Қызыл гүлді дәптер

1708

0

Балалық шағымыз Тәуелсіздіктің алғашқы онжылды­ғындағы кезеңмен тұспа-тұс келді. Қалаған дүниеге қол жеткізу қиындау еді. Ауылда дүкен бірен-саран, зат аз. Оның өзі қарызға өтетін немесе ­айырбас жасалатын. Тұрғындар керектіні аудан орталығынан тасиды. Онда да жалғыз сары автобус үш мезгіл қатынайды.

Бастауыш сыныпты бітірген ке­зім. Жоғарылаған сайын сабақ күрделене түседі екен. Кітап алып, оқу құралдарын түгендей бастадым. Бір үйден 5 бала сабаққа барамыз. Молынан алу жоқ. Әр құралды ұқыптап, үлкеннен қалғанды кішіміз тұтынамыз.

Бірде оқу құралын  түгендеу үшін базарға бардық. Ол кезде табыс көзі – әкемнің егіні мен анамның мектептегі техқызметкерлік жал­ақысы. Сонда ата-анамыздың еш­кімге алақан жайып, мұңайғанын көрген емеспіз. Азын-аулақ табысты «балалардың несібесі» деп отыратын.

 Базарда адам қарасы көп. Бәрінің ізінде бірнеше баладан. Күнібұрын алып қоймасаң, жақындағанда әжеп­теуір ақша қосып сатады бұлар. Сондықтан ерте қамданады. Сөредегі қалыңдау, сыртында әдемі қызыл гүлі бар дәптерге көзім түсті. Тіпті, ойша әдебиетке арнаймын деп қойдым. Анама айтып едім ақшасы жетпеді де, айлықтан алып беруге уәде етті. Солай екеуміз ауылға қайттық.

Ойымнан қызыл гүлі бар дәптер кетер емес. Енді айлықты күтуім керек.  Күн санап, ескі күнтізбедегі 28-ін қоршап қойдым. Анам да сезсе керек. «Алып беремін» дегенді көзімен ұғындырды.

Ақыры көптен күткен күн де жетті. Қуанышымда шек жоқ. Түс ауа мектепке жөнелдік. Ол тұста ақшаны қолма-қол беретін. Есепшінің бөл­месіне кіріп кеткен анамды  тосып қалдым. Есік ашылғаннан  орнымнан атып тұрдым. «Осыдан ертең болсын, таң атсын, 8-дегі автобустан қалмай, базарға барамыз» деген тәтті ойдың жетегінде келемін. Алдымыздан пошташы әрі дүкені бар Сақып апам шықты.

– Мұғалімдер айлық алыпты деп естідім. Рас болар, ә? – деп сұрады. Анам:

– Иә, деп басын шұлғыды. Ішімнен «Бәрін бірінші сіз білесіз ғой? Біл­мегендей сұрайтыны несі? Баласы мектептің білдей мұғалімі» деп қоямын. Ол да іркілмеді. Дереу қарыз дәптерін шығарды.  Ондағы қарызды төлеп, енді жолға шыға бергеніміз сол еді, көрші  Қалдыбек қорасынан айғай салды. Ішім сезіп тұр.  Өткенде әкем асарлатып отын түсірген. Сонда көршінің көк тракторын жалдаған. Пұлы болмай, анамның айлығынан беретін болып келіскен.

– Жеңеше, айлық алдыңыз ба? – деді ыржалақтап.

– Кел, Ақбала алдым. Қанша еді? – деп қолын қалта­сына жүгіртті. «Ақбала дейді-ау», еріксіз мырс еттім. Анам  «тыныш» деп қабағын түйді. Мұның жылтыраған тісі ғана ақ. Арсалаңдап жүгіріп келіп, ақшасын алып, көңілі көтеріліп, мұрнын бір тартты да жөніне кетті. Анама «үйге тез қайтайықшы, әйтпесе, мына айлықтан бір тиын  қалатын түрі жоқ» дедім.  Ойымда – қызыл гүлі бар дәптер.

Көрші Жанай апаның  үйінің тұсына келгенде тағы тоқтадық.

– Өткенде шақырған жерге бар­ғанда  осы кісіден ақша алған едім. Қалай аттап кетемін? – деді. Сол үйге бұрылып, өткен-кеткен әңгімені айтып тұрып алды. Ақшасын беріп, шыға бергені сол еді, тұз сататын Күләй кезіге қалды. Аяғы-аяғына жұқпайтын келінді ауыл «Желаяқ» дейді. Олай атаудың да жөні бар. Ауылдың шетінен орталыққа күніге неше келіп кетеді. Шаршамайды өзі.  «Қайдан ғана тап келдің? Бәрінің бүгін көшеге шыға қалғанын қарашы… Мектептен шыққаннан ақша сұрамаған адам қалмады. Жетпегені сен едің.» Білем, бұған да қарыз. Әкем өткенде өзімді жұмсап тұз алдырған.

– Жеңше, – деді жұлып алғандай. – Мына қызыңыз өткенде 5 келі тұз алған. Ақшасын бере салсаңыз. Үйде қант-май таусылып тұр еді, – деді.

Шыдамым таусылғаннан даусым қатты шығып кетсе керек,  «тұзың өзіңе, тұзың өзіңе» дей беріппін. Анам еріксіз езу тартып, оның да пұлын берді.

Ұнжырғам түсіп, қызыл гүлді дәптер таусылып қал­ғандай күй кештім. Кешкі шайда күндізгі қылығымды айтып, ата-анам біраз күліп алды. Сосын маған «уайымдама, қызыл гүлді дәптеріңе тиын қалдырдым» деді.  Бала көңілдің сондағы шаттанғанын көрсеңіз ғой…

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<