«Сен аман бол, ендеше, алты Алаштың баласы»

1329

0

Бүгін – ақын Есенқұл Жақыпбековтің туған күні.

Есенқұл Жақыпбеков 1954 жылы 19 желтоқсанда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Бірлік ауылында дүниеге келген. 

1990 жылы Қазақ Мемлекеттік университетін тәмамдаған. Суырып салма дарынымен танылған айтыскер. 1984 жылы республика телевизиялық ақындар айтысының тұңғыш лауреаты атанды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Алғашқы жырлары 1984 жылы «Қарлығаш» атты жинаққа енді. 1990 жылы «Біз екеуміз», 1994 жылы «Жеріңе табын», 1996 жылы «Жанқисса», «Есіл дүние-ай», 1999 жылы «Біздің елдің жігіттері» және 2001 жылы «Бұл жаз да өтер» атты өлеңдер жинақтары жарық көрген. Сондай-ақ, «Тау басында кәрі қар» кітабының авторы.

«Алдай-ау», «Өзіңді аңсап», «Бақ пенен қызыр қонса да»,

«Өнер адамы», «Жұлдыздар бәрін болжайды» және т.б. көптеген ән-термелері де ел арасында кеңінен таралған.

Алпысқа аяқ басқанда

Жеттік міне, алпысқа,


Өттік талай өткелден.


Біреулерге тұлға боп, біраз жерге жеткенмен,


Жігіттеймін кезінде жетімдікті көп көрген.

Кештім талай тар өткел,


Өттім бірақ жасымай.


Азаматқа дәл мендей дұрыс екен осылай
Ащыны да жеп көрген,


Тәттіні де жеп көрген.

Күміс күйме мінбеген,


Алтын түйме тақпаған,


Қарабайыр жарымның болғанына мақтанам.


Кімің бар деп еліңде


Біреу тізім жасаса,


Сол тізімнің ішінде


Бар болғанға мақтанам.


Алпыс жасқа келгенше ағартқам жоқ шашты да


Мені сөйтіп ел-жұртым мейіріммен баптаған,


Болдым содан мінеки, мисыз жүйрік ақтабан.


Бермесе де ат астыма жолдас қылып жақсыға


Таңқаламын Құдайым.


Қалай мені сақтаған?!

Ағаларым алса да қанатының астына,


Отқа салып күйдірген, шоққа салып қақтаған


Төске салып содан соң қылыш қылып таптаған.

Ақын ақын болып па,


Қаратаудың ойында,


Қарасудың бойында,

Алтын құйрық, құндыз жүн


Құлын туар ма екен деп,


Кендебай сал сияқты,


Түнде кірпік қақпаған.

Киіп алып нілді етік


Қилы-қилы күнді өтіп.


От дария су кешіп осы алпыс жасымда

Опалымен бірлесіп,


Отырғандай боп тұрмын,


Оқпан таудан оралып.


Алты Алаштың ішіне,


Атақ-даңқым таралып.


Мың жасадым көңілмен,


Қайта-қайта жаралып.


Сен аман бол, ендеше Еділ, Жайық, Жем, Сағыз,


Сен аман бол, Қара Ертіс, Есіл, Нұра саласы.


Сен де аман бол, Іле, Шу, Арысы мен Таласы


Ешқайсына елімнің көзімнің жоқ аласы.


Сен аман бол, ендеше, алты Алаштың баласы,


Сен де аман бол, Жетісу – қасиетті қара жұрт!

***

Асыл құрбым айдынымды шайқаған,

Өзің жайлы мен бүгін де айтам ән.

Біздер бірге болу үшін мәңгілік,

Бұл өмірді бастау керек қайтадан.

Ару қыздар шығып күнде алдан мың,

Талайларын бақытым деп малдандым.

Сен киноға алғаш барып жүргенде,

Мен біреуге «тәуелді» боп қалғанмын.

Кінәлама кездесуге келмесем,

Оңашада ой орманын тербетем.

Жаңбырдан соң жадыраған аспандай

Жаным менің жәудірейді сен десем.

Кездесе алман, кедергілер көп алда,

Тамшы жас боп үйірілдің жанарға.

Әдеті ғой ең аяулы бақыттың

Сәл кешігіп жететіні адамға.

Тау қызына

Есімнен кетпес күлкі-ойын,

Есімде сенсің, бала қыз.

Өткізіп өлең, жыр тойын,

Аттанып, міне, барамыз.

Қоштасар сәтте айырылмай,

Қолыңнан қысып тұрғам-ды.

Ақтығы таудың қарындай

Айтылмай арман, сыр қалды.

Тағатым таппай бір тыным,

Толқуды тұрдым жоя алмай.

Жүректің асау дүрсілін

Өзгелер естіп қоярдай.

Қош айттым саған жай ғана,

Қош айттым үнсіз жанармен.

Болмаса ел-жұрт айнала,

Шашыңнан иіскеп қалар ма ем.

Бір сәтке сен де, арманым,

Ұмыттың жеңге, ағаңды.

Дірілдеп алақандарың,

Түзете бердің жағамды.

Дірілдеп саусақ, қол ұшың,

Сыр аштың солай сен маған.

Аңқауым, сені ол үшін

Сөккен де болар жеңге, ағаң.

Тағдырмен осы келіспей,

Қол бұлғап қалдың соңғы рет.

Кемсеңдеп тұрдың тек іштей,

Кекілің желмен желбіреп.

Артымда қалды мәңгі арман,

Алыстай берді нұр-көрік.

Ауылға асқақ таулардан

Елесің келді бірге еріп.

Кеткелі сенен аулаққа,

Бір күнім бейне бір жылдай.

Жанарым тұрар тау жаққа

Жәудіреп таңғы жұлдыздай.

Көңілде қазір көп елес,

Көмескі түс те көбейді.

Жолымды таулар ғана емес,

Тағдырдың өзі бөгейді.

Бөгейді шың-құз, шатқал мың,

Бөгейді таулар еңселі.

Қашан да махаббаттардың

Қиындық болған өлшемі.

Ағатай деуші ең…

Ағатай деуші ең, күтпей бір менен пенделік,

Ағатай деуші ең, ағаңа мені тең көріп.

Сол ағаң сенің сергелдең болып жүр бүгін,

Сезімнің ақжал толқындарында тербеліп.

Аңқауым, саған аға етіп өмір қойды ма,

Амалсыз, міне, алданып келем ойыныңа.

Абдырап тұрып адалдық жайлы ойлаймын,

Ағалап келіп асыла кетсең мойыныма.

Ағаңда ғажап айтылмай жүрген сыр барын,

Аңқауым менің, әлі де ұқпай жүр жаның,

Ағалық менің ықыласымның артында

Аңқасы кепкен аңсаудың бұғып тұрғанын.

Албырап тұрып сендегі алау гүл ерін,

Ағатай десең, аунап бір түсер жүрегім.

Талайдан бері келемін сенің алдыңда

Айнытпай ойнап ағаның адал рөлін.

Аңқылдай берме, аңқауым, біреу күлсе егер,

Адамда қазір аз емес шығар дүмшелер.

Арудың бәрі аңқау боп мәңгі қалмас па,

Ағаның бәрі ақ жүрек болып туса егер.

Айтуға соны оқталып барып неше мың,

Алдыңа келсем, айта алмай үнсіз кетемін.

Ашылмай тұрып аңғарту керек шығар-ау

Ағалығымның алдамшы қылық екенін.

* * *

Күту. Аңсау тағы, міне, жалғасты,

Қалдым тағы шығарып сап өзіңді.

Ешбір сайтан, ешбір жын мен албасты

Алдай алмас сенің айна көзіңді.

Сенде бәрі табиғи ғой, шынайы,

Енді қашан жақындаймын жаныңа.

Түнгі теңіз сарынындай ұдайы

Соғып кетіп тұрсаң болды жадыма.

Басқа ештеме тілемеймін, құрсыншы,

Шығарып сап, жүрейінші қарсы алып.

Күрсіндің-ау, сен де адамша күрсінші,

Бұл ағаңның шыдамына тамсанып.

Мен сияқты күрсініп ал сен де бір,

Мен сияқты жаның іштей шөлдейді.

Осы сәттей мөлдір таза енді өмір

Екеуімізге енді қайта келмейді.

Бұдан артық бола алмайды енді өмір,

Сәтіміз бұл бар күнәдан тазарған.

Сен жоқ жерде өмір маған жеп-жеңіл,

Сен жоқ жерде бәрі де оңай, бәрі арзан…

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<