Сыр топырағында туып, сара соқпағымен, саңлақ өнерімен шығармашылық биігіне көтерілген тұлғалар қаншама?! Олардың қай-қайсысы да өз дәуірінің жүгін көтеріп, өміршең туындыларымен елінің есінде қалды. Аймағымыздағы аға толқын ақын-жазушылардың қатарында поэзия атты патшалықтың табалдырығынан аттап, төріне озған Сыр елінің ақын қызы, қабілет-қарымы, парасат-пайымы бөлек Қатира Жәленованың қазақ қаламгерлерінің ортасында шоқтығы биік.
Жыр алыбы Әбділда Тәжібаевтың қолдауымен қазақ әдебиетіне қадам басқан ақын қыздың жастық шағы, жалынды шағы Алматы қаласында, қазақ руханиятының қайнаған ортасы, әдебиет алыптарының арасында өтті. Қазақ Ұлттық университетінің қабырғасында Рымғали Нұрғалиев, Тұрсынбек Кәкішев, Мәлік Ғабдуллин, Зейнолла Қабдолов сынды ұстаздардан тәлім алды. “Қазақстан” телерадио корпорациясында ширек ғасырға жуық еңбек еткен ол қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің ішінде өзіндік өрнекті қолтаңбасымен, табиғи талантымен танылды.
Жоғарыда айтып өттік, қолына қалам алып, әдебиет дейтін әдемі әлемге бет алған жас ақын Қатира Жәленова өзі туып-өскен топырақтың талантты перзенті, қазақ поэзиясында ерек қолтаңбасы бар ақын,
… Жазса Тарас Днепрді,
Жазса Пушкин Еділді.
Неге маған жырламасқа
Сырда туған елімді?! – дейтін жыр жолдары халқының жүрегінде жатталып қалған Әбділда Тәжібаевтай абызды үлгі тұтып, ұдайы шығармашылық байланыста болады. Иә, білуімізше, сол кезеңдерде Әбділда ақын М.Мақатаев, Т.Молдағалиев, Т.Айбергенов, М.Шаханов, Ф.Оңғарсынова, К.Ахметова, Ж.Қыдыров сынды талантты жастарды айналасына жиып, батасын берген екен. Бұл туралы Қатира апамыз өзінің “Сырдан ұшқан қарлығаш” атты кітабында жарияланған жүрекжарды естеліктерінде баяндайды.
Айтуынша, Қатира апамыздың әкесі Сыздық Ә.Тәжібаевпен бір рудан тараған аталас ағайын екен. Әрі екеуі түйдей құрдас болған. Жас кезінде ол кісі де Әбділда құрдасымен ілесе Алматыға барып, оқуға түседі. Бірақ көп ұзамай, елге қайтады. Оған себеп: дін жолын ұстанатын әкесі Жәленнің қарсылығы болатын. Кейін әкесі ауырған кезде жасөспірім қыз сонау Алматыдағы Әбділда ағасына мұңын шағып, дамыл-дамыл хат жазатын. Жауап келе ме, жоқ па, оған қарамайды, жаза береді. Сол хаттар арқылы өлеңдерін жолдайтын. Алғашқы өлеңдері аудандық басылымда жарияланып та жатты. Сондай бір күндерде Әбділда ағасынан хаттарына жауап келіп, жүрегі жарыла қуанған еді. Сол хаттардың біріне зер салсақ:
“Қарағым, Қатира! Сенің бауыры елжіреп, жас жүрегі дүрсілдеп, мейірім тілеп, жақын тілеп тұратын тағы бір хатыңды алдым. Өмірге құштарлығы көп, сөйте тұра мұңды шерте-тұғын жастығың маған ұнайды. Бірақ сол қасиеттерді де дұрыс ұстап, тұтына білу керек. Көп шайқап, төгіп алмай, ұзаққа жеткізу керек, қарағым. Адамды әрлендіретін, әріге апаратын, жастай тоңазытып қалдырмайтын, ең алдымен, өз жылуы емес пе? Сол жылуыңды сақта дегенім ғой, саған. Үй-іші аман. Бәріңе де сәлем! Ағаң Әбділда. 20 март, 1968 жыл.”
Иә, осындай хаттардың ішінде ол кісі үнемі ағалық ақыл-кеңесін айтып, өлеңдеріне байланысты да ашық пікірін білдіріп, артық-кемін түзеп отыратын. Осылайша жас ақынның қанаты қатайып, қаламы ұштала түсті. Әйгілі Әбділда ақын оның өкіл әкесі әрі рухани тірегі болды. Талай мықтылар түлеп ұшқан ҚазМУ-ға оқуға түскенде де сол кісінің қолдауын сезінген еді. Соңғы курста оқып жүргенінде сол уақыттағы ең таралымы көп, беделді басылымдардың бірі – “Лениншіл жас” газетінде Ә.Тәжібаевтың алғысөзімен бір топ өлеңдері жарық көреді. Иә, албырт жастықтың асау сезімі бөлек қой, шіркін!..
Ой тоқтатып, қарамай айналаға
Барамыз ба, лағып айдалаға?
Біз таңдаған мына жол
Екеумізді
Алып кетіп барады қайда ғана?
Ғажап тірлік
Кімдерге ұнамасын.
Сол тірлікте сан рет сыналасың.
Екеуміз де білмейміз,
Алдымыздан
Тағдыр қандай тосып тұр
сыбағасын?..
Өлеңдегі өмір шындығы кім-кімді де ойландырады. Бар мен жоқтың арасындағы баянсыз өмірде болашағынан бақыт күту, үнемі оған қарай талпыну – күллі адам баласына тән ұлы сенім емес пе?! Ал ақынның асыл мұраты – тек өзі ғана талпынып қоймай, көптің де көңіл құсын самғатып, үміт шырағын жағып, адалдық пен махаббатқа иландыра білу. Осынау өлең жолдарын оқыған жандар қазақ поэзиясына тағы бір талантты ақынның келгенін сөзсіз мойындаған еді. Айта кетейік, осы жетпісінші жылдары Ф.Оңғарсынова, А.Бақтыгереева, М.Айтхожина, Қ.Бұғыбаева сынды қазақтың ақын қыздарының атақ-даңқы алысқа жетіп жататын. Осы апаларының соңын ала К.Ахметова, З.Елғондиева, Х.Есенқараева, Т.Оразбаева, Ж.Дәрібаева, Қ.Жәленова секілді сыршыл да нәзік ақындар ерекше қалам тербеуімен елді елең еткізді. Осы жылдардың көңілде қалған ғажайып сыр-сипатын “Көлсайдың” табиғатына тамсана тұрып, былайша жырлаған еді:
Аршын төсті құз-таулар
аясында,
Жасыл желек,
Ну орман саясында.
Күнге ұмсынып
Алақан жаясың ба,
Күміс нұрға жүзіңді
шаясың ба?!
Сұлу бейнең айналып
жарасымға,
Сыр тұнғандай
Тұнжыр көз қарасың да…
Тарқатылып мың өрім
бұрымдарың
Табиғатқа наз айтып
барасың ба?!
Шынында, керемет сезім! Бұл өлеңде көлдің табиғаты мен ақынның тағдыры астасып жатыр. “Күнге ұмсынып, алақан жаясың ба, күміс нұрға жүзіңді шаясың ба?!” – деген жолдар ақын жанын алай-түлей тербеген шабытты шақтың көрінісі. Иә, осыған дейін ақынның өлеңдері бірнеше жинақтарға енгізілді. “Кел, махаббат” атты таңдамалы жинағы шықты. Бұл кітабында аудармалары мен балаларға арналған шығармалары жарық көрді. Сол сияқты, тәжік ақыны Г.Сулайманованың “Қырық бұрым” атты кітабын аударған. Ал 2014 жылы ақынның «Сырдан ұшқан қарлығаш» атты жыр жинағы жарыққа шықты. Осы туындысы үшін халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығын иеленді. Иә, өр мінезді ақынның өлеңдерінен адалдық пен мейірім тұнған адами асқақ болмысы аңғарылады.
Аңқылдаған ақ көңіл
бала жастан,
Бірге жүріп, бірге өсіп,
араласқан.
Мен досымның жас көрдім
жанарынан,
Шарасыз боп кеудесін
нала басқан.
Адалдығың көк тиын,
Кейде осылай
Қаскүнемдік күш алса
аран ашқан,
Сұмдық бар ма, сірә да одан асқан?! – деп шыр-пыр болады ақын. Ойлап қарасаңыз, әлдекімнің басына түскен ауыртпалықты жан-тәнімен сезініп, жүрегі сыздайды. Әлбетте, бұл – ақындық жаратылыс. Негізінде, Қатира апамыздың жырларында нәзіктіктен гөрі батылдық басымдау екенін аңғарамыз. Қайсыбір туындысына назар аударсақ та тас-түйін тұжырым, зор жауапкершіліктің салмағын артып жібереді. Бұл туралы ақынның өзі:
Шындық осы…
Ащылау болғанымен,
Сыр алдырмай жүреміз
ел қамымен.
Ақындықтың салмағы мың
бір батпан,
Басымызға бақ болып
қонғанымен, –
дейді.
Иә, бұған титтей де күмәніміз жоқ. Кешегі өткен Қасым, Мұқағали, Сырдың Қомшабайы, Темірше, Асқар ақындары кешкен тағдыр да тап осындай. Кейде өлеңнен де жұбаныш таба алмай, көңілің құлазиды… Осындай бір сәтте туған ақынның “Жапырақ – жырым” атты өлеңінің де көтеріп тұрған жүгі өте салмақты. Неге десеңіз, қызылды-жасылды дүниенің соңынан қуып, мадақ пен мансаптың буына елтіген пенде ескінің көзін, естінің сөзін керек қылар ма? Ал қоғам түгел құндылықтарын жоғалтып алса ше?..Қорқынышты, әрине. Олай болса, жаны нәзік ақынның:
…Құны қалмай қара бақыр,
Сұлулықтың сағы сынды.
Саудагер – күн санап жатыр,
Жырымды емес, табысымды.
Жаным ауыр жалықты ойдан,
Жабырқайды жетім-жырым.
Көшкен жұртта қалып қойған
Алтын сақа секілдімін, –
деп мұң шағуының мәнісі осында жатыр.
Ақынның оқырман жүрегінен орын алуы – туындыларының шынайылығында, жүректің қалыбынан өтіп, жан қалауымен қапысыз үйлесуінде деп ойлаймын. Айталық, кез келген адамның бойында сыртқа шығара алмай, булыққан әлдебір сырының болуы мүмкін ғой. Ақын жырын оқығанда сол бір сырының тиегі ағытылып, іштегі шері шыққандай болады. Иығынан бір жүк түскендей жеңілдеп сала береді. Жан дүниенің үндестігі дегеніміз – міне, осы. Тағы да жырға жүгінейік:
Өмір,
Өлім,
Арасы бір-ақ қадам…
Ойламайды-ау осыны
бірақ та адам…
Жарық дүние қаншама
арбаса да,
Жан болар ма жалғанда
тұрақтаған?..
Көрдіңіз бе, қазақтың қара өлеңінің қасиеті осында ғой, шіркін. Егер осы сөздерді жәй қара сөзбен айтып көрсеңіз, қалай болғанда, тыңдаушыңыздың жанына ауырлық түсері анық. Ал, өлеңде ше, қорғасындай салмақты ойды қалқыған қауырсындай жеп-жеңіл жеткізген. Таңғаласың, тәнті боласың… Иә, қазақтың қара өлеңімен жарты ғасырға жуық сырласып келе жатқан ақынның өмірлік мақсат, мұраты – адам жанына шуағын төгіп, жарық дүниені жырларымен жасандырып, жайната түсу. Расында, ғазиз жүректен шыққан ғажайып жырдың күш қуаты күн көзін көлегейлеген бұлтты да ысырып, айналасын жап-жарық нұрға бөлегендей әсер қалдырады.
Жарық дүние,
Сырыңа қанып келем,
Бірге жасап
Өзіңмен,
Халықпенен!
Дәл өзіңдей
Жап-жарық жырларыммен
Адамдардың бәріне
Жарық берем!
Иә, сонау Қорқыт бабамыздан бастап, қаншама Сыр сүлейлерінің мағыналы сөзі мәңгілік мұра болып қалған Сырдың сағасы – өлең-жырдың арнасындай көрінеді… Осыдан жетпіс жыл бұрын Шиелінің киелі топырағында дүниеге келіп, саналы да салиқалы ғұмырын қазақ әдебиетінің, руханиятының өсіп-өркендеуіне арнаған ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленованың ғұмыр-баянынан алар ғибрат мол.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<