«Пәдаркі» немесе құрттан туған хикая

1696

0

Қолыма екі түйір құрт іліккені. Әлдекімді дәлдеп ұрсаң, көзін шығаратындай тастай екен. Ауызға атып ұрып, әрі-беріден соң тіске де салып көргенмін. Болмады. Екі ұртқа кезек-кезек аунатып қойып, осы құрттан туған хикаяны жаза бастадым ал. Әй, өзі де біраз ермек болды.


Қай жылы екені есімде жоқ, әйтеуір бала күнім. Бастауыш сыныптамын. Жаңа жылға тұп-тура бір апта қалған уақытта Бейбітгүл ұстаздың тапсырмасы мынау болды:


– Жақында кластың шыршасы болады. Ата-аналарыңа айтыңдар. Әр бала өз сый­лық­тарын жасайды. Соны әкеліп тапсырасыңдар.


Сабақтан соң салып ұрып үйге жеттім. Әншейінде мұзды арықты жағалай, былғары сөмкені шана етіп, төбеден сырғанап, ойын шіркіннің есін тандыратын Ержанның мектептен ерте оралуын үйдегілер түсінбей қалды.


– Әй, біреумен төбелес­кеннен саумысың?

Танауың таңқиып, алақ-жұлақ етіп, бірдеңе бүлдірген ғой тағы. Әлде сабақтан қаштың ба?! Апамнан бұрын үлкен тәтемнің даусы қарсы алды. Ашулы болғанымен, оның апамнан бата алмайтынын білем. Бірден солай қарай жылыс­тадым. Мұндайда қожаның қызы – Сары кемпір қорғаныс министрінен кем емес.


– Апа, – дедім жанына жете сыбырлай сөйлеп. – Маған пәдаркі керек.


– Өй, ақұдай, саған күнде пәдаркі дайын ғой. Сөйтті-дағы да ішкі қалтасын ақтарып, Қазалының ащы кәмпитін шығара берді.


– Ондай емес.


Апам түсінбей әлек. Мұғалім айтқан тапсырманы әйтеуір түсіндірген болдым.

– Ә-ә, – деді апам. – Ақұдай-ау, соны да жыр қылады бұлар. Тамағыңды іш те, сабағыңды оқы. Ертеңгісін өзім дайындап қоямын пәдаркіңді. Осылай деген апамның қулана күлгені есімде.


Ертеңіне қағаз қалтаға сықап толтырылған жаңа­жыл­дық сыйлықты апайыма әкеп тапсырғанмын. Ішіндегі сол кезгі бар тәтті – вафли, «Пикник» деп аталатын пешенайды, «Албени», коржик, пряндіктің дәмін елестетудің өзі қызық еді. Жан Клод Ван Дам мен Шварценеггердің сынды шетелдік әртістің суреті бар сағыздарды қия­лым­да шайнағанымды қалай ұмы­тайын?!


Қош, күттік. Жаңа жыл да келді. Мерекелік ертеңгілікті бастап кеп жібердік. «Аппақ, аппақ, жапалақтап, Қар жауады тынбастан» деп сарнатып ән салып, қол ұстасқан күйі шыршаны айналып та алдық. Шырша демекші, кәдімгі көше беттегі қара талды мектеп ұстасы Марат аға түнеугіні балталап жатқан. Бір білсем, соны спорт залдың қақ ортасына қоя салған сияқты.


Кезек маған келді. Не айтқанымды анық білмеймін, әйтеуір төрт жол тақпақты судыратып өте шыққаным есімде. Қазақы шапанды киіп, ақ мақтамен бет-аузын көмкеріп алған, жоғары сыныпта оқитын көрші Кәлдік-Қанжарбектің Аяз ата екенін күні бұрын білетіндіктен, бар ойым сыйлықта. Құмардан шығып, бір тою.


Мереке аяқталған соң, сыйлықты сөмкеге тыға салдым. Ал, үйге қарай зымыра енді, Ежөк! Хикаяның қызығы келіп қалды. Үйге жеткен соң, сыртына «Қожасов» деп фломастермен сүйкете жазылған апайдың жазуын бір оқып шықтым-дағы, қағаз қалтаны абайлап аша бастадым. Енді ше?! Абайламасаң, ішіндегі бар тәттінің қызығы болмай қалатын сияқты. Міне, аузы ақ жіппен түйілген қалтаның бірінші сыйлығына қолым жетті. Жо-жоқ! Мүмкін емес.

Қолға іліккені екі түйір аппақ құрт. Кәдімгі апамның өзі істеген құрты. Қисық мүйіз қара сиыр мен шұбар бет ала қашардың сүтінен дайындады ғой осыны. Бәлкім, тәттілер қалтаның түбінде шығар. Әрі қарай ақтара түстім. Қайдағы? Одан кейін жаздай қайнатқан жәмбілше мен қазақы қауынның құрты. Күләбі мен шытырлақ қауыннан өрілген қақ. Ірімшік. Қайдан адасып түскенін білмеймін, Қазалының ащы кәмпиті де осында жүр. Ызадан өкіріп жылап жібердім. Жыламай қайтейін, екі күн қиялымдағы тәттілер алдымнан шықпаса.


Қазір ше? Ер жеттік, есейдік. Тақырбас күйден шаш қойып, тарақ ұстайтын халге жеттік. Балалықпен отбасы жағдайын сол кезде ұға қоймаппын. Жалғыз апамның зейнетақысы азық-тү­лікке ­жетпегенде, менің жаңажылдық пә­дар­кіме қайдан жетсін?! Сол уақыттағы қиындық, Тәуел­сіздіктен кейінгі ел тұрмысының күйзелісте болуы біздің үйді де айналып өтпеген. Апамның дайындаған сыйлығын жек көріп, жер тепкілеп жылағаным қалай?! Мен мұның дұрыс емесін тым кеш ұқтым, тым кеш білдім.


Кешірші, апа! Сол күні өбектеп, жаның қалмай, алдағы зейнетақыңнан бар тәттіні алып беруге уәде еткенсің әрі оны орындадың да. Тентек ұлдың кейіннен журналист болып, осылай естелік жазарын ол кезде кім білсін?! Бүгін мына қолға түскен қос құрттан кейін өзіңді шын сағынғанымды ұқтым. Күнделікті күйбеңмен сені ұмытсам да, «ана ауылда» жүріп-ақ менің тілеуімді тілейтініңді білемін.


Айтпақшы, сол кездегі майлы құрт та, қазан түбіндегі қаспақ, қаймаққа шыланған талқан, жаздай қайнатылған қауынқұрт, тілінген қақ – мұның бірі де қалмады. Апамның берекесі еді ғой бұлар.


Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<