Әдеп жөніндегі уәкіл институтының міндеті

272

0

Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген қанатты сөзі қанша уақыт өтсе де маңызын жойған емес. Рас, мінезден деудің астарында үлкен жауапкершіліктің жүгі жатыр, талап пен тағдырдың таразысы бар. Өйткені кәсіби мемлекеттік аппарат мемлекеттік қызметшінің жоғары біліктілігіне негізделсе, халық үнін тыңдай білу лауазымды адамдардың өз ісіне деген үлкен жауапкершілікті сезінуіне байланысты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласындағы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында: «Қазіргі таңда біз мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Негізгі міндет – жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтіп, мемлекеттік қызметшілерге көбірек дербестік беру. Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қажет. Олар туған-туыстарының арасында не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, ең алдымен, халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс. «Адал азамат» дегеніміз – осы» деп атап өтті.

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге арналған Әдеп кодексінің жаңа редакциясы қабылданды, яғни,  Әдеп кодексінің құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» туралы тарау енгізілді. Бұл кодекс мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебін стандарттауға және өрескел мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі 6 қағидаға негізделді.

Жалпы, Әдеп жөніндегі уәкілдер институтын нығайтудың мақсаты, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімінің артуына, мемлекеттік қызметшілер мәдениетінің қалыптасуына, мұнымен қоса сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасы мен қызметтік әдеп нормаларының  бұзылуының алдын алуға мүмкіндік береді. Қысқасы, мемлекеттік қызметтің оң бейнесін қалыптастыруға өз үлесін қосады.

Сонымен қатар, қызметкерлер мен азаматтар Әдеп жөніндегі уәкілден кеңес алып, проблемалық жағдайларды реттеп, әріптестерімен өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру үшін жүгіне алады.

Ең бастысы, мемлекеттік қызметкердің міндеті – халыққа адал қызмет ету. Сондықтан мемлекеттік қызметші халықтың алдындағы жауапкершілікті сезініп, кәсіби міндетіне де адал болуы тиіс.

Мұрат ТАСҚАРАЕВ,

Қызылорда қаласы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<