147 шақырым жол жөнделген

460

0

Биыл облыста ұзындығы 347 шақырымды құрайтын автомобиль жолы мен көпір өткелі жөндеуден өткізіледі. Нақты кезеңде оның 147 шақырымы толықтай жаңартылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Пакуатдин Шамұратов айтты.

– «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында облыстық және аудандық маңызы бар 244 шақырым жолды жөндеуден өткізу жоспарланған. Қазір 104 шақырым жол толықтай жөнделді. Бұған қоса, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде қаламыздағы Сұлтан Бейбарыс көшесінен «Қызылжарма» каналына дейін ұзындығы 4 шақырым магистральді көшенің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Сондай-ақ, «Кіші қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында Арал және Қазалы қаласының 20 көшесі қайта жаңартылды. Бүгінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша республикалық бюджет есебінен 14 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысымен облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының индикаторлық көрсеткіші 75 процентті құраса, биыл бұл көрсеткішті 82 процентке жеткізу межеленген, – деді ол.

Басқарма басшысы жолаушылар тасымалы бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, биыл үлкен сыйымдылықтағы 150 жаңа автобус қала тұрғындарының игіліне берілмек.

– Жаңа үлгідегі автобустардың іші жайлы, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар еш кедергісіз мініп-түсуіне жағдай жасалған. Бұл қоғамдық көліктер тамыз айында келеді деп күтілуде, – деді басқарма басшысы.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<