Қызылқұм шері

1089

0

Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан) облысының Қызыр қонған Қызылқұм өңірінде өмір сүрген белгілі күйші, ежелгі Жиделібайсын күйшілік өнерінің мұрагері, марқұм Оразбек Сәрсенұлының ұрпақтары «Қызылқұм» күйінің шығу тарихын баяндай отырып, ақындар арасында «Қызылқұм шері» атты байқау өткізген болатын. Байқау  «Вконтакте» әлеуметтік желісінде жүргізілді. Төменде байқау жүлдегерлерінің өлеңдерін жариялап отырмыз.
Ашаршылықтан әлі ел есін жия алмай жатқан уақыт. Аң аулап балаларын асырап жүрген Сәрсен бір күні қаруын асынып, екі қақпанын мойнына салып, әдеттегіше аң аулауға кетеді де, қайта оралмайды. Қызылқұмның Алты құдық деген құдықтарының біріне түсіп өледі. Қанша әрекет жасағанымен жанындағы досы құтқара алмаған. Әкесінің қазасын есіткен 6-7 жастағы Оразбек Сәрсенұлы: – Өскенде қалай да әкемнің басына тас қоямын!, – деп өзіне-өзі серт береді. Бірақ, өсе келе Оразбек Қызылқұмға бірнеше рет іздеп барып әкесінің мүрдесін таба алмайды. Желмен сусыған құм Алты құдықтың ізін де қалдырмай көміп тастапты. Содан Оразбек күйші өзіне берген сертін орындай алмай «Қызылқұм» деген күйді шығарып, ішіндегі қайғысын күймен жеткізеді.
Күлайна Оразбекқызы
Алматы қаласы

БАС ЖҮЛДЕ
Айбек Әбілқалым (Орал)

Қызылқұм
Қабысып қарын ұртына түспей түйір дән,
Ашаршылық ай ұлтыма келген қиырдан.
Қайғысы басым заманың зары тұсында.
Баласын баққан әкелер жаны қиылған.
Солардың бірі қызылқұмдағы бір аңыз,
Бір аңыз десе құлақ түреміз сірә біз,
Оралмай кеткен Сәрсендей әке жайында,
Дүрсілдеп кеуде кең дүниеге жыр ағыз.
Аш қалса ұлы шыдамай тасқа бас ұрып,
Аң аулап жеген тар үйде Сәрсен ас қылып.
Балаға мұңын көрсетпей әке кезекті,
Аңға шығады қос ауыз мылтық асынып.
Қаперде құлап тас құдық қамап ішіне,
Аяқ астынан ажалда келді кісіге,
Артында қалған Оразбек деген ұлының,
Енеді әке тас қой деп маған түсінде.
Алты құдықтың аралап бәрін шарлайды,
Баланың арын әке сүйегі қайрайды,
Құдықтың түбін тереңге сүңгіп барлайды,
Оразбек бірақ сүйегін таба алмайды.
Оразбек мұңын құзылқұм мүлде ашпайды,
Көмілмей қалған әке сүлдесі бас қайғы.
Алты құдықты әкеге қабір етем деп,
Құм құйып солай құдықты бітеп тастайды.
Домбыра деген бабадан қалған сый құнды,
Қос шекті аспап суреттер бәрін сүйкімді.
Әкесін аңсап Оразбек мұңын тарқатып,
Қызылқұм деген қабір басында күй туды!
***********

1 ОРЫН
Алтынбек Сағындықов (Қызылорда, Қазалы)

ТАҒДЫР немесе ӨЗІҢДІ ЖҰБАТУ… ( Оразбек атаға арнау)
Бұйырады пендеге, жазылғаны пешене.
Өмір барда, өлім бар, ол ақиқат, десе де.
Тағдыр балдай тəп тəтті,
Тағдыр ащы удайын.
Уы қалар мəңгіге, мұңға толы кеседе.
Демі бітіп талайдың сүйегі қап қиырдан.
Туған жері арман боп талай боздақ сыйынған.
Сонау аштық жылдары менің Сəрсен атамның.
Мəңгілікке орыны құм ішінен бұйырған.
Аң аулады,ден қойып, бала шаға қамына.
Адал жолмен нан тауып, дақ түсірмей арына.
Сол күндердің бірінде ,болды құдық ажалы.
Құм көтерді куə боп,үнсіз ауыр қазаны.
Мақсат еді тас қою, атама ес білгесін.
Көп іздедім атамның, құмды кезіп мүрдесін.
Бетпақ сынды сазарып,үнсіз жатты Қызылқұм.
Құм жасырды құдықты, жасырды атам мүрдесін.
Міне осылай əкеміз,үнсіз іштей егілді.
Өкініш у, шанақтан, зарлы күй боп төгілді.
Қанша қатал болса да, қанша бетпақ болса да.
Ескерткіштей күйіңнен қатал тағдыр жеңілді.
Өкінбеңіз Оразбек ата сіз мəңгілік тастан берік белгі қойдыңыз осы күй арқылы.
***********

ЖҮЛДЕГЕРЛЕР:
Сакен Кабылов (Қызылорда, Қазалы қ.)

Құпиясы мол Қызылқұм
Болған соң жаны – жомарт, дархан пейілі,
Ер жігіт ел-жұртына қорған дейді.
Сəрсендей аңшы өтіп бұл жалғаннан,
Есімі естелік боп қалған дейді.
Асырап аң етімен бір ауылды,
Алғысын талайлардың алған дейді.
Қызылқұм – қойнауы құт құтты мекен,
Жусанды, бетегелі – отты мекен.
Елігі, қояны мол шұрайлы өлке,
Тойып ап шүйгін шөпке жортты бөкен.
Бір күні Сəрсен аңшы жолға шықты,
Сірə, бұл ажалына тартты ма екен?
Жанында жолдасы бар – Бала мерген,
Жан еді аңшылыққа жаңа ерген.
Құм кешіп, жапан түзде жүрген кезде,
Болса да баланы өзіне қара көрген.
Аптапқа шыдай алмай сол жеткіншек,
Шөлдедім деп соңында қала берген.
Сағымға тербетіліп төбе, белес,
Жанарды бұлдыратты болып елес.
Амалсыз аттың басын бұрды Сəрсен,
Бұл жерден «Алтықұдық» алыс емес.
Барды да, құдықтарды қарап шықты,
Бұрынғы құдықтардай таныс емес.
Мезгіл зырлап жеткенмен ұлы бесін,
Аптап ыстық алып тұр жанның есін.
«Судың көзін бітепті көшпелі құм,
Құдықты мен аршиын түсіп өзім.
Сен сыртта арқанды ұстап отыра бер»,
деп төмен түсе берді үзіп сөзін.
Бұл кейін бір құпия жайтқа айналды,
Аймаққа «Аңшы өлген» деп ат байланды.
Соңғы рет бір қауға су беріп сыртқа,
Қайран ер шыңыраудан шықпай қалды.
Тереңде су жұтты ма, құм басты ма,
Серігі не болғанын ұқпай қалды.
Арада өтті айлар, өтті жылдар,
Өзгеріп құтты қойнау, беткей, қырлар.
Аңшыдан қалған тұяқ Ораз күйші,
«Қызылқұм» күйіменен шертті сырлар.
Əкенің атына дақ түсірмейтін,
Тектілерден туған ғой текті ұлдар.
***********
Санжар Келекеев (Алматы қ.)

Оразбектің монологы
Ми қайнатқан ойлар-ай, қай-қайдағы,
Ішіме күйік түсіп, зар қайнады.
Сонау шақты ойлап ем, сағым сынды,
Сағындырды, Қызылқұм шалғайдағы.
Жабық күнім, мен сынды торық айым,
Тайғаным жоқ сертімнен, О, Құдайым!
Жұмыр басқа жұмсалса жетер өлім,
Қайда жүрсең Қорқыттың көрі дайын.
Алды да мұң, əйтеуір, арты сұмдық,
Жалғаның да осынау алты күндік.
Шабарман ел, сұрасаң оған дəлел,
Əкеме көр, маған шер Алтықұдық.
Алтықұдық, айырған сырласымнан,
Ұра толы ауызын құм жасырған.
Əр сағымға телмірем əкем бе деп,
Қызылқұмға қарайлап қыр басынан.
Уəде, уəде, білем ғой жұтпасымды,
Табылмай тұр əзірге түк тəсілі.
Көп тостың ғой, жан əке, тоса тұршы,
Күймен қалап кетейін көк тасыңды.
Қызылқұмда, əкемнің моласы бар,
Бəріміз де пендеміз сонда асығар.
Сонау тұстан жүрсеңдер ары – бері,
Бет сипамай өтпеңдер жолаушылар!

*************
Айгүл Жумадил (Алматы)

АТАНЫҢ ТАСЫ – АЛТЫҚҰДЫҚ
Сұм тажал қолдан жасап «аталаны»
Қатықсыз қалың қазақ қаталады.
Ажалдың тырнағынан құтқарам деп
Құм басып құдық түбі ата қалды,
Боздаған əке артында бота қалды.
Қайран-ай, құлпытас та қоя алмадым
Кетер ме орындалмай ой-арманым?
Деп ұлы «Қызылқұм» деп күй толғады
Таба алмай тағдырына қоярға мін
Тыңдасаң, бебеулетті бой алған мұң.
Қазағым зұлмат талай батырды күн,
Тірісің, мойындалған батырлығың!
Алланың қалауымен Алтықұдық
Атаның тасы болып қатырды құм.
Сондықтан Оразбектей əкемізге
Дүйім жұрт сабыр айтып жатыр бүгін.
*********
Қуаныш Әбутәліп (Алматы)

Оразбек ағаға басу
Ораз аға, қайғырма, жасыма құр,
Әкеңіздің төгілсін басына нұр.
Алланың қалауы сол, өкінбеші,
Тас қоя алмадым деп басына бір.
Амал нешік, салды Алла қақпанын,
Тас қоймадың, ол да аға, атқа мін.
Бірақ Тәңір қалауы сол, түсінем,
Жаныңыздың күйіп бара жатқанын.
Талай ұрпақ ұғар әлі, қамығар,
Күллі ғалам бір Аллаға бағынар.
Тас орнына бағыштадың күйіңді,
Өлеңімді бағыштайын, қабыл ал!
***********
Умит Нураддин (Қостанай)

Таусылып атты қашан бала таңым,
Сенесің бе есейгенін балапаның.
Сағынып, бір жылуын зар қылады,
Өсірген екі ыстық алақанның.
Санам сынық, білсең ғой зарым улы,
Бала кезде білдім бе деп қадіріңді.
Жігерімді Қызылқұм құм еткенмен,
Алтықұдық қоршады қабіріңді.
Өмір екен өткінші, жалған үнді,
Сездіртеді өзіңсіз қалғанымды.
Өкпем де жоқ, дұғамды бағыштар сəт,
Бір аунатып жатса егер əруағыңды.
***************
Нурлан Кишикбаев (Жетісу)

АЛТЫ ҚҰДЫҚ ҚАЙДАСЫҢ…
Ашаршылық заманында
Аңшылықпен ел баққан,
Атам кетіп…
Оралмапты,
Алты құдық сен жақтан.
Бір құдығың болды дейді ел,
Атаң үшін сұм қақпан.
Ал, бүгінде бар Қызылқұм
Наз айтады шер батпан,
Әр шағылдан Алты қауға
Азынайды мұң таққан,
Әр сексеуіл атам болып
Елестейді ұн қатқан,
Көңіл айтып – құм аққан…
Әкем сол кез алты жасар,
Өрімжүрек қоғажай,
Серт беріпті сол құдықты
қоршаймын деп – жағалай.
Кейін келе Алты құдық
Сені іздеп таба алмай,
Әкесінің өр басына
Бір белгі тас қоя алмай,
Өмір бойғы өкініш –
Күй,
Тартты шерін баяндай,
Үміті бір оянбай…
Бүгін міне көз тігем мен
Қызылқұмға отты леп,
Атам жатқан Алты құдық
Түсіме енші деп тілеп.
Әкем тартқан азына күй
Күңіренген көк тіреп,
Ұл борышын қабыл етші
Қарыз болмай кетсін тек
Іздгенін тауып алып
Топырағын өпсін деп.
Қол жаямын
Сағынышы,
Атама бір жетсін деп…
******************
Санжар Келекеев (Алматы)
ОРАЗБЕКТІҢ МОНОЛОГЫ . . .
Сізге берген уəдем барды, дүр жақсы,
Құдай сөзін жұтып алған оңбасты.
Алты құдық айналғандай сағымға,
Əке, əке, естисің бе құм басты ?
Бəрі тұтас Қызылқұмға оранды,
Алты құдық ізім – қайым жоғалды.
Неше мәрте іздегенмен сабылып,
Кешірші əке, таба алмадым молаңды.
Удай ашып жатыр мынау көкейім,
Бəрі Алладан, жазымыш қой нетейін.
Қоя алмаған көк тасыңның орынын,
Қайран əкем күймен қалап кетейін.
****************
Жанар Ешназар (Астана)

АЩЫ ТАҒДЫР
Аштық қысқан, мұңлы кезең басқанды,
Асып қару, алып екі қақпанды.
Балаларын асыраған аңшы әке,
Қызылқұмға аң аулауға аттанды.
Қызылқұмда Алты құдық бірінде,
Жазым болды шыңыраудың түбінде.
Жеті жасар ұлы өзіне серт берді,
«Бейітіне белгі қоям, тірімде!»
Ер жеткен соң, көп ізденіп көріпті,
Жел айдаған құм, құдықты көміпті.
Таба алмаған Ұл, Әкенің мүрдесін,
«Қызылқұм» деп, қайғыдан күй төгіпті…
Уайым-мұңды арайланған таң ілер,
Уақыт өте, тірі пенде сан күлер.
Мұңлы тағдыр, ащы кезең, сол шақтың,
Зәрлі күйін, бастан кешкен жан білер…
******************
Ақниет Тәңірбергенқызы (Қызылорда)

Тіршілікте тіріден ірі кеміп,
Жаз жоғалды, күреңдеу күзі келіп.
Тоқтар бір күн өр ағыс…
Бәріміз де
Сәрсеннің ұрпағының үзігі едік…
Бастау алып тұмадай жырақтардан,
Ақжалданып толқын құм сыр ақтарған.
Қызылқұмды айтса,
Көзімде көлбеңдейді –
Алты құдық әкешім құлап қалған.
Қайсарлық қой, көрмей-ақ кеселін кем,
Жас жүректі жанартау ете білгем.
Сізге деген әкетай сағыныштан,
Қоңыр күйім – Қызылқұм
көтерілген.
*****************
Эльмира Сәрсенбайқызы (Жетісай)

Әкесінен ерте айрылған Оразбек ағама!
Халіңізді ұқтым аға, кемсеңдеген қайғыдан,
Көз алдымда – жетімек ұл әкесінен айрылған.
Аңшылыққа жолға шығып, сорлы әкеңіз сол күйі,
Оралмастан ажал құшып, қанаты ерте қайрылған…
Табамын деп көп жүрдіңіз әкеңіздің мүрдесін,
Бірде жылап, бірде күліп, қайғырдыңыз, бірде шын.
Тағдыр екен, шарамыз не, амал бар ма, көнеміз,
Пенде болып жер бетінде өмір сүріп жүргесін…
Қамықпа аға, өмір солай, бірде- бақыт, бірде- мұң,
Күрсініспен шықпасын тек тыныс алған әр демің!
Жаратқаным ендігі тек жар болсыншы, тілерім,
Жаныңызға жуымасын, жоламасын мүлде мұң!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<