Көрші келіншек

639

1

– Осыдан он жыл бұрын бір үйде көрші тұрған Тұмармен ойда-жоқта бір тойда кездесіп қалған Гүлшат оған таңдана қараған. Үстінде жалт-жұлт еткен соңғы үлгідегі көйлек, аяғына биік өкшелі туфли киген Тұмар ортада әлдекіммен билеп жүр екен. Бұрынғы бұйығы, жуас Тұмар емес. Биі де, қылығы да өзіне жарасып тұр. 

Гүлшат жайлап жанына жақындады. Атын атап еді, жалт қарады. Ол да Гүлшатты бірден таныды. Екеуі амандық-саулық сұрасты. 

Тұмар той иелеріне құдаша болып келеді екен. 

– Айтпақшы, танысып қой, мына кісі менің жолдасым Марат деп, бірге билеп жүрген еркекті таныстырды ол.

– Ооо, құтты болсын! Бағың ашылсын! Қашан тұрмысқа шықтың? – деп жатыр Гүлшат.

– Жақында ғана. Ертең кездесейікші. Жаңалығым көп. Өзіңді қалай тапсам екен деп жүр едім, – деп Тұмар қуанғанын білдірді. 

Той тарқап, үйге келген соң Гүлшаттың есіне Тұмар қайта-қайта түсе берді.

– Тұмардың бақытын тапқаны қандай жақсы болған. Баяғыда талай сырын айтып, жалғыздықтан жылап алушы еді. Бір басы екеу болыпты. Оларды үйге шақырып жіберейікші, араласайық. Тұмар жақсы келіншек қой, – деді жатарда күйеуіне. 

– Тұмардың жақсы екенін білемін. Ал анаусы барып тұрған алаяқ. Бір көргеннен жақпады. Мен айтты дерсің, адам танимын ғой. Шақырсаң, шақыр үйге. Келсін, көрейік күйеуімен сөйлесіп, – деді күйеуі.

– Сен де айта береді екенсің. Бір көрген аламды «алаяқ» деп. Өзі сазгер, ән шығарады деді ғой. Тұмарға керемет бір ән арнапты. Өзі өнерлі жан екен. 

– Әй, әйелдер-ай! Сендер тек құлақпен сүйесіңдер ғой. Мақтап-мақтап өлең, ән шығарса бір көрген еркекке құлап түсесіңдер.

– Қойшы, мен ондай емеспін. Тұмар да ақыл тоқтатқан жан ғой. Ол тек өзім сүйген, өзімді сүйген адамға тұрмысқа шығамын дейтін. Жаңа көрдің ғой, екеуі керемет жарасып билеп жүр. Бір-бірін сүйетіні көрініп тұрды.

– Қайдағы сүйген? Мен білсем, әлгі еркек әйелдердің басын айналдырып жүрген альфонстың нақ өзі. Жылтыраған түрі ұнамады маған. Оған Тұмар емес, басқа нәрсе керек, басқа нәрсе… 

– Ой, осы сенің күдікшілің-ай! Қашан адамдар туралы жақсы ой ойлайсың?

Жалғыз адамның жанын неге түсінбейсің? Бізге екеуі бақытты болса болды емес пе? Басқа басы артық әңгіме неге керек? – деп Гүлшат күйеуі Болатқа кәдімгідей ренжіп қалды.

– Қайдағы біреуді сонша қорғағаның не? Немене ұнап қалды ма? Ән шығарады дейді ғой. Шығарса қайтейін. Қазір қолыңдағы таяғыңды лақтырып қалсаң, әнші, ақын, сазгер дегендерге тиеді. Өлең де жазып, әнін де шығарып, өзі орындап жатқандар толып кетті емес пе? Қай жерге тұмсығын тығарын білмей жүрген анау да соның бірі. 

– Ұнап қалғаны несі? Мен тіпті онымен тілдескен де жоқпын ғой. Саған бірнәрсе көрінген шығар. Мына түріңмен оларды қайтіп қонаққа шақырамын? Оған бірдеңе деп жүрсең, Тұмардан ұят емес пе? Ол байғұс енді ғана бақытты болып жүргенде. Мен ертең Тұмармен жеке кездесемін. Күйеуі саған ұнамаса араласпай-ақ қойшы… Ойымды саған айтсам, өмірі бір жаққа қарап қисаясың да тұрасың. Қашан жөні түзу әңгіме айтасың осы? Жұрттың еркектері… – Гүлшат сөзінің аяғын айтпай жұтып қойды. 

– Немене жұрттың еркектері, жұрттың еркектері?! Мен тақияңа тар келіп жүрмін бе? Шыныңды айт! Қоясың ба, жоқ па? Тұмарың да, оның жаңа тапқан байы да құрып кетсін. Керек еді олар маған, – деп енді Болат дүрілдеп кетті.

– Сөзді қайда бұрып бара жатырсың өзің? Сені жамандаған жерім бар ма?

Тойдан да тыныштықпен қайтпайтын болдық қой. Көңіл-күйімнің быт-шытын шығардың. 

– Өзің ғой,Тұмарды айтып қоймайсың. 

Ол анау алаяққа күйеуге шықпағанда біз ұрыспайтын едік, – деп барып тоқтады. Гүлшат та қарап қалмай:

– Осы сен Тұмарды қызғанып отырғаннан саумысың. Тоқта, тоқта, сен расымен оны қимай, оның күйеуін жамандап отырсың. Әйтпесе бір көрген адамда нең бар? Баяғыда Тұмар екеуің бір рет кафеге барып… 

– Қайдағыны айтпашы, а. Қызғанғаны несі. Тұмарда нем бар? Кафеге Тұмар екеуміз емес, үшеуміз барғанбыз. Ұмытып қалғансың ба? 

– Үшеуміз барсақ, барған шығармыз. Бірақ сен сонда Тұмарға қарағыштап отырғансың. Әлі есімде. Тұмарды бір емес, екі рет вальске шақырғансың. 

Сосын бір рет түнде қоқыс төгемін деп екі сағат жоғалып кеткенсің. 

Бес рет Тұмарды көлігіңмен жұмысына апарып тастағансың. Ол ауырып қалғанда жүгіріп жүріп «жедел жәрдем» шақырғансың. Ауруханада жатқанда екі рет барғансың. Бұл менің білетіндерім ғана, ал білмейтіндерім қаншама. Сенің бар ғой, сол Тұмармен бірнәрсең болған, мен бәрін сезгенмін.

– Мынаның арам ойын қара. Осының бәрі осы уақытқа дейін ішіңе қалай сыйып жүрген? Ол біздің жақын көршіміз болды ғой. Өзің Тұмарсыз тамақ ішпеуші едің ғой. Қойшы, айналайын, басымды қатырмашы, – деген Болат теріс қарап жатып қалды. 

Гүлшат та теріс қарап жатты. Таңертең де екеуі бір-біріне тіл қатпады. Болат таңғы асын да ішпестен жұмысқа кетті.

Гүлшат телефонына жармасты. Бірден кеше жазып алған Тұмардың нөмірін терді.

Анау жақтан «кім бұл, таң атпай…» деп керілген Тұмардың дауысы естілді.

– Мен ғой, Гүлшатпын, бүгін түсте кездесеміз бе деп, сұрайын дегенмін, – деді бұл.

– Ой, біз әлі ұйқыдан тұрған жоқпыз. Қазір бізде бал айы ғой, – деген Тұмар сылқ-сылқ күлді. Сөйтті де «кейін хабарласамын» деп телефонын қоя салды. Сіркесі су көтермей отырған Гүлшаттың қаны басына шапты. Түні бойы соның жыртысын жыртып, күйеуімен ұрысып шықты. Күйеуінің бетіне қарамай, таңертең ашуланып кеткені анау.

Ал ол болса бал айы дейді ғой. Түнімен қызыққа батқан шығар. Гүлшаттың іші ит тырнап алғандай ашып кетті. 

Күйеуіне Тұмар үшін бекер артық сөз айтыпты-ау. Несі бар еді? Сонша қорғаштаған Тұмары қалың қалай деген де жоқ. 

Гүлшат Болатқа телефон соққысы келді. Алмай қойса, не істемек? 

Одан да жазғаны дұрыс шығар.

Күйеуінің ватсабын ашқан Гүлшат біраз ойланып отырып қалды.

Не жазса екен… Кешірім сұрауы керек шығар. Сол дұрыс деп шешті ол. 

«Жаным! Сен мені кешірші. 

Тұмар үшін сені бекерге ренжітіппін.

Сенікі дұрыс. Бүгін үйге ертерек келші. Ет асып қоямын, жарай ма?» 

Күйеуіне осылай деп жазып жіберген Гүлшат одан жауап күтіп көп отырды. Болат оқыса да жауап жазбады. 

Гүлшат оған екінші рет жазды.

«Жаным, сен қатты ренжіп қалдың ба? 

Кешірім сұраймын дедім ғой. 

Сенің айтқаныңның бәрі рас. Тұмардың күйеуі алаяқ, алфоньс. 

Мен де байқадым. Біз олармен араласпаймыз. Керегі жоқ. 

Үйге ертерек қайтшы, ет асып қоямын»

Күйеуінен жауап болмады. 

Гүлшат жынданып кетердей болып отыр. Тұмарға телефон соқты. Сол үшін күйеуімен ұрысып қалғанын айтпақшы. Ол да телефонын алмады. 

Оның да ватсабына жазды.

«Тұмар, қалайсың? Кеше сендер үшін Болат екеуміз ұрысып қалдық. 

Айтпақшы, күйеуің альфонс болып жүрмесін, байқа. Болат та айтып жатыр. Саған жаным ашып жазып отырмын. Қазір алфоньс дегендер көбейіп кетіпті. Ақшасы бар әйелдерді айналдырады екен. 

Сақтанып жүрші»

Тұмардан жауап тез келді.

«Гүлшат, мен өте бақыттымын! Мұншалық қызғаншақ екеніңді енді біліппін. Оның мені қаншалықты сүйетінін сен білмейсің. Араласпай-ақ қояйықшы. Сендерсіз-ақ таңым атып, тауығым шақырған. Қош бол!»

Тұмардың жауабын оқыған Гүлшат орнынан атып тұрды. «Ақымақ» деді ішінен. Көрерміз әлі. Жаны шыдамай, Болатқа телефон соқты, ұзақ уақыт безілдетіп тұрып алды.

– Не болды сонша? Жиналыстамын. Етіңді аса берші, – деп сыбырлай сөйледі күйеуі. 

Оның дауысын естіген Гүлшат қуаныштан шыр айнала жөнелді. 

Мені кешірген екен ғой, тек хабарласуға қолы тимеген. Бұдан былай біреу үшін күйеуін ренжітпейді. 

Қандай ақымақ болған бұл. Бөтен адамдар үшін жанындай жақсы көретін адамын жазғырып. Соны басқалар бағалап жатыр ма? 

Солар үшін үйіңде қырқысып жатсаң, олар жайбрақат өз өмірлерін сүріп жатады. Бұдан былай ешкімнің өміріне араласпайды, әңгіме айтпайды. Болды. Тек Болат екеуміз тату-тәтті тұрамыз. Керегі жоқ екен тіпті. 

Гүлшат осы оймен барып, тоңазытқыштан ет ала бастады.

Ойына тағы Тұмар түсті. Талай жақсылығы өтіп еді ғой. Оны да ренжітіп алды-ау. Кешірім сұрап, үйге шақыра салайыншы. 

– Тұмар, жаным, мені кешірші! Болатпен түнде ренжісіп қалғанның кесірі ғой, бәрі. Сенің бақытты екеніңе шын қуанып тұрмын. Кешке үйге келіңдерші. Болат та кешке келеді. Күтемін өздеріңді, – деген ол ұзақ сөйлесті. Тұмарлар келетін болды. 

Бір сағаттың ішінде алай-дүлей болған көңіл де, ашу да басылды. Сәлден кейін Гүлшат әдемі киініп, базардан анау-мынау әкелуге шығып бара жатты…

Гүлшат дастархан жасап, асып-сасып жүр. Келетін қонақ Тұмар мен күйеуі болса да етті де мол асып, салаттың түр-түрін жасап тастаған. Ашық түсті гүлді көйлегін киіп, шашын сəндеп алған. Сағатқа қараса, жеті екен. Күйеуінің келетін уақыты болыпты.

«Тұмардың күйеуі ішімдік ішеді ме екен, жоқ па? Қап, таңертең сұрай салмапты ғой. Ішпесе алдынан қайтар. Екі бөтелке алдырта салайын» деп ойлаған Гүлшат Болатқа телефон соқты.

– Жаным, қазір үйге Тұмар мен күйеуі келетінін ұмытқан жоқсың ба? Келеріңде екі бөтелке ала келші. Менің ішімдік таңдай алмайтынымды өзің білесің ғой. Басқасының бəрі дайын, – деп күйеуіне еркелей сөйледі.

– Ой, ертерек неге айтпадың? Үйге жақындап қалып едім, – деген Болат көлігін кері бұрды.

Сол кезде есіктің қоңырауы да шылдыр ете қалды. Тұмар мен күйеуі келіп те қалған екен. Гүлшат жүгіріп барып есік ашып, қонақтарын жылы шыраймен қарсы алды.

Мараттың қолында роза гүлдері бар екен.

– Мынау гүлдер дүниедегі ең сұлу келіншек өзіңе, – деп асқан бір ілтипатпен Гүлшатқа ұсынды. Гүлшаттың жүзі жайнап кеткендей. Ешкімнен мұндай гүл алмағалы қай заман, Болаты гүл сыйлауды ұмытқалы қашан…

Гүлшат ə дегеннен Марат пен Болатты іштей салыстыра бастады.

– Жоғары шығыңдар. Болат қазір келіп қалады. Жұмыстан кеш шығыпты, – деген ол қонақтарын залға бастады.

– Бізден басқа да қонақтар келе ме? – деп сұрады Тұмар жайласып жатып.

– Жоқ, бөтен ешкімді шақырмадым. Тек өзіміз ғана. Бəрі өзің мен Мараттың құрметі үшін ғой. Сендер үшін өте қуаныштымын, – деді Гүлшат.

Ойпырмай, Тұмардың өзің сияқты пейілі кең, өзі сұлу дос құрбысы бар екенін көріп, көңілім толып, шалқып отыр. Əйтпесе мен келгелі бері əлі ешкім қонаққа да шақырған жоқ. Ішім пысып жүр еді.   Сендермен танысқаныма қуаныштымын. Тұмар ертең Болат пен Гүлшатты үйге шақырып жіберейік, – деді Марат. 

– Иə, енді араласамыз ғой. Мен де бұларды бір қалада жүріп, жоғалтып алып едім. Кеше ғана қайта табыстық емес пе? Осылай деген Тұмар Гүлшатпен бірге ас үйге кірді.

– Күйеуің ашық-жарқын жақсы адам екен. Кісі жатырқамайды. Өзі əн шығарады дедің ғой. Қалай танысып жүрсің? Бұрынғы отбасы қайда? Ажырасқан ба? – деген Гүлшат өзін қызықтырған сауалдарының бəрін қойып тастады.

Тұмар да өзіндегі бар жаңалықты жеткізгісі келіп тұр екен. Шəй қайнағанша күйеуі Марат туралы Гүлшатқа түгін қалдырмай айтып берді.

– Өзің білесің ғой, күйеуім қайтыс болған соң екі қызыммен он жыл жалғыз тұрдым. Қыздарымның жас кезінде тұрмысқа шығып кетуіме де болар еді, бірақ оларды біреуге көзтүрткі еткім келмеді. Олар бойжетіп, тұрмыс құрып кеткен соң, жалғыздығымды қатты сезіндім. Базарда қаншама сауда нүктелерім бар. Бəрі бір басыма жетеді. Бір қызым басында менімен бірге тұрып еді. Кейіннен күйеубалам жатыпішер болып, əрі ішіп алып, маған да тіл тигізгісі келді. Сосын бөлек шығарып жібердім. Олар кеткен соң үлкен үйімде не істерімді білмей қалдым ғой. Бұрында күйеуге шығуды ойламайтын да едім. 

Бір күні Сырға деген құрбым мені Инстаграмға кіргізді. Басында тілін білмей, түк түсінбей жүрдім. Кейіннен достарым көбейді. Өзім бұрыннан əн тыңдағанды ұнатамын ғой. Пультпен бір əн айтатын келіншек бар ғой, бір күні сонымен дос болдым. Сол арқылы осы Маратпен достастым. Кейін жекеде сөйлесетін болдық. Өмірде көп қиындық көрген екен. Əйелі жанын түсінбейтін, сыйламайтын біреу сияқты. Əлі онымен ажырасқан жоқ.

Жақында ажырасады. «Сені сүйемін. Басқа ешкімнің керегі жоқ. Өмірімнің аяғына дейін сенімен боламын» – деп отыр. Маған күніге əн шығарды. Маған бұдан артық қандай бақыт керек? Марат келгелі жалғыздығымды ұмыттым. Тойға да жалғыз бармайтын болдым. Əзірге мешітке барып, некемізді қидырдық. Қыздарым да «мама, сіз бақытты болсаңыз болды» деп жүр. 

– Мейлі, өзіңе ұнаса болыпты ғой. Үй-жайы бар ма екен.

 Ажырасса бөлісетін болар? Өзі жұмыс істей ме екен?

– Маған Мараттың қарабасы болса болды. Дүние де, ақша да өзімде жетеді ғой. Көлігім де бар. Қазір оны Марат айдап жүр. Бұрын жақсы жерде жұмыс істеген екен. Қазір бос. Маған Алматыға кетіп, жаңа өмір бастайық деп жүр ғой. Көремін. Мүмкін көшіп те кетермізз. 

– Қандай күшті! Сені қатты жасы көретін сияқты. Тұмарым деп үздігіп тұр, – деді Гүлшат.

– Ау, сұлу келіншектер, мені жалғыз қалдырып қайда кеттіңдер? Тұмарым-ау, жаным, сүйген сыңарым-ау, сен қайдасың, – деген Мараттың дауысы шықты зал жақтан.

– Айттым ғой, мені жас бала сияқты көзінен таса еткісі келмейді, – деп күлген Тұмар қонақ бөлмеге қарай кетті.

Гүлшат шəй демдеп жатқанда екі бөтелкені құшақтап Болат та келді.

Тұмардың күйеуі Болатты ескі танысындай, тіпті өз үйінде отырғандай қарсы қалды.

– Ой, Бөке, аман-есен келдің бе? Біз ерте келіп қалдық па деп ыңғайсызданып отырмыз. Сені күтіп, шəй де ішпедік. Сенсіз шəй да батпайды ғой бізге, – деп іші-бауырына кіре сөйледі.

– Гүлшат, сен қызықсың. Келген қонаққа асыңды бере бермейсің бе? Мені көп күтіп қалдыңдар ма, – деп жатыр Болат. 

 Төртеуі үстел басына жайғасқан соң əңгіменің тиегі ағытылды. Сөз тізгінін қолына алған Марат төрде көсіле сөйлеп отыр. Ет жеп алған соң барылдаған дауысымен бір-екі əн айтты. 

– Негізі менің дауысым жоқ. Сонда да Тұмарым айт деген соң айтамын. «Əркімдікі өзіне, ай көрінер көзіне» демекші, менің осы дауысым бұған ұнайды.  Тұмарға ғашық болып шығарған əнім, сөзін де өзім жаздым, менің жүрегімнің сырын басқа біреу білмейді ғой.

– Сол əніңізді айтыңызшы. Тыңдайық , – деді Гүлшат.

– Аңсағаным, асыл айым,

Күнде өзіңе асығайын.

Ғашығым-ай,ғашығым-ай…  –

деп  Марат əндете бастады. 

– Керемет екен! Тұмар, сенде арман жоқ, – деді Гүлшат. Тұмар риза көңілмен сықылықтай күлді. Болат босаған стақандарға толтыра ақ құйып:

– Ал, онда осы əн үшін, екеуіңнің бақытың үшін алып қоялық, – деді. Марат дереу тартып жіберді. Сосын ешкімге сөз бермей тағы көсілді.

– Сен нағыз жігітсің! Гүлшат қандай тамаша əйел, сенің қадіріңді біліп отырған. Менің бұрынғы əйелім бар ғой, нағыз оңбаған. Менің қадіріме жетпеді ғой. Енді менен айырылып, жылап отырған шығар. Қойшы соны, Тұмарым аман болсын. Сендер аман болыңдар! Мен өткен өмірімнің бəрін ұмытамын. Оларды өмірімнен сызып тастаймын, – деп барып бір-ақ тоқтады.

– Қойшы, Марат, əйеліңді жамандамашы. Сенен ешкім ешнəрсе сұраған жоқ қой. Қайтесің айтып. Сосын көтере алмай қаларсың, көп ішпеші, – деп Тұмар ыңғайсызданып қалды. 

– Əйел деген күйеуінің сөзін бөлмейді. Сен де əбден еркін жүріп, еркек сыйлауды білмей қалғансың ғой, Тұмар. Міне, əйел деген мына Гүлшаттай болуы керек. Бөкеңді қалай сыйлап отыр. Артық-ауыз бір ауыз сөз айтпайды. Бөкең қандай жігіт. Келгелі мені құрметтеп, əнімді, өзімді сыйлап, құйып отыр. Еркек қой, еркек, – деген Марат бос стақанын Болатқа созды. Лық толтырып құйып беріп еді:

– Жаным-ай, міне енді тынысым ашылды ғой. Əн айтып берейін, – деп домбыраны қолына алды. Бір-екі əннен кейін үш тыңдаушы одан азар да безер болды.

– Қой, үйге қайтайық. Марат көп ішіп қойды. Көтере алмай қалды-ау. Мұндайы жоқ еді, – деген Тұмар  орнынан тұрды. Үй егелері  Маратқа қарады. Марат қолындағы домбыраны ары-бері аунақшытып:

– Бөке, мына домбыраң маған ұнап тұр. Осыны қалап тұрмын, маған бересің бе? – деді. Ерлі-зайыптылар бір-бірінің жүзіне қарады. Тұмардың күйеуінен ертерек құтылғысы келді ме Болат:

– Қалағаның домбыра болса ал. Бағанадан бері əйелімді мақтап отырсың, ертең оны да сұрап келме, – деп күлді.

– Ой, Бөке, еркексің-ау, еркексің! Алғысым шексіз. Əйда, ертең үйге келіңдер. Тұмар ет асады. Əн айтамыз. Рахаттанып бір демалайық. Осы жұмыс, жұмыс дей бермеңдерші. Жұмыс деген ешқайда қашпайды. Адам адамша өмір сүруі керек! Тұмарға да айтатыным сол. Осы уақытқа дейін жұмыс істеді ме, енді жетеді. Көлікке мініп алып, ел-жер аралап, көру керек. Келесі аптада төртеуміз бірге табиғат аясына шығайық, – деді Марат аяқ киімін киіп жатып.

– Болшы тезірек, үйге қайтайық, – деді Тұмар тағатсызданып.

Болат пен Гүлшат екеуін көлігіне дейін шығарып салды. Рөлге Тұмар өзі отырды да, Марат жанына жайғасты. 

– Ертең қонаққа келіңдер, күтеміз, келіңдер, – деді Марат кетерінде тағы.

Тұмар үндемеді. Гүлшатқа жай ғана ертең хабарласатынын айтты. 

 Үйіне қайта кірген Болат:

– Қонақтар кетті ғой, енді өзіміз отырып шəй ішейікші, – деді.

Гүлшат еріксіз жымиды.

– Тұмардың күйеуі қалай екен, – деді сосын күйеуіне сынай қарап.

– Жігіттің төресі ғой! Өзі қандай, сөзі мен əні қандай! – деді Болат.

– Қойшы, шын айтасың ба? Маған біртүрлі ұнамай қалды.

– Неге кеше ғана мақтап, есің кетіп отыр еді ғой. Əніне ғашық болып.

– Тұмарға лайықсыз сияқты. Сөзі де көп екен өзінің. Əйелін жамандағанын айтсай.

– Кеше айтсам, сенбедің. Бұл таза алфоньс қой. Тұмардың ақшасы бар екенін біліп, өтірік ғашық болып, қолына кіріп отыр. Оның аңдығаны ақша. Сен ертең Тұмармен сөйлесіп көрші. Мына алаяққа алданып қалмасын, – деді Болат.

– Иə, сөзінен миым ашып кетті. Ой бір тоқтамайды екен сабазың. Өзі кілең атақты адамдарды айтып отырды ғой. Бəрімен таныс-біліс сияқты. Тұмарға үйіңді сат, Алматыға көшейік депті.

– Əне, көрдің бе, өзінің келгеніне əлі бір ай толмапты. Əлден басын айналдыруды бастапты ғой. Байқасыншы,Тұмар, – деді Болат.

Шəй үстінде де екеуінің əңгімесі Тұмардың күйеуі болды. Жатарда да біртүрлі қылықтары еске түсіп, күліп алды.

«Еее,Тұмар-ай, жалғыздықтан қашамын деп кімге тап болғансың? Біз қателессек, жарар еді. Сен бақытты болсаң екен» деп ойлады Гүлшат көзі жұмылып бара жатып.

– Жаным, ыстық сорпаң бар ма? Басымның солқылдап жатқанын-ай. Кеше көп ішіп қойыппын ғой, – деді Марат ұйқысынан тұра сала ас үйде Тұмарға дауыстап. Тұмар дыбысын шығармады. Кеше түннен бері күйеуіне жыны ұстап жүр.

 Түкті халатын киген Марат терезе алдына сыртқа қарап тұрған Тұмарды ту сыртынан құшақтады.

– Маған ренжіп тұрсың ба? Анау ұрысқақ, тырысқақ қатыннан зорға құтылғанда сен сөйтпеші, а. Сенің айдай жарқыраған жүзіңе, күндей жылы мінезіңе ғашық болдым емес пе? Неге тырысып тұрсың?  Болат пен Гүлшатқа артық ешнəрсе айтқан жоқ шығармын. Сосын қойшы, соларды араласатын адамдар емес сияқты ғой.

 – Ойпырмай, сенің қай сөзіңе сенуге болады? Кеше ғана Бөке, Бөке, Гүлшат деп  осы жер-көкке сыйғызбай мақтап едің ғой. Домбырасын қалап əкеткенің анау. Ұят емес пе? Жап-жақсы адамдар олар.

– Олар жəй адамдар ғой. Бізге енді қызметі бар, үлкен ортадағы адамдармен араласу керек. Мына қала бізге қол емес. Үлкен қалаға көшу керек. Көлікті ауыстырып, жаңа үй алып, қалағанымызша өмір сүрейік. Басқа бізге не керек ? Тамағың бар ма? Айналайын-ау, күйеуге асқазан арқылы жол табу керек дегенді оқымап па едің? Сен маған жақсылап қарамасаң, кетемін де қаламын.

– Кеткені несі? Қайда кетесің?

– Маған ғашық болып, артымнан жүгіріп жүргендер жетеді. Айтпақшы, телефонымның нөмірін ауыстырып тастайыншы. Ватсапқа жазып, тыныштық бермейтіндерді өзің көріп жүрсің ғой. Ана оңбаған əйелімнен көңілім қалған соң өмірлік жар болатын əйелді көп іздедім. Солардың ішінен саған ғашық болып, іздеп келдім емес пе? 

 – Баршы,сорпа дайын болып қалды. Жуынып, шайынып ал. Тамақтанып алған соң саған костюм-шалбар алуға барайық, – деді Тұмар. 

– Жаным сол, менің қамымды сенен басқа кім ойлайды. Сенсең, ешқашан дəл мұндай бақытты болған емеспін. Сен менің бағымсың ғой.

Марат осы сөзді айтып, əндете басып жуынатын бөлмеге кірді.

 Арада бір сағат өткен соң олар қымбат киімдер сататын дүкенді аралап жүрді. Марат көңілді. Тұмар оны бастан-аяқ киіндірді. 

– Аяқ киім де ала салу керек еді, – Марат қайтарда. Тұмар күйеуіне бір емес, екі туфли сатып əперді. «Белдігім ескіріп кеткен екен. Шалбарымның сынын бұзып тұр» деп еді, жаңасын алды.

– Жаным-ау, өмірімде мұндай киімдер киген емес едім. Сен аман болшы, – деп еміренді Марат. 

– Үстіңде тозсын. Арғыкүні тойға барамыз. Бір-бірімізге жарасып, сай болып жүруіміз керек қой, – деді Тұмар.

– Енді бұл киімдерді жуу керек ғой. Бүгін балық жейікші. Балық нағыз пайдалы тамақ қой. Саған ақыл айтайын, адам өзінен ешнəрсе аямау керек, –деген Марат қымбат мейрамханадан ас ішкісі келетінін аңғартты.

 Олар үйге кеш қарая бір-ақ қайтты.

– Тұмарым, сен қандай ақылдысың! Мені бұл дүниеде түсінетін сен ғанасың. Мен енді туысқандарымды да, балаларымды да іздемеймін. Сенен басқа ешкім керек емес. Бəрін ұмытамын, – деді үйге келіп жүз грам ішкен Марат.

– Адам туған баласын ұмыта алады ма? Ұмыта алмайсың. Сосын сенің балаларыңмен араласып тұруыңа ешқандай қарсылығым жоқ. Араласа берсейші, – деді Тұмар.

– Байғұс балам-ай! Маған арқа сүйеп жүр еді. Бүкіл жұмыс соған қарап қалды ғой. Бəрі ана оңбаған, жексұрын шешесінің кесірінен. Соңғы кезде соны тыңдап, бəрі мені шетке қақты. Əкесін сыйлауды үйретпеді ғой, анау жарты ми.

– Туу, тағы бастадың ба? Қойшы, айта бермеші. Қимасаң, үйіңе қайт. Неғыласың өткенді қозғай беріп. Өзің жаңа өмір бастаймын дейсің де, қайтадан тұғиыққа бата бересің, – деді Тұмар.

– Дұрыс айтасың! Олардың маған көк тиынға керегі жоқ. Сенімен бақыттымын, – деген Марат Болаттан сұрап алған домбыраны қолға алды. Екеуі түннің бір уағына дейін əн айтып отырды.

 Арада бір апта өткен. Марат сыртқа шығып кетіп телефонмен көп сөйлесті. Үйге қайта кіргенде өңі біртүрлі болып, күрсіне берді.

– Не болды? Тыныштық па əйтеуір? Балаларың аман-есен бе? – деді Тұмар.

– Тыныштық, тек үйдегілер менің көлігімнің кредитін төлей алмай қалыпты. Енді банк алып қоюы мүмкін. Қап, енді не істеймін, а? Көліксіз қалай жүремін, – деп безектей  бастады ол.

– Саған ол көліктен пайда жоқ қой. Бəрібір мініп жүрген жоқсың. Ұлың айдап жүрсе, өзі төлеп құтылуға тырыспай ма?

– Көк тиындары жоқ қой олардың. Үйде ақшаны күректеп табатын мен едім ғой…

 Ана ақымақ қатынға ешқашан жұмыс істеткен емеспін. Үлде мен бүлдеге орап қоятынмын. Сол жақсылығымды білмеді ғой. Енді кеп көліктен айырмақшы. Ұлыма көлігін сатып жібер депті.

– Уайымдай бермеші, бір мəнісі болар.

– Тұмарым, бізге сол көліктен айырылып қалмау керек. Сенің мына көлігің ескіріп қалыпты. Менікі су жаңа. Былтыр кредитке алғанмын. Сенікін сатып жіберейік те, бар ақшаға анау машинаның кредитін жабайық. Сосын оны өз атымызға аударып аламыз да, алаңсыз қыдырып жүреміз, – деді Марат.

– Саған бəрі оп-оңай екен, иə. Біріншіден, мен өз көлігімді сатпаймын. Сосын сенің кредиттегі көлігің бізге керек емес. Оған тиіспе, ұлыңда қалсын. Неғыласың оны. Менің көлігім екеумізге жетеді ғой, – деді Тұмар. 

– Сонда мен еркек емеспін бе?  Өзімнің көлігім болмай ма? Онда маған су жаңа көлік əпер де менің атыма жаздыр. Сонда ғана жаным тынышталады. Əйтпесе, анау көлігімді ойлап, мазам қашты. 

– Қызық екенсің. Көлікті мен əперуім керек пе? Жұмыс істеп өзің алмайсың ба?

– Қайдағы жұмысты айтасың? Кезінде жұмыс істегенмін. Енді тек демалуым керек. Ауыр жұмысқа жарамаймын да. Сенде ақша көп қой. Екеумізге жетпей ме? Жалғыз күйеуіңді асырауға шамаң жетеді ғой, – деген Марат сөзінің аяғын əзілге айналдырғысы келді. 

 Осы күннен бастап, Тұмар қалың ой құшағына енді. Жалғыздықтан қашып тиген күйеуі жатыпішер, арамтамақ біреу сияқты. 

Күн сайын айтатыны қымбат көлік. Тұмарды көлік салондарына апарады да ішіне отырып алып, ыржиып суретке түседі. Ол суреттерді жан-жақтағы достарына жіберіп «Тұмар маған су жаңа көлік əперді» деп жазып жібереді.

– Неге өтірік айтасың? Ұят емес пе? Қай күні Болатқа да салып жіберіпсің. Гүлшат сұрағанда не дерімді білмей қалдым, – деп Тұмар ренжісе, оған да жауабы дайын.

– Жаным-ау, жақсылықты жар салып айта беру керек қой. Əйтеуір бір күндері сол көлікті əпересің ғой, – дейді саспай.

 Марат бірде телефон арқылы бір əйелмен əбден ұрысты. «Бұл кім?» деп сұрап еді:

– Бір жынды қатын  ғой. Баяғыда үш миллион  берген өзі. Шіріген бай. Ол үшін үш миллион бес теңге сияқты. Бір концертіме демеуші болып, ақшамды сұрамаймын деп еді. Кейіннен мені үйіне жиі шақыратын болды. Барып тамағын, арағын ішіп, қайтып жүрдім. Өзі менен он жас үлкен, семіз əйел. Соңғы шақырғанында «массаж жасап берші» дейді. Қойыңыз, жасай алмаймын дедім. Сонша ақша бергенімде массаж жасамаймын дейсің, арқам құрысып, мазам болмай отыр деген соң бір-екі сипалап бергенмін. Соны əдет етіп, апта сайын шақыратын болды. Оның іркілдеген денесін көрген сайын жиіркенемін. Бірақ үш миллион берді ғой деп, тағы да арқасын сипалаймын. Сөйтсем, оның ойы əріде екен. Бір күні ,,жүр екеуміз Түркияға, Египетке барып, дем алып қайтайық. Ол жаққа барған соң ашыласың ғой,, – дейді. Ол семізбен неғыламын ол жақта. Ішімнен жақтырмасам да «көреміз, жарайды» дегенмін. Сөйтіп жүргенімде сенімен таныстым ғой. Телефонымды ауыстырсам да тауып алып, «Түркияға барайық» деп қоймайды. Бірге бармасаң 3 миллионды қайтар, болмаса сотқа беремін, тағы біреулерге телефоныңды беремін деп қорқытып жатыр.

– Енді не істейсің? Одан қалай құтыласың? 

– Мен оған айттым. Мен саған қарыз емеспін. Үйімнен кетіп қалғанмын. 3 миллионды негізі мен жаратқан жоқпын. Концерттен түскен ақшаның бəрін ана үйдегі қатынның қолына бергенмін. Сол құртқан. Содан алсын. 

– Туу, не болып кетті. Күніге бір нəрсе шығып жатыр. Əнің де жайыңа қалғандай. Асаба бола аламын деп едің ғой. Асаба болып ақша тапсаң қайтеді? 

– Асаба болуға болады. Бірақ бұл қалада асаба көп екен. Маған нан жегізбес. Бізге Алматыға көшу керек. Ол нағыз өнер ордасы ғой. Сен ертең  мына пəтеріңді сатуға қойшы. Жаңа өмір бастайықшы. Өзіңе арнап талай əн жазамын. Екеуміз шалқып өмір сүреміз. Шыттай болып киініп алуымыз керек. Айтпақшы, маған жылтыр, ою-өрнегі бар костюм керек еді. Өткенде көріп едік қой. Соны киіп, кейбір əндерімді өз дауысыма жаздыртып, тойда əн айтсам да болады. Ой, сен менің қырып ақша тапқанымды білмейсің ғой. Əлі сені үлде мен бүлдеге орап қоямын. Маған төлеген ақшалардың бəрін қайтарамын. Көр де тұр. 

Марат біраз желпініп барып тоқтады.

 Сол түні Тұмар түні бойы ұйықтай алмады. Марат ұйықтады-ау деген кезде жайлап тұрып, ас үйге барып, ұзақ ойланды. 

Жылағысы келіп еді, жылай алмады. Осыдан біраз уақыт бұрын ғана жеке өміріне еніп, жалғыздығын ұмыттырғандай болған адам өзі ойлағандай азамат емес екен. Оған тұрмысқа шығуға неге асықты екен? Енді бұдан қалай құтылмақ? Өзін жақсы көретін сияқты. Бірақ еңбек етейін деген ниеті жоқ. Айтқан сөзінің бəрі өтірік сияқты. 

Кеше Гүлшат та «анауыңнан байқашы, сөзі сұйық адам сияқты. Көп сене берме» деп жазып жіберіпті. Расында, солай ма екен? 

 Бірақ мұның менен басқа баратын жері, басатын тауы жоқ қой. Не істесем екен? 

Қаңбақтай жел айдап келген бұл адамның түпкі ойы қандай? Шіркін, соны білсе ғой.

 Осындай ойлармен жастыққа басын қойған Тұмар Алладан күйеуімнің шын келбетін көрсетші деп тілек тілеп жатты. 

 Таңертең Марат ерте тұрыпты. Таң атпай қайда асығып тұрғанын сұраған Тұмарға:

– Кеше тойға киетін костюм аламыз деп едің ғой. Түні бойы түсіме сол кіріп шықты. Тезірек алайықшы, – деді. Тұмардың қаны қайнап басына шапшыды.

– Ақшаң бар ма? Бар да, ала берші, – деді.

– Менде қайдағы ақша? Өзің ғой əперемін деген, – Марат балаша өкпеледі де қалды. Ал Тұмар таң алдында ғана көрген түсін есіне қайта-қайта түсіріп, төсектен тұра алмай ұзақ жатты.

Түсінде Алматыда ең биік үйлердің ортасында тəлтіректеп, өзі зорға  кетіп бара жатыр екен. Мойнына екі аяғын салбыратып Марат мініп алыпты. 

Тұмар бұл түсті ешкімге айтпай-ақ өзі іштей жорыды. Міне, Алладан сұрап едім, Мараттың шын бет-бейнесін көрсетіп берді. Ол нағыз  арамтамақ екен. Бірақ Тұмар бұл түсін Маратқа айтпады. Тіпті киініп алып, жас баладай бұртиып отырған оны аяп кетті.

 Бейшара-ай, жас кезінде жөні түзу де кимеген ғой, қызыққан костюмін əперейінші, – деп ойлады. Таңғы астан кейін олар тағы да дүкен аралап жүрді. Сол күні Мараттың қуанышында шек болған жоқ.

Арада үш күн өткенде Марат тағы көңілсіз күйге түсті:

– Енді қайттім, Сəнімгүл ақшасын сұрап жатыр. Сотқа берем деп қоймайды. Іздеп келемін дейді. Сен соған үш миллион бере салшы. Мен үшін. Күйеуіңді құтқаруың керек қой, – деді жалынышты үнмен. Тұмар сабыр сақтап үндемеді. 

 Ертесіне таң атпай Тұмардың телефоны шырылдады. Кіші қызы екен: 

– Мама, мен енді шыдай алмаймын. Күйеуім ішіп келіп, тағы ұрды. Үйге барамын, – деді. 

– Келсең кел, бірақ ашуың басылғанша ғана.

Ажырасамын деп ойлама, – деді ол.

Үш жасар баласын алып, Тұмардың қызы келгеннен Мараттың мазасы қаша бастады:

– Үш күннен кейін Тұмарға қызың үйіне қайтпай ма?  Тыныштығымыз бұзылды ғой. Баласы жылай береді. Маған көлік əперуге қимаған ақшаны қызыңнан аямай жатырсың. Солар келгелі менімен жөнді сөйлеспейтін де болдың. Сонда мен кіммін? – деп ызыңдап миын жейтін болды.

Ақыры Тұмар шыдай алмады.

– Бұл менің ішімді жарып шыққан қызым. Күйеуі екеуі татуласқанша қамқорлық жасаймын. Далаға тастай алмаймын. – деді.

– Мен ше? Мен кіммін? Бір сен деп жүрген жоқпын ба?  – деді Марат. 

– Сенің не үшін жүргенің маған бәсенеден белгілі болып қалды. Пəтерімді де сатпаймын. Саған көлік те əпермеймін, кредитіңді де жаппаймын, Сəнімгүліңнен алған 3 миллионыңды да төлей алмаймын. Саған түсінікті болса, қалаған жағыңа бара бер, – деп айтып салды ашуға булыққан Тұмар.

 Мараттың жүзі қабарып, сөйлей алмай қалды. Тұмар көз жасын көрсеткісі келмей, теріс айналып кетті. 

Түс қайта Марат ала дорбаға өзі киіп келген ескі-құсқы киімдерін сала бастады:

– Мен əперген киімдердің бəрін алып кет. Маған олардың қажеті жоқ. Кешкі пойыздан қалып кетпе, міне билетіңе ақша, – деп Тұмар он мың теңгені үстел үстіне қойды.

Арамтамақ су жаңа киімдердің бəрін сөмкеге салып алды да, үнсіз ақшаға қол созды.

 Тұмар  алаяқтан тезірек құтқарған Аллаға іштей алғыс айтты.

Фатима Забурақызы,

Жазушы.

Пікірлер:
  • Сіз банктерден несие алуға тырыспадыңыз ба? Қарыздан құтылу үшін тез арада ақша керек пе? Жеке кәсіпті ашу немесе кеңейту үшін ақша керек пе? Біз 3%-дан 5%-ға дейінгі пайыздық мөлшерлемесі бар ақшаны және басқа да несие түрлерін береміз. Біз бүкіл ел бойынша 3,000.00 -ден 100 миллион АҚШ долларына/POUNDS/EURO дейінгі несие береміз. Біз 100% қаржыландырамыз және 75% -85% LTV-мен мүлікті сатып алу үшін мына WhatsApp-қа жауап беріңіз: +447451280545 немесе электрондық пошта: sllcapitaluk@gmail.com

Пікір жазыңыз