Сағынышты сырларында көңіл нұры бар

2710

2

Қолымда Жеңіс Сәдуақасұлының «Сағыныш сазды сырларым» еңбегі. 2019 жылдың 25 желтоқсанында өз қолтаңбасымен сыйға тартқан кітапты әріптесім Зухра айтқандай, «бір деммен» оқып шыққандығымды әлеуметтік желідегі жазбамда да айтқанмын.


Жас ұлғайғанда өз-өзіңе есеп беріп, «Не тындырдым, қандай ісім, қандай ізім қалды?» деген сауалды әр пенде өзіне қояры хақ. Өз өмір жолыңда «әттегенайың» болса ұрпағың қайталамасын, сен қадір тұтқан дүние мен құндылық болса сол сезімді тағы да перзенттерің сезінсін, атадан-балаға жалғасатын сабақтастық үзілмесін, бабалар есімін, олардың адами болмысын, тұлғасын үрім-бұтағы жадында ұстасын деген ниетпен дүниеге келген осындай өмірбаяндық туынды әр әулетке керек деп ойлаймын. Себебі автор балалық шаққа оралу арқылы сол кезеңнің өзіне тән ерекшелігін, еңбек адамының бейнесін, әлемге әйгілі болған Арал теңізін жағалай қоныстанған елдің тіршілігін, адамдардың өмірін, бір сөзбен айтқанда өмір сүрген кезеңінің шындығын баяндайды.


Өмірбаяндық-танымдық еңбектің кіріспесіне «Бастау» деп тақырып беріп, адам өмірінде өз ретімен келетін «САҒЫНЫШ» сезімі туралы сипаттайды. Махаббатпен астасатын, туған жерге деген, балалық шаққа, жастық өмірге деген бұл сезім қаласаң да, қаламасаң да жүрегіңнің төріне рұқсатсыз шығып алатындығы айтылады.

«Бастаудан» бастап, тобықтай түйінге дейін өзінің сезім күйін, ой-толғанысын, күйініш-сүйінішін барлық қайшылығымен асқан шеберлікпен шынайы әрі дәл де нанымды нақышпен бейнелейді. Автордың «…бір сәт күркіреген теңіз үнін, теңіздің ерке құсы шағаланың шаңқылын естігендей боламын: жан-жағыма қараймын – шалқыған теңіз түгіл кебірсіген көлшік те жоқ, шағала түгіл шырылдаған шымшық та көрінбейді… теңіз даусы деп іздегенім өз даусым болып, қинала жылап, оянып кеттім…»,- деп осы кітапты жазуының себебін түсіндіреді.


Осы еңбек арқылы Жеңіс Сәдуақасұлының кіші күнінен бастап есейген уақытына дейінгі, яғни оның балалық шақтан кемел тұлғаға айналу процесін, сатысын бақылаймыз.


Адам баласының дегеніне көнбейтін, ырық бермейтін уақыт атты ұлы мәртебелінің деркезінде қадірін түсінбесек, бағаламасақ өкініш сезіміне жолығатынымыз, қымбатымызды жоғалтарымыз анық. Автор өзі куә болған оқиғаларды сипаттау арқылы өмірді тану, түсіну, оны бағалау мақсатымен ұштастырады. «…Алғашқы тұрған үйіміз оншақты отбасына арналған қамыстан салынған ұзын барақтың орта тұсындағы екі бөлмелі үй еді. Ол ортасы пешпен бөлінген екі бөлмеден – бірінде от жағылып, тамақ пісіріледі және әке-шешеміз жатады, екіншісінде біздермен бірге бүкіл пункттерде тұратын балықшы ағайындардың оқушы балалары жатады. Ер балалар бір көрпенің астында, қыздар бір көрпенің астында жатамыз: ересек балалар мен қыздар көздері ұйқыға кеткенше ертек айтады, жұмбақ жасырады, жаңылтпаш айтады…». Жып-жылы көрініс. Қазір бір ата-ананың балалары даңғарадай бір үйге сыймайды, туған бауырлардың балаларының тату болуы да некен-саяқ екені жасырын емес.


«…Әсіресе, ең қат нәрсе – оқулық. Оқулығы бар бала анау-мынау бастықтан кем емес. Саған шікірейіп, шекесінен қарайды. Мұғалімдеріміздің тапсыруымен жоқ кітапты бірлесіп оқимыз. Кітап оқудың өзіміз тапқан бір жолы – жасырынбақ ойнау. Тығылатын балалардың ішінен кезегі келген біреуі кітапты алып төбе-төбені қаптай өскен қалың жыңғылдың арасына, мүмкіндігінше қашық жерге тығылуға тырысады. Ол үшін еспе құмда өкпең өшкенше жүгіруге тырысасың да, дереу оқуға кірісесің…

Солай жанталасып отырғанда дәл төбеңнен түссе – құдайдың ұрғаны, сен ертеңгі сабақтағы тәуір бағадан қағылдым дей бер…». Адам табиғаты жоқ дүниенің қадірін жақсы білуді, бағалауды тез үйренеді. Міне, сол кезеңнің оқушыларының кітапқа, оқуға деген махаббаты! Ал қазір балаңызға қадағаламай кітап оқытып көріңіз! Небір көздің жауын алатын түрлі-түсті керемет кітаптарды тым болмаса суретіне қызығып оқысыншы деп армандайсыз.


Осы екі мысалдан әр кезеңнің өз қиыншылығы болғанын, одан шығудың да жолы табылғанын, «барға – қанағат» деген ұғымды түсінесіз. Әсіресе, үлкен аға-апаларының пайдалануынан қалған дәптерлердің артық беттерінен немесе кеңсе қағаздарынан тігілген дәптер, қара түсті қарындаш, суға еріту арқылы қолдан жасалған сия, мойынға асылатыны бар кенептен тігілген сөмке орнына қалталар, т.б. туралы оқығанда қазіргі балалар үшін бұл ертегідей елестейтіні анық.

Бүгінде былтырғы құралын осы оқу жылында ұстамайтын, әр жылы су жаңа киінбесе өзін қор санайтын, алдындағы үлкеннің киімін киюден үзілді-кесілді бас тартатын, барды бағаламайтын, жоққа төзімсіз ұрпақ қалыптасқандығын мойындауымыз керек. 1950 жылдардағы оқушы мен 2020 жылдың білім алушыларының арасында таным, түсінік, құндылық деген ұғымдарда жер мен көктей айырмашылық бары да рас.


Әр адам – қайталанбас тұлға. Оның жан дүниесі – өзінше бір әлем. М.Жұмабаевтың: «Тегінде берік ұғыну керек: адамның қымбат нәрсесі де, жұмбақ нәрсесі де – сол жан. Қиын тәрбие тілейтін де – сол жан. Жанды дұрыс тәрбие қыла білу үшін жанның жайын баяндайтын ғылыммен таныс болу керек»,- деген сөздерін өз қажетімізге жаратып, бала тәрбиесіне негізге алсақ, өзімшіл ұрпақ азаяр ма еді?!


Жеңіс Сәдуақасұлының «Сағыныш сазды сырларым» еңбегі өз өмір жолының естелігі болғандықтан оның рухани әлемімен, жан сырымен, идеалымен таныс боласыз. Оның оқиғаларды нанымды бейнелеуі, толғандырған мәселелер бойынша түйін жасап отыруыөмірінің әр белесіндегі өзіндік келбетін танытады, өзімен бірге оның жан-дүниесіне қайта енесіз.Автор ішкі әлемін, рухани өмірін, махаббат сезімін, ғылым жолындағы ізденістерін, кездескен қиыншылықтарын әрбір іс-әрекетінің себеп-салдарын жан-жақты талдап жазған.

Жеңіс Сәдуақасұлының табиғатын, мінезін жақынырақ білетін мен үшін «Ал мен болсам, қай қызға «қармақ саларымды» білмей «басым қатып» жүреді. Сөйтіп жүргенде «А» класында оқитын Орынбикеге көңілім ауатындай көрінді. .. Бірақ өте ашық-жарқын, әсіресе ер балалармен көбірек қалжыңдасып, оларға батыл сөйлеп, тіпті қағып-соғып жүретін қылықтары мені алаңдататын тәрізді.Оның үстіне қыздармен тіл табысудың құйтырқы әдістерін біле бермейтін, әзіл-қалжыңға жоқ шектен тыс «ұялшақтығымның» да кесірі болар, қыздармен еркін сөйлесе алмайтынмын» деген жолдар еріксіз езуіме күлкі үйірді.

Бірге жұмыс істеп, Жеңіс ағаймен жездем деп ойнайтын Рахия Мәнсұрқызының қағытпаларына естімегендей түр көрсетіп, күлкісі келсе де білдірмеген болып, әңгімені басқа ауанға бұрғысы келгендегі түрі көзалдыма елестеді. Автордың бір байламға келе алмаған ой арпалысы, жігіттік дәуренінің кіршіксіз естеліктері, махаббат атты сезімнің құдыреттілігі, жұбайлардың үйлесімділігі, бір-біріне демеу болғаны, бәрі-бәрі – тұнып тұрған тәрбие!


Өзі өмір сүрген замана кейпін бейнелеу арқылы өмірлік фонына айрықша мән береді, ата-анаға деген сағыныш, Жұпар мен Зұлқия шешелерінің өмірбойы азық болған ақыл-кеңестері, филология ғылымында есімдері үлкен әріппен жазылатын ұстаздары, ғалым Ә.Қоңыратбаев, Н.Жүнісов, Ә.Байжолов, А.Шамшатова, К.Смағұлова, М.Бимағамбетов, Т.Сайрамбаев, Ә.Аблақов, Н.Нұржанов сынды ұстаздарына деген ыстық ілтипатын білдіреді. Өкінішімен бөліседі, өзінің бойындағы жайбасарлық, немқұрайлылық, тәуекелсіздік сияқты жағымсыз қылықтарының ұрпақтарына дарымауын тілейді, ұрпақтарының қайталамауын қалайды.


Міне, Ж.Сәдуақасұлының «Сағыныш сазды сырларым» кітабы жазушы Луиза Мей Олкот: «Ашқаныңда ықыласпен шақырып, жабыққаныңда зор рухани байлыққа кенелтетін кітап қана – жақсы кітап»,-деп айтқанындай, жақсы кітап!


Ақын Кәкімбек Салықовтың: «Жырымда жазым-күзім бар,Өткерген өмір ізім бар…» дегеніндей, осы туындыныоқу арқылы Жеңіс Сәдуақасұлының салған өмірдегі ізінің бояуының қанықтығына, ою бедерлерінің шебер қиылысқанына, кейінгі толқын жастарға үлгі болып жүрген бойындағы тазалық, қарапайымдылықтың қалай қалыптасқанына куә болып, жалпы құндылық, қанағат, тәуба деген сөздердің мағынасын тереңірек түсіндім.


Жеңіс ағай – өз кәсібінің майталманы, ғылымда салған өзіндік жолы бар, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салып жүрген ұстаз.

Аягөз ӘБДІРАЗАҚОВА,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дің

қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының

аға оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<