарындасың бар еді ғой; олар қайда?» деген сияқты сұрақ-жауаптарға және жарты сағат кетті. Содан кейін ғана Дәукен байқады: екі жігіт тықыршып, мазасызданып, әлдеқайда асығып отыр екен. Шәйге де, етке де қарайтын уақыттары жоқ екен

олардың. Мал сою, қонақ болып қонып кету дегенде екеуі де шыр- пыр болды. Абыр-сабыр басылған кезде, екі жақтың да қуаныштан жарылып кете жаздаған жүректері орнына түскен кезде, Келдібек «Енді сен сөйле» дегендей белгі берді қасындағы серігіне.

Сонда Сумұрын ұлы Бұқакөз екі жанары майланып, ерекше шабыттанып отырып, сөз майын тамызып отырып, былай деді.

– Көкө! – деп бастасын да, қызыл тілін жорғалата жөнелсін бір, жорғалата жөнелсін. Алыстан сермеп, жүректен тербеп, мына отырған досының ана тіліне шорқақтау екенін ескертіп, ол үшін кешірім сұрап алып, жосылтты бір дейсің, жосылтты.

«Құдды әкесі тәрізді шелектегі қара судан сапырып-сапырып сары май алатын алаяқтың өзі ғой мына судырақ!» деп түйіп қойды Дәукен. Ұзын сөздің қысқасы, Дәукеннің түсінгені, ұққаны: бір аулада бірге өскен нағашы ағасы Бердібектің жағдайы жаман емес көрінеді, Таскент төңірегіндегі Қыбырайлар (қазақтың бір руы) сол кісінің ашса алақанында, жұмса жұмырығында екен! «Шекара ашылса, айыбымды арқалап барармын!» депті. «Әзірше, мына өзбек мәшинесін менің айыбымның өтеуі деп ала тұрсын! – депті. – Амандық болса «Ланд Круизер» деген судай жаңа жапонды апарып беріп, жиенімнен кешірім сұраймын!» депті.

Сонымен, не керек, дастархан жайылып, асығыс-үсігіс бір-екі пиала шәй ішіп, бұлар сыртқа шықса – аула ішінде өзбектің судай жаңа мәшинесі тұр! Еңгезердей-еңгезердей екі жігіт иіліп, тағзым етіп, судай жаңа өзбек машинаның есігін айқара ашып:

– Көкө, кәнеки, отырыңыз! Мінеки, кілтіңіз! Игілігіңізге мініңіз! — деді.

Ол екі жігіттің айтқаны рас дегендей Бұқакөз де басын шұлғып-шұлғып қойды:

– Көкө! Тұлпарыңыз құтты болсын! – деп мәз болып тұр. Нағашы ағасының ұлын өзі тауып әкелгенін сездіріп қойғысы келгендей: – Өзіңізді папам екеуіміз ылғи мақтан тұтып отырамыз! – деп, аузынан шыққан лебізін нығыздап қойды.

Бұлар тілекшілер ғана, мәшинені сыйлап тұрған мен ғой дегендей, аса сенімді, қорытынды сөзді, маңғаздана тұрып, Келдібек өзі қорытты: – Тапсырмаңызды орындадым деп папамнан сүйінші сұраймын, көкө! Әлгінде айтқан уәдем уәде Астанаға барып келген соң, ең күшті мәшине «Ланд Круизерді» өзім, өз атымнан сыйлаймын! – деп тоқтады.

Ол жәй ғана сыпайыгершілік сөз ғой деп ойлаған Дәукен:

– Амандық болсын. Амандық болса – бәрі болады ғой! – деп басын шұлғи салды.

3

Бүбіш екеуі таң атқанша ұйықтай алмады. Ұйықтаймыз-ақ деп жатады. Ұйқы қашып кеткен, дөңбекшіп, аһылап-үһілеп, қайта тұрады. Шай қайнатып ішеді. Бердібек нағашысын еске алады. Сара құрбысын еске алады. Қайта жатады, қайта тұрады. Таң бозарып атқанда екеуі де қалай мүлгіп кеткенін білмеді. Әлдекім қақпа сыртындағы қоңырауды басып тұрса керек. Ол, жарықтықтың, қоңырауды солай атайтын Дәукен, ол жарықтықтың дауысы қарлығып қалғалы қашан! Мыңқ-мыңқ етеді де құмығып тынады. Киініп, шайынып, бастық болып тұрған кезінде қоқырайған бас киімнің астына сыймай қобырап тұратын бұйра шашты, бүгінде жуасып қалған сары-қошқыл шашты… жүре сипай салып, күңкілдеп, күбірлеп, барып, қақпаны ашса – Сумұрынның Бұқакөзі екен. Жымың-жымың етеді.

– Көке! – дейді. – Менің досым Келдібек гений ғой, гений! Маған түнімен ұрысты. Сен, ақымақ, менің есіме неге салмадың деп! Астанада тұратын Анарға неге барып келмеске деп… Дәукеңді неге жалғыз баласына апарып келмеске деп! Дәукеңнің зейнетақысы қайбір мардымды дейсің! Өзіміз ұшаққа люкс белет алып, люкс қонақүйден люкс нөмір алып, әкесі мен баласын люкс ырыстранға апарып, бір жырғатып қайтпаймыз ба деп! – Келдібек солай-солай көсіліп әрең тоқтады.

Сонымен, не керек, келесі күні түс əлетінде екі жігіт, бір зейнеткер, ұшақтың трапынан түсіп келе жатты. Бұларды, Келдібек айтқандай, люкс мәшине күтіп тұр екен. Люкс мәшиненің шопыры кеше ғана Дәукенге өзбек мәшиненің кілтін тапсырған екі еңгезердің бірі екен. Екі еңгезердің екіншісі люкс көліктің артқы есігін айқара ашып, алдымен Дәукенді жайғастырды, содан соң Келдібек, ыздиып келіп орын тапты, шопырдың қасына Бұқакөз отырды. Содан соң ғана екі еңгезердің екіншісі өзі, жеңіл қозғалып, лып етіп орналаса қойды. Орналаса қойды да:

– Поехали! – деп пәрмен берді.

Бұларды Астананың ең биік қонақ үйі күтіп тұр екен. Дәукеннің «күтіп тұр екен» дейтіні бүлардың люксі тоқтар-тоқтамастан есік алдында тұрған люкс киімді люкс қызметкер, тұра ұмтылып келіп, люкс мәшиненің жүмсақ есігін аша беріп:

– Қош келіпсіздер! – деп айтып үлгерді.

Люкс қонақүйдің люкс нөмірі тым кең екен. «Үшеуіміз де осында жатармыз» деп қорытынды жасай бергенде… тым сыпайы нағашы Келдібек:

– Жиен аға, тамақтанып алайық… Зәуханаға барамыз ба? Әлде бәрін осында алдырайын ба? – деп ыздиып тұр. Кешегі келмеске кеткен өмірінде, талай-талай люкстерді көрген Дәукен, бүгінгінің люксін де көрейін деген оймен:

– Ресторан! – деп әдейі акцентсіз тіл қатты. «Мыналар мені ауылдың жаман-жақыбай шалына айналдыра бастады-ау!» деп, іштей ширығып алды. Еңсесін көтеріп, қомданып қойды.

Ресторан да құлпырып тұр екен. Әсіресе төбесін айтсаңшы, төбесін! Көгілдір аспанның өзімен астасып тұр десе де болғандай. Ақырын-ақырын жылжып бара жатқан қара ала шабыр бұлттар тамсандырды бұны.

Өзінің дәурені жүріп тұрған кездегідей-ақ Дәукен ең қымбат коньяктың бір шынысын тауысып, екіншісін ашқызды.

– Біздің заманымызда ең қымбат тағам – бифштекс деген болушы еді. Мыналарың ол бифштексті он орап алатын шығар! – деп бір қойды. Содан кейін Дәукен шын көсілді. Қызара бөртіп алып: – Мына… мына отырған Келдібектің әкесі Бердібек екеуміз не көрмедік! Не істемедік! – деп бастап, жас кездеріндегі хикаяттарын жыр ғып айтып отырды. Өзі айтып, өзі күледі, жарықтық. Анау екеуі бас шұлғып, жалған күліп отырғанын байқар емес. Сумұрын ұлы Бұқакөздің мазасызданып, қайта-қайта залдан шығып, қайта кіріп, Келдібектің құлағына әлдене деп сыбырлап, күбірлеп, иненің ұшында (Бұл орыс тілінен алынған теңеу ) отырғандай құты қашып, сырғанақтай берді.

Келдібек төртінші мәрте сыртқа шығып, қайтып келіп, құлағына сыбырлағанда, Келдібектің қабағы түйіліп, еңсесі түсіп кеткенін Дәукен байқады, бірақ мән бермеді. Күні өткен, қызығы ұмытылған заманының ешкімге керегі жоқ жырын жырлай берді, жырлай берді.

Сумұрын ұлы Бұқакөз бесінші мәрте сырқа шығып, қайтып келіп, иығын қиқаң еткізіп, басын шайқаған кезде Келдібектің ұнжырғасы түсіп, қабағы түнеріп кетті.

Жиен ағасының таусылмас жырын дөрөкілеу үнімен үзіп жіберіп:

– Жарайды, аға! Әңгімеңіздің жалғасын нөмірге барып жалғайық! – деді.

«Нөмірге барып жалғайық» деуін дегенмен, бұны апандай бөлмеге кіргізіп жіберіп, өздері ғайып болды. Жарты сағаттай уақыт өткенде Сумұрын ұлы Бұқакөз, қолында екі шыны қымбат коньягі бар, минерал сулары бар, өңкеңдеп жетіп келді.

– Аға, кешіріңіз! Келдібекті үлкен бір бастық шақырып кетті. Мен де біраздан соң сонда барамын. Сізбен аздап отыра тұрайын, – деп мәймөңкеледі.

Аздап отыра тұрғанымен, әлденеге тықыршып мазасы кетті. Қолына ұстап отырған қалтафонына қайта-қайта қарайды. Бұл кекете ойлап қойды: «Бұны біреу іздесе – қоңырау шалады емес пе? Соны да білмей ме?!». Бір кезде қалтафоны қысқа ғана зың етті де үні өшті. Сумұрын ұлы Бұқакөз шоқ басып алғандай орнынан атып тұрды.

– Ал, көке, мен кеттім! Бастық шақырып жатыр… – деді. Бұқа көзі мүлде аларып кеткен.

«Мені көкелеп алып келген мына екеудің әрекеті жұмбақ бола бастады ма, қалай?» деп, қысқа ғана ойлады да қойды. Дәукен ұзақ ойлай алмайтын. Бар өмірі, бар тірлігі терең де ұзақ ойлану деген қасиеттен жұрдай ғып тастаған еді. «Таң атсын. Анарды тауып алайын. Ар жағын көре жатармыз! Солай емес пе?» деп жаңа бөтелкенің тығынын, өзі білетін, өзі дағдыланған әдіспен оп-оңай ашып алды да, әлдекімді кекеткендей, әлдекімді мұқатқандай жымиып, pүмкеге қол созды.

4

Қанша кеш жатса да таңғы алтыда оянатын дағдысы. Оянды. Жуынды-шайынды. «Мына апандай екі бөлменің рә-әә-һәтін (рахат деген сөзді Дәукен солай айтатын) бір көрейін!» деп түйді қырма сақал кейіпкерім бұны Астанаға қоярда-қоймай алып келген екі жігіттен хабар-ошар болмаған соң, жарықтық, топырағың торқа болғыр Кеңес үкіметінің кезіндегі дағдысы бойынша, электр шәйнекке шай қайнатып, асықпай-саспай отырып, тамақ жібітті. Шайдың алдынан, әрине, бір рүмкені қылғытып жіберген… Бірінші рүмке жетімсіреп қалмасын деп, оның қасына серігін жіберді. «Ер кезегі үшке дейін» деген мәтелді де ұмытқан жоқ. Біраздан кейін көңілденді. Тілбезер жалғады. Соңғы хабарды көрмейтін. Көре қалса, жыны келіп, ашуланып, қозып кететін. Сондықтан да өзі дағдыланған каналды тез тауып алып, әнші-бишілерді қызықтай бастады.

«Қызметің қай жерде?» деп бір мәрте бұл Анардан сұрағанда, ынжық неме: «Оны қайтесің, папа!» деп қылжақтап қойған. «Айтсаңшы-ей!» деп, бұл қадала түскенде, ұлы: «Бәрібір түсінбейсің, папа!» деп қашқалақтай берген. «Әй, күңкиген ұлым-ай, мəтимəтикә деген шимай-шатпақтан басыңды көтермейтін едің, ревизор шығарсың!» дегені бар бұның. Сонда Анар: «Сізге менің қызметім керек пе, өзім керекпін бе?» деп, жас кезіндегі Бүбіш сияқты жымысқылана жымиған. «Әкеге тартпай, анасына қарай қисайғанын қарашы, күшіктің!» деп бір қыжыртып қойғаны бар Дәукеннің. Сол есіне түсті. «Мейлі де, қатарынан кем қалмай, аман жүрсе болғаны. Тек қана, тезірек үйленіп, Бүбіш екеуімізге немере сүйгізсе болғаны».

Сөйтіп, кейіф құрып отырғанда, люкс бөлменің есігін лақтыра ашып, Сумұрын ұлы Бұқакөз кіріп келсін. Кіріп келсін де, бұқа көзі алара түсіп, тершіп тұрған тәмпік мұрнын ақшыл кəстүмінің жеңімен бiр сүртіп қойып:

– Киініңіз, көкө! Жүріңіз, көкө! Кеттік, көкө! – деп бұны асықтыра бастады.

– Жау қуып келе ме сені? – деп мысқылдай, орнынан көтеріле берді бұл.

– Жау дейсіз-ау, көкө, жаудан да жаман! Үлкен бастық күтіп отыр, көөкөө! – деп, аптығып тұр Сумұрын ұлы Бұқакөз.

Бұны соншама асықтырып алып шыққанымен, Бердібек ұлы Келдібек асығыстық танытпады. Ол бұның қолынан бекем ұстап алып, нәрестедей жетелеп әкеліп, люкс мәшинеге отырғызды. Люкс мәшинеге отырғызып алып, әлдебір батырдың басынан ұшып кетіп, қара жерге құлап түскен дулыға тәрізді биииік дүкенге алып келді. Алып келді де, сол жетелеген қалпы екінші қабатқа көтерілді. Сол арада еркек адамдарға арналған киім сатылады екен, асықпай жүріп, Бердібек ұлы Келдібек өте қымбат костюм әперді Дәукеңе.

– Бұның не? – деп еді бұл, Бердібек ұлы Келдібек, сәл қысыла

тұрып:

– Бұл – нағашыңыздың тапсырмасы! – деді. – Ол кісі сізді тауып алғаныма жүддә риза! Амандық болса, биыл күзде өзім іздеп барамын деп отыр! – деп қысқа қайырды.

Қымбат костюм, қымбат көйлек, сықырлаған су жаңа туфли киген бұрынғы бастық, бүгінгі зейнеткер Дәукен, далада қалған қайқы қылыштай созылған биік үйдің алдында тұрыпты. Маңдайшасына қарап еді: ірі-ірі әріптермен «Уәзiрияттар ғимараты» деп жазылыпты.

Бұлар салтанат сатысымен жоғары көтерілді. Ішке кірді. Магнит есіктің алдын кескестеп екі сақшы тұр екен.

– Қайда? – деді, қаз ба, әйел ме, әйтеуір сақшы.

– Біз Дәукен ұлы Анарға барамыз! деп, қатқыл тіл қатты Сумұрын ұлы Бұқакөз. – Ол кісі «Сағат үшке келіңіздер. Пропуск жазып қоямын» деген, – деп, лып-лып ете қалды тағыда.

Әйел ме әлде қыз ба, әйтеуір, сақшы әлдебір дәптерді ашып, ұзақ үңілді. Содан соң кесіп айтты.

– Дауылбай ұлы Дәукен, Бердібек ұлы Келдібек, кіріңіз, – деп, дік-дік ете қалды, қыз ба, әйел ме, әйтеуір, сақшы. Сумұрын ұлы Бұқакөздің онсыз да бадырақ жанары шарасынан шығып кете жаздады.

– Мен ше?

– Сіз тізімде көрсетілмепсіз! – деп кесіп тастады формасы өзіне жарасқан қыз ба, әйел ме, әйтеуір, сақшы. Дәукен сөзге араласайын деп оқталып еді, Бердібек ұлы Келдібек бұның қолынан қатты ұстап алды да, жетектей жөнелді. Сол жетектеген қалпы, лифтіге отырғызды, сол жетектеген қалпы он бірінші қабатқа көтерілді, сол жетектеген қалпы ұзүүүн дәлізбен жүріп-жүріп келіп… «Төраға орынбасары Дауылбаев Анар Дәукен ұлы деген кабинеттің кіреберісіне бір-ақ тоқтауға мұрша берді.

– Анау байғұс қалып қойды ғой… – деп сенімсіздеу күбірлеп еді бұл, анау:

– Оны қайтесіз, аға, ол кейін… кейін… – деп, нағашыларына тән дөң мұрынын шиірді Бердібек ұлы Келдібек.

Ат шаптырым кіреберіс бөлмеде отырған өте қатты боянған ұзынсирақ қыз:

– Сіздер… – деп, орнынан көтеріле бергенде, биік есік серпіліп ашылып, іштен… биік те шидиген Дәукенұлы Анар шыға берді. Шыға берді де:

– Папа! – деп, жуан діңгекке оратылған шырмауықтай ирелеңдеп келіп бас салды. – Папа!

Әкесін әбден сағынған ба, қалай, Анар, Дәукеннің қолынан жетектеп алып, ішке кіргізіп, дермантинмен қапталған қара есікті жауып алды. Аңырып тұрып қалған Келдібек, бастығы шыға келгенде қарғып тұрып, сілейіп қалған ұзын сираққа қарады, ұзын сирақ «Мен қайдан білейін» дегендей жұп-жұмыр иығын қиқаң еткізді де, орнына жайғаса берді. Ыңғайсыз жағдайда қалғанын сезген Келдібек, амалсыз көп орындықтың біріне жамбастай жайғасты.

Қанша жылдан бері кездесудің сәті түспеген әкелі-балалы екеудің алғашқы тіл қатысуы ылғи бір одағай сөздер мен леп белгі, сұрақ белгілер тұрғандықтан ол он-он бес минутты өткізіп жіберейік. Екі жақтың да екпіні басылып, екі жақ та сабасына түскен кезде әке жағы тез жібіді.

– Жарайды. Сағынған әке, сағынған ана не демейді, артық кетсем – түсін мені, – деп қымбат диванға жамбастай берді бурылбас.

– Түсіндіңіз ғой? Кешірдіңіз ғой? – деп ирелеңдеп келіп, «Маған осы да жетеді» дегендей, диванның құлар шетіне дүм ілді кірпібас.

Екеуінің де көңілі орнына түскен кезде, әке, ұлына қадала қарап:

– Мынауың не, мынауың? – деп мынау апандай кабинетті оң қолымен құлаштай «сызып, меңзеп өтті. — Осы… өзі… мына сенің… мына сенің өз кабинетің бе?

Кірпібастың өзіне ғана жарасатын жаяу қылжағы бар еді, сол дағдысына салып:

– Немене, тым тар ма екен? – деді жымиып. – Министрімнің кабинеті бұдан үлкен емес…

– Министрің әлгі… анау ма? – Бурылбас ұлына риза көңілін жасырмай, министрдің аты-жөнін бұзбай атады. – Сол ғой?

– Ия. Сол!

– Оооо! Жаман орналаспапсың, жаман бала! – Содан кейін ғана бұны Астанаға алып келген екі жігіт есіне түсті. – Әлгі мені алып келген екі жігіт бар еді ғой? Олар неге кірмеген?

– Оларды мен кіргізбедім, – деп жымиды Анар. Барлық ата-анаға тән сын көз ұлының екі жағы суала бастағанын, екі көзі шүңірейіп, жанары бәсеңсіп қалғанын байқады. Байқады да, жүрегі мұздап сала берді.

– Күйің қашып кетіпті, әлі үйленбегенсің-ау, шамасы?

– Үйленетін болсам мамам екеуіңіздің алдыңыздан өтер едім ғой! Кісәпір болып кеткен жоқ шығармын! Өз ақшама екі бөлме үй сатып алғанмын. Сонда тұрып жатырмын. Мамаң екеуіңізді сонда көшіріп алсам ба деген ниетім бар…

– Қой, ондай сөз айтпа! Келіннің қолына қарап отыратын Дәукен мен Бүбіш жоқ! Айтпа ондайды! Одан да тездетіп үйлен. Бүбіш екеуімізге немере сүйгiз! Вот в чем вопрос! — деп, бастық болып, төбесімен көк тіреп тұрған кездегі бір мәтелін көлденең тартты. Содан кейін, кенет өзгеріп, Астанаға қалай келгені, неге келгені есіне түсіп, қатуланып, біраз үндемей қалды да:

– Менің ТУҒАН НАҒАШЫМ саған таға болады. Соның туған ұлы – сенің де БАУЫРЫҢ. Соның саған бір болар-болмас ісі түсіп тұр екен. Өзің тәрiздi екi зам қол қойыпты. Сенің қолың болса, министр қол қоямын депті. Сенің де зам екеніңді мен қайдан білейін! ШТИРЛИЦ болып кеткен өзің ғой… Соған қолыңды қойып бере сал! Нең кетеді! Бауырың ғой! Маған ылаң күрзі деген

судай жаңа мәшине мінгізем деп отыр! Көңілденіп отырған Әке балаға сондай қолқа салды. Бала, түлкідей жымиып, жұмсақ үнмен жауап берді.

– Папа! – деді ол.

Қолқаңызға құлдық! – деді ол. – Әке бұйрығы – балаға заң! – деді ол. (Сол сәтте, сол бір қас қағым сәтте әке орнынан қопаңдап, ірі тістерін ақсита күліп улгерді. Ұлына «бәсе!» деп айтпақшы еді…) – Әке бұйрығы балаға – заң! – деді ол. – Бірақ әке сөзі мемлекет мүддесіне қарсы жүрмейді ғой! Солай емес пе, папа?! – деді ол. Жымиып, көзі күлімдеп отырып айтты ол.

Бұндайды күтпеген әке орнынан қарғып тұрсын, қарғып тұрсын да, ұлына төне қадалып:

– Не деп отырсың, сен! — десін. Есің дұрыс па? – десін. – Бүгінде екінің бірі… Екінің бірі деппін-ау, ысплош и рядом солай жасап жатқан жоқ па? – десін, ашу-ызаның бас білмейтін асауына мінген кезде ол орысшалап кететін, сол дағдысымен әлгі тіркесті қайта қайталады: – Ысплош и рядом солай емес пе?

– Солай екені – солай… деп мойындады Анар. – Бірақ мен, және Англиядан, Франциядан, Голландиядан оқу бітіріп келген бес жігіт, ондай бассыздықтың тамырына балта шабамыз деп, бір-бірімізге ант берісіп келгенбіз… Так, что, папа, сіздің нағашыңыз буынсыз жерге пышақ ұрмасын!

Сол сәтте ғой, сол сәтте, қас пен көздің арасындай сәтте, ашудың танкісіне мінген әкенің, өз ұлына, жалғыз ұлына:

– Идиот! Есуас! – деп айқайлап жібергені. — Ол нағашым маған ылаң күрзі сыйлаймын деп сәлем айтып жіберген еді ғой… Іле-шала: – Идиот-ау, есуасым-ау… деп, үні жұмсарып, қымбат диванға сылқ етіп отыра кеткені…

– Рас, біз азбыз, әзірше азбыз. Бірақ бізді қорғайтын прокурорымыз бар.

– Прокурор дейді… есуас! Білеміз ғой прокурордың қандай болатынын…

– Сіз мені дұрыс түсінбедіңіз, папа… Біздің прокурорымыз мынау… компьютер! – десін сонда жас бастық, отырған орнынан көтеріле беріп: –Осы! Осы бізді қорғайды, — десін қоразданып…

– Ойбұй, қарағым-ай… Шет елден оқу бітіріп келіп, ел қатарына қосылды ма деп жүрсем… «Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарадының» өзі екенсің ғой. Бесеуің бес шерткеннен қалмайсың ғой, қияли балам-ау! – деп күрсінді көпті көрген әккі қораз.

Жас қораз сасар емес. Орнынан көтеріліп, нық-нық басып жетіп барды да, компьютердің әлдебір тетіктерін басып-басып қалды.

– Келіңіз, көріңіз! Міне, ол «нағашыңыздың» қолында жүрген папка. Осыдан екі жыл бұрын, Қызыл-Орда қаласында тұрғын үй саламыз деп, қыруар қаржы алған. Тұрғын үйдің шұңқырын да қазған… Содан кейін шет елге ақшаны аударып жіберіп, өзі ұшты-күйлі жоқ болып кеткен. Біз тапқан мәліметке қарағанда, ол бүгінде Сербияда жасырынып жүр. Бір деңіз. Одан кейін ол фирманы, атын өзгертіп, сіздің нағашыңыз өз қолына алды. Сіздің нағашыңыз Қазақ-қытай шекарасында жылмиып жүрді. Алғаш қатты байыды. Бірақ оның сенген құдайы істі болып, түрмеге түскен соң… енді Шымкент жақты шиырлап жүр. Бір өкініштісі, ол – сіздің нағашыңыздың үшінші ұлы екені рас!

Кәрі қораз алғаш, есінен адасқандай, біраз мәңгіріп отырып қалды. Бірақ өз-өзін тез қолға алды. Келдібек аулаға әкеліп қойған су жаңа өзбек мәшине есіне түсті, «оны қойшы!» деп өзбек мәшинені көңіл төрінен сызып тастап, оның орнына «Ылаң Күрзiнi» жайғастырды. «Біздің ауылда мәшине мініп жүргендер көп, жыртылып айырылады, ал «Ылаң Күрзі» мініп жүрген ешкім жоқ! Так, што…». Жалғыз ұлының жетесіздігін ойлап, қаны қайнап кетті.

– Сонда сен, мына менің, Кеңес құлаған соң күресінде қалған әкеңнің, «Ылаң Күрзі» мініп, анау мүгедек болып қалған шешеңді отырғызып, той-томалаққа «мен баяғы Дәукенмін!» деп барып жүргеніне қарсымысың? – деп, кіжініп, орнынан атырынып тұрды. – Иттің итaқайы солай байып жатқан жоқ па бүгінде?! Көріп жүрміз ғой бәрін! Есіңде болсын, ел құлағы елу, ұрлықтың ізі сайрап жатады. Так што… Сен ондайды қой, дабай! Қол қойып бере сал! Нең кетеді!

Жас қораз тайсалар емес.

– Ұятты қайда қоямын, папа?! Ұятты?!

Әлі де атырынып тұрған кәрі қораз:

– О-о-ой-бұұұй… –деп, жұмсақ диванға отыра кетті. – Әй, соқыр! Әй, идиот! Әй, есуас! Көзіңді ашып, айналаңа қарасаңшы! Әй, көрсоқыр! Кругом ұрлық емес пе?! Сол індетті сен, мына мұрынбоқ, өзің сияқты анау бес молокосос тыймақ па! Өйдөйт деген-ай! Өйдөйт, Алпамысым-ай! Өйдөйт, Исатай-Махамбетім-ай! Өйдөйт, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке биім-ай! Шілтиген күрескерім-ай! Біз бесеуміз дейді! Анталап жүрген арамдардың қаншау екенін білесіңдер ме? Бәрінің мойнында гүлүстүк! Жылмиып-жылмиып отырған жоқ па тілбезердің

төрінде? Өй, идиот! Өй, жетесіз! Өй, есуас! Сен сияқтыларды бір-ақ шертіп, жоқ қылып жіберіп жатқан жоқ па, ей, идиот? Ей, есуас!

Кәрі қораз жұмсақ диваннан қайтадан тұрып кетіп, жас қоразды шоқып тастардай, таптап тастардай қасына жетіп барғанын өзі де байқамай қалған екен. Есін енді жиып, қараса, бала қораздың абыржып-сасар түрі жоқ, ыржиып күліп отыр…өзіне жараспайтын аумақты жұмсақ қызмет орындығында.

– Еще, ыржиып күледі, мынау есуас! Мынау идиот! – деп кәрі қораз сылқ етіп диванға отыра кетті. Отыра кетті де, өзі де ыржиып күліп жіберді.

– Дәсібидәния, «Ылаңды Күрзі!» – деп тоқтады.

Бірақ УАҚЫТ тоқтаған жоқ, әрине.

Тоқтамайды да.

Әкім Тарази,

жазушы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<