Жапырақпен қоштасу

2663

0

Жаздай күннен көзі ауырған жапырақ,

Күздей желден өзі ауырған жапырақ.

Ақырында сарыауруға шалдығып,

Сұлу тәнін қаза қылған жапырақ.

Сыбдырыңмен сырласқанмын мен кеше,

Жамалыңа саялаттың сен неше.

Көктем-анаң қайта туар, көркемім,

Жыламай-ақ қоштасайық, ендеше.

Жердің беті жылымыққа толғанда,

Бала шуақ асыр салар сол маңда.

Бал мен майын тамызады табиғат,

Тал мен қайың саған жүкті болғанда.

Шіркін, сонда шық тұнады көз мөлдір,

Жауһар болып шашылады жазған жыр.

Ән салады сенің шілдеханаңда,

Періштелер алып түскен ақ жаңбыр.

Тылсым сырды түсінгенге дос тәңір,

Ұқпағанға айтылған сөз босқа бір.

Асыл болған, жасыл болған жаныма,

Ал, жапырақ, көріскенше қош-қайыр.

Таппай дауа сен секілді емделер,

Бір аурудан қаза болсам мен де егер.

Тірілермін нұр мен жырға шомылып,

Оны бірақ, көрмейді ғой пенделер…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<