Көк ат

1070

0

  Атамның ат танитын қабілеті бар. Қайбір жылы іргелес ауылдағы Берен ағамыз базардан тай ґкелген. Әлгі тай арада жыл аунап құнан болды. Тұрқы бір келіссіз, шодыр біткен елеусіз еді.

Сол жылқыға атамның әуесі қатты кетті. Беренмен сөз байласып, бір кеште қораға кіргізді. Ақысына шиеттей бала-шағаны асырап отырған тұяқтыдан екі баспақ, бір тайды қиналмастан беріп жіберді. Сонда базбіреулердің «кейде осының қырын кететіні бар, бір басқа үш бас малды айырбастап, ақымақ неме» дегендей пысықайланғанын естігенбіз. Оған атам тіпті де құлақ асқан жоқ. Көк құнанды келген бойда таза жер, таза астауға тұрғызды, бабын жасай бастады. Қайдан түлен түрткенін білмедік, арада апта өтпей ат иесі айныды да жетекке алды да кетті.

Атам артық сөзге келген жоқ. «Қор қылмасаң болды да» деп сөзді келте кесті.

Көк құнан көктем келе дөнен шықты. Бағымы жүй­рікке тән жақсы бола қойған жоқ. Тоған етегіндегі тақыр көкке жайылып, ауылдың тай-саяғына араласты. Сол жаз «көрші ауылда күзге салым үлкен бәйге өтеді» деген хабар төңірекке түгел тараған еді. Берен де қамсыз қалмады. Көк дөненнің терін алып, жарата бастады. Дақпырты жайылған бәйгеге іргелес аудандардың айтулы деген жүйріктері келді. Бірақ, көк дөненнен оза алған жоқ. Ә дегенде алға шығып, айналманың жары жолына дейін қара үзіп кеткен жануар соңына қара іліктірмей дара жетті.  Ауыл түгел шаттанды, аты келіп, абыройы өсті. Амал қанша, көк дөненнің алғаш әрі соңғы шапқан бәйгесі еді. Аяғына жем түсіп, сіңірі сыр берді.

…Қаратаудың кең етегін алып жатқан жон арқасы ол күндері әйгілі көк аттың үйірімен еркін жайлаған үйрен­шікті мекені болатын. Текті мал  еркін өсіп, кеуде-саны толысып, бестен алтыға аяқ басқанда нағыз кемеліне келді. Жануар ит-құсқа құлын алдырмайтын, қабатына жылқы жуы­са, екі бел асырып қуып тас­тамай жаны тынбайтын.

«Бұл атырапта көк атқа шақ келетін айғыр жоқ. Нағыз пырағың – осы! Қашан көрсең үйірін таза от, таза суға тартып, тектілігінен танған емес» деп, ықыласы ауып отыратын жылқылы жұрт.

Бірде қызық болды. Толған ағамыздың ала жаздай ауласында көк майсаға масығып, ерігіп тұрған торысы қорадан шығып кетпесі бар ма?! Сол сәт ауыл іргесіне етектеп, үйірін түсірген көк айғырға ұрынады ғой. Әдепкіде тайталасқа баққанмен, шоқтықтан екі кеміріп, мойынын қайырып кеу­делеп жібергенде әлгі ерігіп тұрған немеңіз қара батпаққа бір сүңгіп, безектеп алып алдына түседі. Сол қуғаннан әбден сілелетіп, жан қайғы болған торыны қорасына әкеп бірақ тығады. Осы бір арпалысты бастан-аяқ көріп, әб­ден зығырданы қайнаған аға­мыз «Сорлы-ы, көк аттан алу қайдә-ә саған. Көкеңе кездеспей жүр екенсің, сауап болды» деп торының тақыр қолтығынан жуан жұдырықпен аямай түйіп-түйіп алған еді…

***

Біз белгілі фототілші Болат Омарәлиевтің қорында талай тарих барын түрлі ақпарат көздерінен жақсы білеміз. Санада жылт еткен «көк ат» туралы сөзіміздің бұл суретке қатысы жоқ. Алайда, Болат ағаның бұл суреті кешегі қазақ ауылының, оның қауымының кіршіксіз көңілін айна-қатесіз сайратып алдыңызға тосады.

Дүниені дүрліктірген жұқпа кесел биыл ауыл-ауылда арда тойланатын Наурызға және онда қаны қазақтың ұйыстырып әкететін ат спортына да бір мезет іркіліс тудырєаны жасырын емес. Әрине, бұл – өтпелі кезең. Ұлт өнері ертең-ақ Ұлы далада салтанат құратын болады.

Айтпақшы, әлгі әйгілі көк айғыр бес-алты жылдай үйірінен шашау шығармай, бірнеше құлын өрбітті. Бірақ оның қайдан шыққаны, әу баста базарға қалай келгені беймәлім күйде қалды. Ең өкініштісі, жан­уарды Қаратаудың құба жонында жылан шағып өлтірді.

Бақдәулет БЕЙБІТШІЛІК.

Жаңақорған ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<