Көңіл ауанына қарап жазылған сөз кестелі өріледі. Десе де, өмірге жай күнде астарына үңіле де бермейтін сол сөзбен алысып келіп, арпалысып өткен кімдерді білеміз? Кімнің сөзін қабыл алып жүрміз? Сұрқай тірліктің бірқалыпты сарынына көндіккендей көрінсек те, бәріміздің «сыртымыз – шуақ, ішіміз – боран» емес пе?
Ойлы оқырман «қазақтың бәрі ақын» дейді. Тек жүрегін сөйлете алғандары аз. Ал ол жұртының діліне өлең болып орнаған сол аздың бірі. Жаныңызға жақындығы сонша, «аралықтың алшақтығын бір аттап» өтеді.
Ол ескірмейді. «Ескі өлең деген болмайды. Ескірсе несі жыр оның?» дейді өзі де. Сондықтан ескірмейтін ұғымдарды ғана жырлады. Ол ұғымдар ақынның жыры арқылы құнын әлденеше есе қымбаттата түсті. Сөйтіп, арамыздан кетсе де, сөзі жасара берді. Ал қазір бес жасар балаға да сөзі мәлім оның өзін танитындар көп пе?
Жұмыр басты пендені бірегейлер санатына қосатын құдірет бар. Құдайдың сүйген құлына сыйлаған ерекше қабілеті. Ауытқып тұрған алмағайыпта, адамның ар-ұяты мен иманы таразыға түсер жанталас кезең жайлы сөзде сыналған ақынның соңғы мұрасы – «Құлыптас» еді. Арыстар аманатын арқалаған, Алаш қайраткерлері мен өзіне қаламмен қашап қалдырған құлыптасы. Бордай болып үгілген жоқтау емес, бекіністей берік болмыстың үлгісі. Елінің ең қымбатын жоқтаған оның өзін жоқтаусыз қалдырмасақ керек-ті. Өзі де ғазиз досынан айрылған кезінде «мақтау өлең жазайын деп жүргенде, жоқтау өлең жаздырғаның неткенің?» деп мұң шағатыны бар.
«Жазар ма еңіреген ер деп бізді,
Жазар ма көкірегі көр деп бізді?..
Жоқ әлде отырар ма ойға шомып,
Жанары терезедей терлеп күзгі?»
Артында қалғанға алаң болған ақын осылай толғанған екен.
Ақын болу көп адамға мұрат емес деген бар. Мүмкін ақын болуды мұрат тұтуға жетерлік рух көп адамға берілмейтін шығар. Ол болса соған рухы жеткен, нәзіктіктің ерлігін жасаған маңдайлы ақын. Ақын Жарасқан Әбдірашев! Өлең жарысында өз тұлпарын тауып, сұңқарын зеңгір көкке самғатқан сезім саяткері, сөздің суреткері Әбдіраштың Жарасқаны 73 жасқа келді. Өлең керуеніндегі бір әдемі көп Жарасқан жырларын жиһаз тұтатындай. Ақын шығармаларында ақыл да мол, сыршылдық та жетерлік. Оның санасы мен көңіліндегі шындық аяулы арманға толы әсемдік әлеміне шақырады. Тек сол жырға сүйсіну, сырынан жігерлену керек.
Құрметті оқырман, өмірдің мәнін өлеңнен біліңіз. Жыр оқыңыз. Ақынға деген ең үлкен құрметіміз де сол шығар. Мүмкін көңіл көзіміздің әйнегі күзгі терезедей терлеп, оңашада ойға батармыз?
Биболат СӘТЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<