Парасатты жазушы

544

0

Өмір бойы жазған, қазір де жазатын жазушы-журналист туралы толғау әсте қиын-ақ. Мен оны қаншалықты жақсы білсем де не жазарымды, қалай келтіріп мақтан сөз айтуды білмей отырмын. Мен онымен ұзақ жыл көрші болдым. Талай рет үйінде болып, емін-еркін әңгімелесіп, өмір тарихымен біршама таныстым. Ғибратты әңгімелерін тыңдадым, кітаптарын оқыдым, туған ағамдай жақсы араластым. Бауырымдай болған сол ағам – Айжарық Сәдібекұлы тәуелсіздік күні қарсаңында сексенді толтырды.

Бұдан бір ай бұрын Қызылордаға жол тү­сіп, үйіне бардым. Ағам жазу столында отыр екен. Бұрындары те­лефон арқылы сөй­лесіп, хабарласып, ел­дің амандығын, өзінің жағ­дайын сұраға­ным­­да, «анау-мынау­ды жа­­зып, ертеректе бас­талып бітпей қал­ған ши­майларды, ой­да жү­ріп жазылмай қал­ған дүниелерді то­лық­­тырып және қа­зіргі заманның қуқыл тіршілігінің өзім түй­сіктеген кейбір түйт­кілдерін жазып жа­тыр­мын» дейтін. Бұл барғанымда да осы әде­тінің үстінен түсіп­пін.

Иә, Айжарық аға өмір бойы жазып ке­леді. Осы барға­нымда өзінің былтыр жа­рық көрген «Жұмыр жерде біз бармыз» және «Парасат майданы» деген екі кітабын сыйлады. Кітапқа кіріспе сөзінде Айекең «Өмірдеректе айтыла беретін еңбек жолым ә дегеннен аудандық газеттің редакция­сында басталып еді. Уақыт өте келе  бұл қызмет мені «таңдаған мамандығыма», дұрысы тапжылмас тағдырыма айналды. Әдепкіде жазушы-журналист болу ойыма кел­­мепті. Тағдыр талайыма жоғары білімді мұғалім дипломымен журналист болу жазылыпты. Бұл өзі ой мен жазудан бас көтертпейтін кәсіп екен. Осы машақатпен айналысқалы әрбір күнім мен түнім ой кешумен өтіпті. Айтарыңыз не, редакцияның қызметіне бір жегіліп алғасын ойсыз, жазусыз күнің өтіп, таңың атып болмайды екен.

Осы күні мен өзімді ұшы-қиыры жоқ жазудан салынған қиыр-шиыр жолмен жүріп өт­кендей сезінемін… сегіз сағаттық өлшемге сыймайтын, уақытпен санасып жатпайтын, қалай, қанша жазсақ та, сол «шатпақтарымызға» өмір бойы көңіліміз толмайтын кәсібіміз болған екен. Көзіміз де, шашымыз да «жазу да жазу» дейтін көк бейнетпен ағарыпты. Не жаздық, қалай жаздық, нені келістірдік, нені келістіре алмадық, оны кім есептеп жатыр. Жылдар бойы жазғандарымнан өзгелер тұрмақ өзім де жаңылысып қалыппын… Сол жазғандарым басылым тігінділерінде сар­ғайып қал­ды. Сонымен болды» деп жур­налистиканың ауыр да, машақаты көп бейнеті туралы шындықты айтады.

Айжарық Сәдібекұлы ал­ғашқы шығармашылық туындысын студент кезінде Жү­сіпбек Арыстановтың Ғани Мұратбаев туралы жазған «Жалынды жү­рек» повесіне рецензия жазудан бастайды. Тырнақалды туындысы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көреді. Бұл рецензияны жазуға пионерлік, комсомолдық патриоттық рухта тәрбие алған Айекеңе Ғани Мұратбаевтың жерлестігі де әсер еткен болуы керек. Өйткені сол жылдары өз өңірімізден шыққан батырларды, танымал тұлғаларды, жазушыларды жерлесіміз деп мақтан ететінбіз.

Осы туындысынан қуат­танған Айекең әңгіме  жазуға бет бұрды. Алғашқы әңгімесі де көп күттірмей облыстық «Ле­нин жолы» газетінде жа­рық көреді. Осыдан кейін-ақ Айе­кеңнің өзі айтатындай «жазу, тағы да жазуы» басталады.

Арал теңізіндегі Көкарал түбегінде дүниеге келген Ай­жарық аға әріп танығаннан бас­тап кітап оқуға қызығушылық танытады. Өзі айтатындай қол­­ға түскен кітабын оқиды. Осы қызығушылық Н.Гоголь атындағы Қызылорда педаго­гикалық институтына алып келеді. Екінші курстың соңына таман 1963 жылдың күзіне дейін Қармақшы аудандық «Ком­мунизм шам­шырағы» га­зетінде қызмет атқарады. 1964 жылдың басында әскер қата­рына алынып, онда екі жарым жыл болады. Келгеннен кейін оқудың сырттай бөліміне ауы­сып Жалағаш аудандық «Жаңадария» газетіне еңбекші хаттары бөлімінің меңгерушісі болып орналасады. Осылайша Айжарық Сәдібекұлының  бейнеті мен тірлігі мол нағыз журналистік өмірі басталады. Ол кезде басылымдарда пар­тияның әрқилы ұрандарына бай­ланысты журналистерді ша­руа­шылықтарға жіберетін. Онда партияның бесжылдық жоспарлары, олардың орындалуы туралы жазуды көбі­рек тапсыратын. Көркем шығарма жазуға бейім Айекең партияның тапсырмасын орындау үшін көп уақытын осы тақырыпқа арнайды.

Бұл туралы Айжарық аға «Көбіне атанның қомында, ат­­тың жалында дегендей, асы­ғып-аптығып жүретін ты­нымсыз жағдайымызбен га­зеттің қара мақаласын жазумен айналысқан адамдардың шығармашылық өмірінде қа­шан да, қайткенмен де бір бүйірі олқы соғып тұрады. Көркем шығарма жазуға біржола отыра алмай, партия мен өкіметтің жұмысы бүйірден киіп кеткенде, жазу үстіндегі ойы үзіліп қала беретін адамның көп күндері «әттең-әттеңмен» өтеді екен… Жазушының жаз­уымен, ғалымның ғылымымен бірыңғай айналысқанына не жетсін. Көп­теген тұрғылас­та­рымдай менің де жолым оңай болған жоқ. Газеттің бұрылуға мұрсат бермей баққан қара жұмысы жанымды жеп қойды. Менің бұл айтқанымның астарын көп жыл газеттің миашу жұмысымен айналысқандар ғана түсінер» дейді.

Рас. Сол жылдары шығар­машылық адамына еркіндік бе­рілмейтін. Цензура деген ит таппайтынды табатын. Бір кілтипан табылса болды, сер­гелдең мен зобалаң  басталатын. Ал одан құтылу  болмайтын. Әйтеуір бір шара қолданылмай басылмайтын. Ал­дымен партияның жұмысы алға қойылатын. Толып жатқан съездердің, пленум­дардың, бас­қа да партиялық қаулылар мен шешімдердің, тап­сырмалардың шегі болмайтын.

Француздардың «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деп айтатын айтулы сөзін Айжарық Сәдібекұлының шығармашылық еңбегі арқылы жоққа шығаруға болады. Айе­кең ешуақытта еңбегін бұл­даған емес, басқалар сияқты кө­рініп қалайын, мені де көтерсін деп өзін танытуға және атақ-даңқ сұрауға ұмтылған жоқ. Өңірде жүріп-ақ елге танылды, шығармаларын оқырман жылы қабылдады. Айекеңнің өзі айтатындай «бүгінгі қаламгерлердің ел ішіндегі беделі дегенде, мен не дейін? Ақын-жазушылар шығармаларын ол үшін жазбайтын шығар. Шығармалары сәтті туса, оны жұртшылық (қоғамдық орта) жылы қа­былдаса, бедел деген сол. Қа­лам­герге одан артық не керек?» Иә, парасатты жазушының беделі де осыдан көрінеді.

Айжарықтың жазғандары­ның басым көпшілігі  еңбек адамдарына, олардың жан­кеш­ті бейнеттері мен сүбелі сөз­деріне, мінездеріне, рухына ар­налған, яғни, тәрбиелік мәні зор еңбектер.

Ол еңбек адамдарына кө­бі­рек орын бергенін былайша түсіндіреді. «Өз басым балық­шылардың ауыр тұрмысын кө­ріп өс­кендіктен бе, қа­­лам­ды қару еткен ғұмы­ры­­да маңдай терімен күн көрген пенделерге іш тарта беретін едім. Қа­­ратау мен Арал ара­лығын аралай жүр­генде не­бір күндерім мен түндерім жүз­дерін күн қаққан диқан­дар­дың да­ла қостары мен мал­шы­­лардың өрісте­рін­де өтті. Мен сол еңбек то­ры­ла­рын ұлықтадым. Көр­­гендерімді көңі­ліме түйе жүріп, кім­дердің кім екенін оймен пайымдап, ақылмен сараладым. Кейіпкерлерім – өмір­де болған адамдар. Кейіпкерлерімнің кі­сілік жаратылы­сы мен еңбек ме­рей­ін қысқа жанр ың­ғайымен көр­кем­деп су­ретте­генім болмаса, жазғанымның жалғаны жоқ. Де­рек­ті туындының та­биғатында бұ­ра тарту деген болмайды. Кейіп­кер­лерімнің тағдыры заманында солай болған». Иә, Айжарық ағаның жазғандарының жалған­дығы жоқ, қоспасы, жапсырмасы жоқ  шынайы туындылар. Қазіргі күнге дейін тәрбиелік мәнін жоймаған еңбектер. «Адам­ды адам еткен – еңбек» дегендей еңбек тәрбиесінен ар­тық қандай тақырып болуы мүмкін.

Кезінде Айжарықтың тұң­ғыш повесі – «Теңіз түкпірінде» жа­рық көргенде сыншы Зейнолла Серікқалиев «Бұл – парасатты жазушының қолтаңбасы» деп баға берген болатын. Иә, па­расатты жазушының шы­ғар­машылығының бағасы мен беделі де осыдан көрінеді.Жа­зушылық пен журналистикаға сүбелі қалам сермеген Айжа­рық ағаның осы саладағы ең­бегін шағын мақалада тізбелеу мүмкін емес.

Журналистің беделі мен қасиеті туралы Айжарық аға­ның өзі облыстық басылым­дардың біріне берген сұхба­тында «жур­­налистік кәсіп – кісі­лігің мен қабілетіңді, пайым-пара­са­тың­ды сынға салатын өнер. Бұл кейбіреулердің жеңіл ойлайтынындай оңай-оспақ машық емес. Журналистке азаматтық жауапкершілік, жинақылық пен ұқыптылық, қиялы ұшқыр ал­ғырлық, қо­ғамдық құбылысқа сергек те байыпты ой жібере алатын қасиеттердің бәрі керек.  Олар­ды парасат майданының жауынгерлері десе де болады» депті.

Айжарық Сәдібекұлы – «Дария жыры», «Көктемін күткен ару», «Аққұмның ақ түндері», «Бал айы», «Ашық мұхитқа шыққан алып», «Жұмыр жерде біз бармыз», «Парасат майданы», «Дарияның тұмасынан жыр боратқан» және т.б. кітаптардың авторы. Облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінің өзінде ғана бақандай 25 жыл өмірін ар­наған тарлан журналист. Тоқ­саныншы жылдардың соңы мен екі мыңыншы жылдардың басында республикалық қо­ғамдық-саяси бағыттағы басылымдарда да жұмыс істеді.

Облыста 1992 жылы тұң­ғыш ұйым­дас­тырылған «Жыл жур­налисі» аталымы бо­йынша «Облыстың үздік жур­на­лисі», 1997 жылы екін­ші рет «Облыстың үздік журна­лисі» атанған парасатты журналист-жазушыны сек­­сен жылдық мерейлі кү­німен құт­тықтап, мықты ден­саулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Шығар­ма­шылығыңыздың са­бақ­­­­тас­тығы үзілмесін, қа­ламы­ңыз мұқалмасын. Алла­һым сізге аяқталмай қалған шы­ғар­ма­шылық дүниелеріңізді аяқтауға және басқа да туындыларды алып келуге күш-қуат берсін.

Бекмырза СЫРЫМБЕТҰЛЫ. 

Алматы қаласы.