РЕКТОР

357

0

Облыстық «Сыр бойы» газеті редакциясының қызметкері кезім. Реті келгенде іссапар ыңғайымен елге шығып тұрамыз. Сондай бір сапарда дәм бұйырып Арал ауданына қарасты Бөген деген ауылда болғаным бар. Бүкіл облыс жұртына белгілі іргелі ауыл. Біздің бала кезімізде теңіздің арғы жағалауынан бір аппақ үлкен ғимарат шаңқай түсте бергі беттегі біздің ауыл Көкаралдан құдды жан біткендей тұтас тұлғасымен қозғалып тұрғандай болып, жерден бір көтеріліп, бір төмендеп, бұлыңдап тұратын. 

І.

Біздер, теңіз жағасындағы «Сары­төбе» деген құм қыратта ойнап жүретін балалар, алыстан көз арбап тұратын сол көрініске қызығып, жанарымыз талғанша қарап тұратынбыз. Дегенде, қашанға дейін қарап тұра берерсің. Үлкен кісілерден:

– Анау не, жерден көтеріліп тұрған? – деп шулаймыз.

– Ол беткейде Бөген деген ауыл бар. Сол ауылдың мектебі ғой, – дейді олар.

– Ол неге қозғалып тұрады?

– Баламысың деген. Сағым ғой көтеріп тұрған, – дейді күліп.

***

…Арада жылжып жылдар өткен.

Бөгенге жол түскесін баяғы сағым көтеріп тұратын ғимаратты барып көруге аңсарымыз ауып, табалдырығынан аттадық. Ғимаратты ырғын құм қыраттың төбесіне қос қабат етіп орнықтырған екен. Онжылдық мектеп –  келісті ғимарат. Ол кезде ауданға қарасты елді мекендерде осындай онжылдық атымен жоқ болатын. Оқушылар елді мекендерде бастауышта, оны бітіргесін ауыл-ауылдың орталығындағы жетіжыл­дық мектептерде оқитын. Онжылдық дегендер ауданда соғыстан кейін елуінші жылдары салына бастаған.

Жылдар озады, дүние тозады дегендей, баяғы балалық шақтағы сағым көтеріп тұратын ғимаратты ескіргесін бұзып, орнына дәл бұрынғысындай қалыпта жаңадан қайта салған екен. Енді осы өлкенің перзенті Зейнолла Шүкіров атындағы мектеп болып жаңарған.

Әр кезеңде мектеп бітіргендер тізімінен Қанатбаев Жеткергеннің есімі көзіме жылы ұшырады. Біздің Көкаралдың баласы. Көкаралдағы туған ауылым «Аққұм» сағым көтер­гендей көз алдымда бұлыңдап тұрып алды. Төрт отбасы бір үйде тұра­тынбыз: Өрекеш атамның, Алмаш, Ұлсары шешелеріміздің және біздің үй. Қанатбаев Жеткерген соғыс жесірі Алмаш шешеміздің жалғыз ұлы. Және-е… Ідән, Нәзия деген екі қызы болды.

Кеудемді қуаныш толқыны тепті. Жиырма шақты ұл мен қыздан жалғыз Қанатбаев Жеткерген мектепті күміс медальмен бітірген екен. Алтын, күміс медальдардың қандай болатынын мен білмеймін. Дегенде, қолыма ұстап көр- месем де, облыс орталығына кеудемді көтеріңкі көңіл күй кернеп оралдым.

Кейін жолым түсіп Арал қаласына барғанымда Ідән апаймен дидар- ласудың сәті орайласты. Сондағы әңгі­меміздің ұзын ырғасы: марқұм Жеткерген ағамызбен қанша кездесе жүргенде өзі орайында жарытып ештеңе айтқан емес. Ал соғыс баласының өмір жолы адам аяйтындай еді. Әкесі Әбдіраман майданнан оралмаған. Ана­сы Алмаш шешеміз Көкарал жеті­жылдық мек­тебінің жұмысшысы: от жағады, су тасып сыпырады; жазғы каникул кезінде мектепті сылап-сипап, жаңа оқу жылына дайындап, жөн­деу жұмыстарына қатысады. Айына ала­тын сондағы жалақысы отыз-ақ сом. Шешеміз сонымен жалғыз ұлды Алматыға жіберген. Институтқа.

Есімде, әкем марқұм балықшы, үйге әкелген балығын екіге бөліп, осы болады-ау дегенін Алмаш шешемізге беріп жібереді. Бөлуге келмейтін болса, Әбдіраманның үй ішін дастарханға шақыртып алады. Ол кезде Ідән мен Нәзия жас. Отбасының асыраушысы жоқ. Соғыстан кейінгі жықпа-жығыл- малы кезең.

Жеткерген КазПИ-дің математика факультетіне сәтімен түскенде, ректор Мәлік Ғабдуллин екен. Ідәннің айтқаны: бір күндері Жеткергенді ректор алдына шақыртады. Батыр ұзын бойлы, мойны қылқиған, қылдырақтай арық қара баланың жай-жағдайын сұрап біліп алады. Медалистің жағ­дайы нашар, киімі жұпыны, жартымсыз стипендиясымен амалдап жүрген. Артынан көк тиын келмейді. Қызық болғанда, Батыр сол жолы Жеткергенді қызметтік машинасына мінгізіп үйіне алып барады. Батырдың әйелі баланың ұялғанына қарамай, іш-же деп тағамға тойғызады. Қайтарында қолына ақша ұстатады. «Ұялма, үйге келіп тұр» деп шығарып салады. Кейін Батырдың шамалы киілген бір костюм-шалбарын ательеге апарып баланың тұрқына шақтатып тіккізеді. Тағы бірде жылы киім алып береді.

Содан бір күні Батыр баланы ұстап алып:

– Үйге неге келіп тұрмайсың? – дейді. Бала қысылғаннан:

– Сабақтан қолым тимей жүр, – дейді өп-өтірік. 

Сонымен әңгіменің құл сағасы, Көк­аралдың тұңғыш әрі соңғы меда­лисі ректор Мәлік Ғабдулиннің қам­қор­лығымен оқуын аман-есен ың-шыңсыз бітіреді. Батыр озат студентін аспирантураға алып қалғысы келген. Бала жоқшылықтан үйітіліп отырған отбасының жағдайын айтып, ауылға оралғысы келетінін, қызметке орналасып қоң жинағасын қайтып келуге уәдесін беріп кетеді. Елге келгесін өзі бітірген Бөген орта мектебіне орналасады. Кейін Арал қаласына орнығады.

Сол жігіт уақыт өте келе аудандағы алдыңғы қатарлы математик ұстаз- дардың бірі болып, атағы шығып жүрді. Бірақ, тіршіліктің әуресімен жүріп ұлы ұстазына берген уәдесін орындай алмай уақыт оздырып алады.

Мәлік Ғабдулиннің өзі де Жеткергендей балауса шағында алды ашық, көңілі дархан, кәдімгі Сәбит Мұқа­нов­тың қамқорлығымен жетіліп азамат болған ғой. Қайран бұрынғының адамдары-ай десеңші.

ІІ.

Мезгіл күздің алғашқы айы болса да күннің ыстығы қайтпаған. Біз күні кеше студент атанған А және Б тобының ұл-қыздары күріш орағына кірісіп кеткенбіз. Бозда ойнап жүрген бозбаламыз, кеудеміз жалаңаш, егін-жайдың қапырығынан терлеп пысы­на­ғасын белуардан шешініп таста­ғанбыз. Қарап жүрмейміз, әр күніміз ойын-күлкімен басталып, кешкі мезгіл түннің бір уағына дейін әзіл-қалжың, ән салып музыкалатумен, қыздарды қолтыққа алып билеумен аяқталады. Сондай бір көңілді, қызықты дәурен басталып кеткен.

Күн қайта бастаған кезде қыздар саңқылдап қоя берді: «Ректор ағай келіпті» деп. Расында, біздерге қарай біреулер дабырлап сөйлесіп келе жатыр. Кімдер екенін жақын келгенде түстей бастадық. Совхоз директоры, партком, кәсіподақ және ауданның күзгі орақ аяқталғанша осында болатын өкілі. Орталарындағы кісі біздің ректорымыз Әділ Ермеков ағай екен. Б тобының студенті Елгезектің Н.В.Гоголь атындағы Қызыл­орда пединститутының ректоры Әділ ағайды бірінші көруі. Сырт көзге қораш көрінетін кісі екен. Орта бойлы, жаурыны еңкіш, қоңырқай өңді шал деуге болады. Сібірдің суығында жүргендей тұмшаланып киінген. Аяғында жеңіл етік, үстінде солдаттың бушлаты, жалпақ былғары белбеуімен буынып алған, басында көгілдір елтірі ма-лақай. Терлеген. Өзі қошеметшілерге әңгіме айтып келе жатқан сияқты.

Бізбен бес-он минуттай сөйлесіп:

– Жағдайларың қалай, ашқұрсақ болып жүрген жоқсыңдар ма? – деді саңқылдап. Студенттер:

– Жағдайымыз жақсы! – деп шулады.

– Өтірік айтып тұрған жоқсыңдар ма?

– Жоқ-жоқ…

Олар ілгері ұзап кетті. Темекіге үйір бір студент:

– Мә-ә, көрдіңдер ме, ағай «Казбек» шегеді екен… – деді. – Біз қашан «Казбек» шегер екенбіз…

Шыны керек, Елгезектің ректорға көңілі толмады. Қиялындағыдай емес, ауылдың қойшы шалы сияқты. Ол осындай ойда қалды.

Институтта лекция басталып кеткен. Ректор филология факультетінің бірінші курс студенттеріне «Тіл біліміне кіріспе» пәнінен лекция оқиды екен. Бірінші лекция. Елгезектің ректорға бұл жолы көңілі толды. Аяғында жалтыраған шетелдік туфли, үстінде түсі құбылып тұратын кос­тюм, мойнында әдемі галстук. Шашы қалың екен, ақ ене бастаған. Елгезек ішінен: «Өзі сұлу кісі екен ғой» деді, күлімсіреп.  Ректор кіріп келгенде Б тобының 25 студенті орындарынан тұрып құрмет көрсетті. Ағай: – Бәрекелде-е! Отырыңдар, қарақтарым. Староста, журналыңды алып, кафед­раға көтеріл, – деді. Елгезек журналды ұстап кафедраға барды.

– Енді сіздермен танысуды бастаймыз. –  Кәне, староста, журналдағы тізімді оқы. Елгезек тізімдегі бірінші студентті атағанда, –  Ол кім, кәне, орныңнан тұра ғой, шырағым, –  деді ағай.

Студент орнынан тұрды. Ағай оның қайдан келгенін, үйінде кімдер барын, олардың не істейтінін сұрап, біліп, 25 студентпен осылай таныс­ты. Олар Алматы, Қостанай, Жамбыл, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда облыстарынан және Өзбекстаннан екен. Ағайдың діттеуімен бір-біріміздің қайдан келгенімізді біз де біліп алдық. Лекцияның бірінші 45 минуты танысумен өтті. Екінші 45 минуты басталар алдында ағай:

– Бізде «Тіл біліміне кіріспе» деген қазақша оқулық жоқ. Сондықтан оқулықты мен өзім бірнеше дәптерге жазып дайындадым. Соны сендерге бір жыл асықпай оқимын. Соны жазып алатын боласыңдар, – деді. Айтқанындай лекциясын асықпай оқыды, бізді жазып алуға үлгірсін деп. Кейде лекция үстінде қатты жөтеліп қалады. Сол кезде кафедраның үстіне оттығымен қойған «Казбекті» тұтатып шеккенде, ақұдай-ау, жөтелі кәдімгідей сап ба-сылады. Үзіліске кеткенде папиросы кафедрада қала береді. Темекі шеге-тіндер бас салып бір-бір папиростан алып қояды. Онымен ағайдың жұмысы жоқ. Ағай кей-кейде студенттермен бірге тамақтанады. Бірде оның бу-фетчицаға: «Бір саптыаяқ сыра, екі самса» дегенін біздің курстастар ағайдың даусына салып айтып, күліп жүрді. Ас ауқатын қабылдау бөлмесінде ернін бояп ерігіп отыратын орыс келіншекке алдыруына да болады ғой. Жоқ. Алды ашық, кабинетінен адам арылмайды, бірі кіріп, бірі шығып жатады. Кәдімгі полный беспорядок.

Міне, ректорымыз осындай кісі екен.

Біз іргелгі курс студенттерінен ағайдың қазақ, орыс қаламгерлерінің шығармаларын жатқа айтатынын естіп білгенбіз. Лекциясын оқып болғасын сұрақтарың бар ма? – дейді. Бір күні батылымыз барып ағайдан өтінгенбіз. Әй, қулар-ай, – деп алып, жатқа айтуды «Абай жолы» романының бірінші томынан бастады. Біз ұйып тыңдадық. Содан не керек, жыл аяғына дейін Жансүгіровтің «Күй», С.Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасын, «Ботагөз», Ғ.Мүсіреповтің «Оянған өлке» романдарын, С.Есениннің, А.Пушкиннің, тағы да басқа қаламгерлердің шығар­маларын жатқа айтып бергенде, біз ұйып тыңдағанбыз. Олар туралы айт­қанда Мұқтар аға, Сәбит аға, Сәкен аға, Ілияс аға… деп, Ғабит аға… деп бастайды әңгімесін.

Ағай «Тіл біліміне кіріспеден» қыстың күні зачёт алды. Демалыс күні болатын. Ректор кабинетіндегі креслосында отыр. Үстінде баяғы бушлат, оның сыртынан біздің көзіміз үйренген көк елтірі жағалы ұзын пальтосын жамылған. Өзі бұршақтап терлеп отыр. Зачётты алып болғасын:

– Бердібеков, менің пальтомды кигіз. Сосын мені үйге дейін шығарып сал, –  деді.

Жолда Елгезек: – Ағай, неғып солдат бушлатын киіп жүрсіз? – деп сұ-раған.

– Баламның бушлаты ғой. Емделіп жүрмін, –  деді.

Елгезек «Сарқырама» каналының бойымен жүріп отырып ректорды қаланың белгілі адамдары тұратын еңселі үйге жеткізіп салып, кетуге ыңғайланғанда, ол:

– Үйге жүр, –  деді. Бұл қипақтаған. Ашқұрсақ студенттің іші ұлып тұрған. Ағай: –  Қипақтама, қарның аш қой, баяғы мен сияқтысың, –  деді.

Ағайдың кемпірі татар жұртынан екен. Орыс, қазақ, татар тілін аралас-тырып сөйлесе де, баланы жатырқаған жоқ. Тамаққа тыңқыйтып тойғызды.

Елгезек қайтып келе жатып Құдыретке налыды: «Маған осындай бір ағаны да қимады ғой» деп.

Үйренісе келе баласындай болып кеткен. Оқу жылының аяғына қарай институтта партия, кәсіподақ, комсомол активтерінің біріккен жиналысы болды. Оған старосталарды да қатыстырған. Клубтың төрінде ректор, қалалық партия комитетінің хатшысы, басқа да белгілі кісілер. Партия, кәсіподақ, комсомол ұйымының баяндамасына орай жарыссөз өрістеді. «Новый мир» журналын оқып отырған ректор қорытынды сөз сөйлегенде Елгезек таңғалды: бұл адам оқи отырып сөйлегендердің пікірін зердесіне тоқи отырған…

Оқу жылының аяғында ағай емтихан алды. Тағы да кабинетінде. Соңын-да әңгіме бастады. Елгезектің ұққаны: – Өмір біреуді молынан жарылқайды. Біреуді тұрмыстан қысып сынайды. Мысалы, мен ректорлығыма айлық жалақы аламын және кандидаттығыма үстеме қосады, «Білім» қоғамы оқыған лекцияларым үшін қаламақы төлейді. Ректордың қоры (ректорский фонд) тағы бар. Көрдің бе, өмір осындай. Біреуге көл, біреуге шөл. Менде әке де, шеше де болған емес. Тұлдыр жетіммін. Детдомда тәрбиелендім. Жетіжылдықты бітіргесін Алматыға барып, педучилищеге түстім. Оны аяқ­тауыма мені Түрікменстанның Мары облысына жіберді. Онда 2 жыл болдым. Сонда жүргенімде педучилище КазПИ-ге айналды. Педучилищеде тұрған бөлмеде 4 жылдан 4 жыл – 8 жыл тұрдым. Сен, Бердібеков, ылғида ой үстінде іштей қиналып жүресің. Жағдайыңды білемін, кемпір-шалдың жалғызы екенсің. Шыдап бақ. Мен биыл ректорлықты тапсырып, Шымкенттің пединститутына ауысамын. Орналасқасын сені ауыстырып аламын. Қазір біздің бухгалтериядағы жебірей шалға бар. Онда саған менің пәрменіммен жүз сом ақша жазулы тұр. Тізімге қолыңды қойып, соны аларсың… – деді.

Елгезек ректордың алдында жылап жібере жаздап шақ тұрды. Ол екінші курсты бастағанда институтқа жаңа ректор келген. Көп ұзамай Елгезекті әскерге алып кетті. Азаматтық парызын өтеп құтылғасын қайтар жолында Шымкентке соққан. Әділ Ермеков ректорлықтан зейнетке шыққасын кафедра меңгерушісі болып орналасқан еді.

– Ой, айналайын-ай, –  деді кафедрада жолыққан әйел дауысы дірілдеп, – ағайдан айырылып қалдық қой…

Елгезек сыртқа шыққасын жалғыз өзі егіл-тегіл жыласын…

Өмірінде кездескен бір жақсы адамнан ойда жоқта көз жазып қалды. Керемет кісі еді. Алдында не ағасы, артында не інісі жоқ балғын жігіт өзін панасыз қалғандай жетімсіреді. Әділ аға өте қайырымды және асқан білімді адам еді. «Кеудесі жақсылардың алтын сандық» дейді ғой. Ол кісі сондай тұрпаттан болатын. «Тіл ғылымына байланысты жинаған материалдарым он бума болып үйде жатыр. Дайын докторлық диссертация. Қорғауға денсаулығым әл бермей жүр» – дейтін.

Рас, ол ғылым докторына бергісіз ғылым кандидаты еді.

Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар 

одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<