Ерлікке елдің алғысы шексіз

667

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметіне барып, құқық қорғау саласының қызметкерлері және сарбаздармен кездесті. Аймақ басшысымен бірге облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, облыс әкімі аппаратының басшысы Ерлан Райғаниев, қала әкімі Ғанибек Қазантаев, сондай-ақ облыстық полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан мен әскери бөлім командирі Ерлан Әбдірейім де болды.

Кездесуде облыс әкімі полиция қызметкерлері мен әскерилерге ерекше ықылас білдіріп, сын сағатта көрсеткен ерліктеріне ерекше алғыс айтып, рух көтеріп, жігер берер өз үндеуін жасады.

– Құрметті құқық қорғау қыз­меткерлері мен сарбаздар! Сын сағатта лаңкестермен күресіп, ел қорғауда алдыңғы сапта тұрып, өмірлеріңізге түсер қауіп-қа­терге қарамастан, күн-түн демей азаматтарымыздың өмірін сақ­тауда жанкештілік танытқан сіздерге алғысым шексіз. Батыл және жедел әрекеттеріңіздің арқа­сында террористік шабуылға тойтарыс берілді. Отанға берген анттарыңызды адал орындап, ерлік көрсетіп, қызметтеріңізді мінсіз атқардыңыздар!

Елдің тұтастығын сақтауда батырлықтың жарқын үлгісін көрсетіп, қысылтаяң кезде шұғыл шешім қабылдаған облыстық полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан мен барша полиция қызметкерлеріне Сыр жұрты атынан алғысымды білдіремін. Сондай-ақ қоғамда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрылымдар – арнайы мақсаттағы қызметкерлерге, Ұлттық ұлан, Барлау полкі, Шекара қызметі және өзге де құрылым сапында жүрген сарбаздарға шынайы ықыласымды жеткіземін.

Бірлескен әрекеттер арқасында бұл қиындықтан өтетінімізге сенім мол. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімдеріне қолдау білдіріп, күшіміздің бірлікте екенін дәлелдейік! Ел бірлігін сақтай отырып, мемлекет мүддесіне қызмет етейік! Біздің күшіміз – бірлікте! – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Кездесуде құқық қорғау саласының қызметкерлері мен сарбаздар саптық шеру өткізді.

Еске салайық, 5-ші қаңтар күнгі болған оқиға кезінде экстремистік топтардың шабуылынан бір сарбаз қайтыс болды. Жарақат алған полиция қызметкерлері де бар.

– Негізгі оқиға сол қаңтардың 5-і күні, біздің аймақтың уақытымен 14:00 шамасында басталды. Олардың қатты дайындықпен келгені көрініп тұрды. Біздің жергілікті полиция қызметі ғимаратын басып алуға бірден әрекет жасады.  Олар оған дейінгі болған қақтығыс кезінде тартып алған әскери жүк көлігімен сыртқы қақпаны бұзып та өтті. Кірген бойда қолдарынан көргеніміз, жанармай құйылған бөтелкелер. Сол бөтелкелермен біздегі барлық қызметтік автокөліктерді өртеп шықты. Қолдарында өзге де ұрғыш заттар, дубинка-сойыл бар, әрі тас, кірпіштер лақтырып, ғимарат терезелерін де сындырып шықты. Басты мақсаты – ішке кіріп, қызметкерлердің қару-жарақтарын тартып алу екені көзге көрініп тұр. Текетірес кезінде біздің жігіттер оларды кері ығыстырып, екі арада атыс орын алды. Өйткені, олардың кейбірінің қолында аңшы мылтығы да, басқа да атыс қарулары жүрді. Біздің бір әріптесіміз осы оқиға кезінде жарақат алды. Қазір аурухананың жансақтау бөлімінде. Таң білінгенше олар шабуылды тоқтатпай, атысты жалғастырғанмен, өз міндетімізді тиісінше адал атқардық. Өйткені, жеке құрамның мақсаты – соңына дейін күресу, ғимарат ішіне кіргізбей, барлық құжат пен қару-жарақты бермеу. Ол міндет орындалды да, – деп сол өткен қанды шабуылды еске алады жергілікті полиция қызметі патрульдік полициясының взвод командирі Ержан Шамақов.

Айта кетейік, сол күні бүлікшілер 8 нысанды өртеген. Сонымен бірге 24 қызметтік көлік отқа оранып, 8-і зақымдалған. Бұған қосымша 6 модульдік полиция пункті жанып кеткен. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.

***

Сондай-ақ, кеше облыс әкімі облыстық көпбейінді ауруханаға барып, онда ем алып жатқан 5 полиция мен әскери қызметшінің де жағдайын білді. Жаппай тәртіпсіздік кезінде түрлі жарақат алған әскерилермен сөйлесіп, тез жазылуына тілектестігін білдірді.

– Қадірлі сарбаздар, сіздер мем­лекетімізді сақтап қалуда табандылық танытып, Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер. Сындарлы сәтте ұлт мүддесін қорғап, аса батылдықпен тұрғындар қауіпсіздігін сақтап қалу – ерлік пен азаматтықтың айқын дәлелі. Жауынгерлеріміз соғыс кезінде де, бейбіт заманда да азаматтық парызын аса жауапкершілікпен атқарып жүргеніне тағы да көзіміз жетті. Сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Тезірек сауығып, қызметке оралуларыңызға тілекшімін. Осындай ержүрек ұл тәрбиелеген ата-аналарыңызға да рақмет, оларға да зор денсаулық, бақ-береке тілеймін, – деді облыс әкімі.

Мұнан соң аймақ басшысы дәрігерлермен пікірлесіп, ақ халаттылардың төтенше жағдай кезіндегі еңбегін жоғары бағалады.

– Құрметті медицина қызметкерлері, жанашыр жандар! Сіздер төтенше жағдай кезінде табандарыңыздан тік тұрып, қызметтеріңізге адалдық таныттыңыздар. Дәл қазіргі сәтте халық тұтастығы үшін бірлесе әрекет етіп, ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының шешімдеріне қолдау білдіруге шақырамын. Төтенше жағдай режимі талаптарын ұстанып, қауіпсіздік шараларын күшейту маңызды. Ел бірлігін сақтай отырып, мемлекет мүддесіне қызмет етейік! – деді өз сөзінде облыс әкімі.

Оқиға болған 5-ші қаңтардан бастап осы кезге дейін облыстық көпбейінді ауруханада 204 тұрғын медициналық көмекке жүгінген. 9 адам жансақтау бөліміне жатқызылып, 48 науқас ем алуда.

– Қақтығыс болған күні командир бұйрығымен барғанбыз. Кешкі 18:00 шамасында облыстық әкімдік маңына жиналған бұзақылардың қимылын тоқтатпаққа келдік. Бар мақсатымыз да сол еді. Күш көрсетуге бұйрық болмады. Ал қарсы топта отқа тұтанған бөтелке, тас, таяқ. Олардың саны бізден бес есе көп болды. Кері шегіну кезінде олар біз мінген әскери жүк көлігіне от тигізді. Сондай төбелес кезінде соққы алып, есімнен айырылдым, – дейді №66597 әскери бөлімінің топ сержанты Еламан Тоғжан.

***

Сондай-ақ облыс басшысы қала маңында орналасқан блок-бекеттердің де жұмысын тексерді. Төтенше жағдай басталғалы қоғамдық қауіпсіздік мақсатында 28 блок-бекет қойылса, оның төртеуі облыс орталығына кіреберіс жолдар бойында. Барлық бекеттегі сарбаздарға қажетті жағдай жасалған. Кезекшілік ұйымдастырылып, арнайы шатырда күніне үш мезгіл ыстық ас та беріледі.

Облыс әкімі қоғам мен тұрғындардың тыныштығын жанкештілікпен күзеткен сарбаздарға алғыс білдірді.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Б.ЕСЖАНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<