Мынау сенің сүйегіңді көмген жер…

734

0

Жалағаш ауданы, «Мақпалкөл» ауылында (қазіргі  Темірбек Жүргенов атындағы ауыл) 1966 жылы туған. Қызылорда пединститутының «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін бітірген. Қазір республикалық «Таң-Шолпан» әдеби журналының бас редакторы.
Cенің бүгін туған күнің еді ғой…

Бөлек еді, бөлек еді болмысың,
Бөлек болған болмысыңа болды сын.
Сенің жаның сыршыл құстың сазы еді,
Ғарыш жаққа ұшып кетті сол құсың.

Ұшып кетті, ұшып кетті ғарышқа,
Ғарыш деген адамға тым алыс па?
Бұлдырық боп бір күндері қонарсың,
Мақпалкөлге өскен қалың қамысқа…

Мақпалкөлдің жағалауы жал қамыс,
Жал қамысқа желмен бірге самғап ұш.
Жүрегімнен жалғыз тамшы тамызып,
Жазған жырым жалғаныма алданыш.

Жазған жырым жалғаныма жұбаныш,
Жалған деген – жойқын дария, ұлы ағыс.
Құс қайтқанда сен де аттандың сапарға,
Бұл сапарың тым ызғарлы, тым алыс.

Тәңір деген мейірімді, кең білем.
Басымды иіп, көңілімді сендірем.
Бұлдырық боп бір күн ұшып келер деп,
Мақпалкөлге бара берем енді мен.

…Өлең жаздым өтіріктен мән құрап,
Ондай мәнге иланбайды мәңгі жақ.
Өлең деген өлмегенге алданыш,
Өлең деген өлгендерге сандырақ.

21.01.2018 жыл


***
Бүгін сенің туған күнің тағы да…

 Жыл дегенің жылжып кетіп барады,
Біртін-біртін алыстатып араны.
Бүгін сенің туған күнің тағы да,
Не дей алам, мұң басады сананы.

Нөміріңді өшіргем жоқ, бар әлі,
Сағыныш боп сезімді еске салады.
Өзіңді іздеп таба алмаймын енді мен,
Тапса жалғыз қиял ғана табады.

Жан сырым ғой сағыныштан сарғайған,
Қобыз болып күңіренсем шалғайдан,
Менің емес, Хақтың ісі қалайда,
Қиял қуып жазсам өлең әр қайдан.

Мына өмірге келген күн мен кеткен күн,
Екі арасын сұлу етіп өткердің.
Көктем сайын жыл құсы боп оралып,
Көктем сайын жалбыз болып көктерсің.

Деп өзімді жұбатамын, алдаймын,
Түсінбеймін, осы өзі мен қандаймын?
Бекер ме екен бұлдырық боп келмегің,
Мақпалкөлге енді қайтып бармаймын.

Кеткен күнің көкіректе болып мұң,
Орындалмас ойға тағы жолықтым.
Есіміңді жүрегіме қондырып,
Бақиға алып кетеді екем, соны ұқтым.

21.01.2019 жыл

***

Тағы… тағы… туған күнің тағы да…

Телефоның сөндірулі…
Терген ем…
Үн қатпадың, айналайын, сен неден?
Терезеңде бүгін тағы жарық жоқ,
Сияқтысың сапарыңнан келмеген…

Өйткені сен… өйткені сен…
айта алман,
Сол ғой мені үнсіз кері қайтарған.
Кеше ғана көктем едің көгерген…
Кеше ғана жаз едің ғой жайқалған…

Кеше ғана… кеше ғана…
Жалған-ай…
Жарық еді, жайдары еді бар маңай…
Жылуынан айырылған жалғанның,
Атан тарта алмайтұғын салмағы-ай!

«Мынау сенің сүйегіңді көмген жер»,
Солай дейді, солай дейді көргендер.
Төмпешікке өнген жусан желкілдеп,
Тіршілікке көзін тігіп телмеңдер.

Пәни менен жалғап бақи арасын,
Мәңгіліке үнсіз самғап барасың.
Біз көрмеген періштелер бар дейді,
Жолығатын оған да өзің ғанасың!

Іштей ұлып қайттым қырдан қоя алмай,
Қыр басында қала бердің оянбай.
Жазсам деп ем өзіңе арнап жүз өлең,
Жүз өлеңді жаздырмаған, ой, Алла-ай!

Бүгін сенің туған күнің… сен бүгін
қуанар ең, ызбандасам кемді күн.
Мақпалкөлді айтар едік сағынып,
Мақпалкөлді мекендейді енді мұң.

«Сенің жаның аппақ еді-ау қардайын…»
Тасқа қашап тағы бір жыр арнайын…
Елесіңді енді өлместей тірілтіп,
Өлеңіммен өміріңді жалғайын…
21.01.2020 жыл

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<