Гүлнар Жұмашева: «Мемлекет ана болуды қорғайды және көтермелейді»

1031

0

«Аймақ әйелдердінің денсаулығы қалай? Салада қандай мәселе бар? Қалай шешілмек? Дәрігер ретінде қандай кеңес бересіз?» деген сауалдар төңірегінде облыстық перинаталдық орталығы  бас дәрігерінің орынбасары, жоғары санатты акушер-гинеколог, ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі Гүлнар Жұмашевамен сұқбаттасқан едік.

− Гүлнар Хамзақызы, әйелдерінің денсаулығы  тақырыбында мәселе жиі туындау себебі не?

Гинекология әйел ағзасының анатомиясының, физиологиясының, психикасының және психологиясының ерекшеліктерін зерттейді. Оның маңызды міндеттері жыныстық ауруларды анықтау, емдеу және алдын алу. Қазіргі уақытта әйелдер арасында барлық гинекологиялық аурулар кездесуде. Жыныстық жолмен берілетін аурулар,  қорғалмаған жыныстық актілер процесінде жұқтырылған аурулар. Олардың көбі кейіннен бедеулікке себеп болуы мүмкін .Кіші жамбас мүшелерін зақымдайтын және қабынатын  аурулар тудырады. Мұнан бөлек эндометриоз, ісік секілді аурулар да кездеседі.Гормондық өзгерістердің салдарынан дамитын эндокриндік өзгерістер полиптердің қалыптасуы, киста, бедеуліктің дамуы, етеккір циклінің бұзылуы әйелдерде кездесуде. Қазіргі күні фертильді жастағы әйелдер саны − 177 124. Бұл босануға қабілетті әйелдер. Оның ішінде  10 787  әйел жүкті. Жүкті болғанымен ауыр экстрагениталды паталогиясы бар 3472 әйел тіркелген. Босану денсаулығына, өміріне қауіпті болатынына қарамастан тәуекел факторымен 8 577 жүкті әйел бар. Жыл сайын өз бетінше жүкті бола алмайтын және бала  көтере алмайтын әйелдер санының өсу  динамикасы байқалады. Оған түсік тастау, жұқпалы аурулар, сонымен қатар  салауатты өмір сүру салтын ұстанбау  себеп болады. Егер жас кезінде әйелдердің денсаулығына қатысты проблемалар онша айқын байқалмаса, 35-40 жастан кейін жағдай айтарлықтай шиеленісе түседі. Денсаулықты күту, мамандардың кеңесін пайдаланып денсаулықты қалпына келтіру  әрдайым қиын,  әрі қымбат.

Ооблыстық перинаталдық орталығы  бас дәрігерінің орынбасары Гүлнар Жұмашева

− Дәрігер мен науқас арасында дау жиілеп кетті. Жалпы заң не дейді?

− Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің  81-бабында жүкті  әйелдер мен аналардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтары мен міндеттері  көрсетілген. Әйелдер сол заңды оқып біліп жүруі қажет. Заңда «Мемлекет ана болуды қорғайды және көтермелейді» деп жазылған. Әйелдер жүктіліктің он екі аптасына дейінгі мерзімде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызмет көрсету үшін бекітілген жері бойынша медициналық есепке тұруға міндетті. Жүктілік кезеңінде, босану кезінде және босанғаннан кейін дәрігердің ұсынымдарын орындауға міндетті екені заңда көрсетілген. Егер әйел жүктілік үшін қарсы көрсетілімдер болған кезде жүктілікті жоспарласа, онда ол әйелдің өзі мен шарананың денсаулығына жүктілік кезінде және босанғаннан кейін күнтізбелік қырық екі күнге дейін болатын барлық тәуекел үшін жауаптылықты толығымен өзіне алады. Өкінішке қарай бізде дереу дәрігерді кінәлап шығады. Әр әйел денсаулығына ең бірінші өзі жауапты.

Елімізде әйелдер денсаулығы, ана мен бала денсаулығы басты назарда. Әйтсе де салада қандай мәселе бар?

− Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың  1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауыда денсаулық сақтау саласын баса атап өтті.   «Дені сау ана – дені сау ұлт» қағидасына аса мән берілген. «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе.  Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» деді Президент. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Сонда да аса маңызды  мәселелерді ретке келтіруге мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырды. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керектігін де айтты. Президент келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған.

 − Мамандар жеткілікті ме?

−  Бүгінде облыстық перинаталдық орталықта барлығы 125 дәрігер қызмет етеді. Олардың 25-і жоғары санатты. 32 дәрігер I санатты, 21-і II санатты білікті мамандар. Биыл 4 анестезиолог-реаниматолог дәрігер және акушер-гинеколог дәрігер жұмысқа қабылданды. 4 анестезиолог-реаниматолог дәрігерлердің 1-еуі облыстық перинаталдық орталығының қаржысы есебінен, 1-еуі облыс әкімдігінің грантымен, қалған екеуі мемлекеттік грантпен оқып, резидентураны бітірген. Қазір өз қызметтерін атқарып жүр. «Денсаулық сақтау саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін дәрігерлер дайындау жүйесін жетілдірген жөн. Медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді ауруханалар және клиникалар ашылады. Алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді. Мұның бәрі ұлт денсаулығын сөз жүзінде емес, іс жүзінде жақсартуға септігін тигізеді» деді. Сала мамандарына қолдау білдіріп, біліктіліктерін арттырып, мерейін үстем ету де маңызға ие.

− Балалар жылында қанша бала дүниеге келді?

− Сұлтан Бейбарыс 12, Әлихан Бөкейхан көшесі, 60 мекен-жайында екі ғимаратымыз жұмыс істеп тұр.  49 акушер-гинеколог дәрігер 2 ауысыммен жұмыс істейді. Күніне шамамен 35-40 әйел босанады. Жыл басынан бері 10 358 нәресте дүниеге келді. Олардың 5295-і − ұл бала, 5063-і − қыз бала. Жаңа туған бала анасының жанында ұзақ уақыт болғанын құп көреміз. Мемлекет басшысы  2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартылатынын айтты. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болуы керек. Мұнан бөлек, әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек дегені қуантты. Президент  жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару ұсынылды.  Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Жоба 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асырылмақ. Бағдарлама ана мен бала жағдайын жақсартуға үлкен қолдау болады деп сенеміз.

− Әйелдердің денсаулығын қалай жақсартуға болады? 

− Бірінеше ұсыныс айтайын. Ең маңыздысы әрбір әйел жылына 2 рет гинеколог дәрігер қарауынан өтукерек.  Ерте кезеңде анықталған қауіпті ауруларды емдеу айтарлықтай оңай және арзанға түседі. Оның үстіне, көптеген аурулар жылдар бойы симптомсыз өтіп, кейінгі кезеңдерде көрінуі мүмкін. Сүт бездерінің жағдайын бақылау. Кезкелген өзгеріс (қатаю  немесе ұлғаю, табиғи емес бөлінділер т.б.) жағдайында тез арада дәрігерге көріну. Дұрысы − жылына 1 рет маммограф дәрігерге қаралып тұру. Гормондық фонын бақылау қажет. Мысалы, қартаю процестеріне және онкологиялық аурулардың дамуына әсер ететін мелатонин гормоны организммен түнгі сағат 12.00-ден таңғы 3.00-ге дейін барынша өндіріледі. Бұл сағат 23.00-ден кешіктірмей ұйықтау керек дегенді білдіреді. Теңіз қырыққабаты, балық, асқабақ және майлы емес сүт өнімдері сияқты тағамдарды тамаққа пайдалану да гормондық фонның жақсаруына ықпал етеді. Гормональды препараттарды дәрігер тағайындаусыз, әсіресе, жүктілікке қарсы әсері бар препараттарды қолданбаңыз. Жоспарсыз жүктіліктен және жыныстық жолмен жұғатын инфекциялардан аулақ болыңыз. Жыныстық жолмен шамамен 25 ауру берілуі мүмкін, олардың хламидиоз, гонорея, мерез секілді түрлері бедеулікке әкеледі. Зиянды әдеттерден аулақ болып, қорғанған жөн. Алкоголь мен темекі шегудің зияны туралы айтпаса да белгілі. Сыра әйелдерде эстроген гормонының өндірілуін төмендетеді, оның жетіспеушілігі ұрықтану проблемаларына әкеледі. Су балансын жеткілікті мөлшерде ұстау керек. диета ұстау керек, себебі дені сау әйелдің салмағы өсуге пропорционалды болуы тиіс, дене салмағы индексінің төмен деңгейі немесе жоғары болуы жалпы организмнің денсаулығына кері әсерін тигізеді. Қант пен тұзды тұтынуды барынша азайтуға кеңес беремін.

−  «Спорт − денсаулық кепілі» екенін анық. Үй-шаруасымен тынбайтын әйел  одан бөлек спортпен де шұғылдануы керек пе?

− Үйдің тіршілігіндегі қозғалыс шамадан тыс болмауы керек. Физикалық жүктемелер қалыпты болғаны абзал. Аптасына 2 сағат спортпен шұғылдану ағзаны қалыпты ұстап тұру үшін жеткілікті. Бұл фитнеспен айналысу, таңертең жүгіру немесе гимнастика болуы мүмкін. Спортпен шұғылдану кезінде қанға соматотропин (жастық гормон) бөлінеді. Ананың өз денсаулығын күтуі жүктілікті жоспарлауына да оң әсер етеді.

 − Бұрын аналарымыз 50 жасында дүниеге сәби әкеліп, есімін Елубай қойып тойлап жататын. Қазір қырықтан асқан әйелдер босануға қабілетті ме?

  − Көп жағдайда қырықтан асқан соң көтеру де, босануда қиын болады. Оның себебі − түрлі ауруға шалдығуы немесе климакстық кезеңнің ерте басталуында. Қырық  жастан асқан әйелдер ағзадағы өзгерістерге мұқият мән беруі керек. Қатты терлеуімен, қатты тітіркенуімен, шамадан тыс ұйқымен және т.б. сипатталатын климакстық кезең басталған кезде өзінің емдеуші дәрігеріне бірден жүгінуі қажет. Сонымен қатар, әйелдердің денсаулығына әсер ететін аспектілердің бірі − гинекологиялық аурулар онымен әр әйел кездеседі. Бұл салыстырмалы түрде зиянсыз кольпиттер де болуы мүмкін.  Олардың нәтижесі онкология мен ана болу мүмкіндігінен айыруға дейінгі ауыр асқынулардың дамуын тудыруы ықтимал. Сондықтан да қыздар әйелдердің жыныстық саласына қатысты негізгі мәселелерді білуі керек: етеккірінің қалыпты ұзақтығы, салауатты гормоналдық фонның көрсеткіштері, жүктілікті жоспарлау мәселелері, гинекологиялық аурулардың болу белгілері және басқалар. Сонымен қатар, еңбекке қабілетті жастағы әйелдерге төнетін басты қауіп − қатерлі ісік.  Жатыр мойны қатерлі ісігін болдырмау үшін жыныстық өмір басталған сәттен бастап гинекологқа тұрақты түрде барып, ЖПБ анықтауға жыл сайынғы скринингтен өту қажет. Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу үшін Денсаулық сақтау министрлігі 40 жастан бастап 2-3 жылда бір рет маммографияны ұсынады. Әйелдер міндетті түрде жоспарлы түрде скринингтен өтіп тұруы қажет. Жүктілік барысында 3 рет ультрадыбыстық зерттеу жасатуы қажет. Жатыр мойны ісігін ерте анықтау, әйелдер жас топтары – 30, 35, 40, 45, 50, 55,60 жас. Жатыр мойнынан алынған жұғындыны цитологиялық зерттеу, патологиялық өзгерістерді жоққа шығару үшін, акушер- гинеколог кеңесі, кольпоскопия көрсеткіш бойынша жасалуы керек. Сондай-ақ сүт безі ісігін ерте анықтау, әйелдер жас шамасы – 50, 52, 54, 56, 58,  60 жас. Сүт безінің маммографиясы, маммолог кеңесі, онколог- көрсеткішін алып уақытылы емделгені жөн.

− Сұхбатыңызға көп рахмет!

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<