Абыз ақсақалдың өмірі айшықталған

1775

0

Көненің көзі, тарихтың өзіндей болып ортамызда жүрген, Ұлы Отан соғысының алты ардагерінің қатарында Қазалы ауданының Бекарыстан би ауылында тұратын Қабақ Смағұлов та бар. Жау жағадан алғанда жорыққа аттанып, қанды қырғынның куәгері атанған қарт майдангер биыл 100 жастың шыңын бағындырды.

Жақында болған мереке аясында қазалылық журналист, қарымды қаламгер Сахи Қапардың Алматы қаласындағы «Люксмедиа» баспасынан «Тамыры терең бәйтерек» атты кітабы шығып, оқырман көзайымына айналды. Жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың алғысөзімен ашылатын туындыда қадірменді қарияның соқтықпалы-соқпақсыз өмір белестері кеңінен баяндалады.

Мұнда алдыңғы толқынның басына бұлт үйірген алапат аштық, қасіретті қуғын-сүргін, сұрапыл соғыс кезіндегі тақсіреттің көрінісі жан жабырқатады. Шығармада айтылғандай, жеті жасар Қабақтың атасы Жетес «халық жауы» жаласымен атылған, ал әкесі Смағұл соғыс даласында от пен оқтың ортасында қаза тауыпты. Хабарсыз кетіп, жерленген жері Тәуелсіздік тұсында Беларусьтен табылған.

Кітап өткен уақыт еншісінде қалған көңілсіз тарих, қысталаң жылдар қасіретін көз алдыңа әкеліп, аға буын рухына бас игізеді. Бейбіт заман кезеңіндегі ел еңсесін көтеру жолындағы ілкімді істер де тартымды, эпизодтар арқылы рет-ретімен мазмұнды жеткізілген. Құймақұлақ ақсақалдың айтқан аңыз-әпсаналардың құндылығы мол.

Бұдан бөлек, кітаптағы «Ізгі ниет, ақ тілек», «Ата – дария, ана – кеме» бөлімінде үзеңгілес іні-қарындастары мен отбасынан қанаттанған ұл-қыздары қазыналы қарияның адамдық пен имандылық қасиеттерін паш еткен. «Жыр жазамын жүрегіммен» тарауындағы жергілікті ақындар С.Берденұлы, Ж.Сармолда, Ә.Қанайұлы, Ж.Достанов, С.Қабылов, Б.Сиқымовтың өлеңдерінде көнекөз ақсақалдың өнегелі болмысы жыр шумақтарына арқау етілген.

Бұған дейін Түркістан қаласындағы «Мырза», Қызылорда қаласындағы «Тұмар», Алматы қаласындағы «Мұсылман» баспасынан «Сағындырған сағым жылдар», «Аманбай ахун», «Атажұртым – айбыным» кітаптарын шығарып, оқырман құрметіне бөленген журналист-жазушының бұл еңбегінен терең ізденістің ізін байқадық. Көптің ардақтысы, ғасыр жасаған ғұмыр иесінің нар тұлғасын әсерлі де көркем етіп сомдаған әріптес ағамыз Сахи Бахиұлының денсаулығы мықты болып, шығармашылық шабыты шалқи беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<