Әлеуметтік зерттеу қорытындысы таныстырылды

658

0

«Бастаманы қолдау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Студенттер сарайында» «Арал өңірі халқының әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау» тақырыбында қоғамдық тыңдау болды. Оған басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес құрылымдары және БАҚ өкілдері қатысты.

 Іс-шара барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Алмасбек Есмаханов өзекті мәселе көтеріп отырған қоғамдық бірлестік жұмысына сәттілік тіледі.

– Қазіргі Арал теңізінің экологиялық проблемалары әлі шешімі табылмаған күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Тәуелсіздік алған бастапқы жылдары елімізде «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң қабылданды. Бірақ өкінішке қарай, заңның бірқатар тармақтары алынып тасталды. Оның ішінде қазіргі таңда жұмыс істеп жатқан азаматтардың жалақысына қосымша төлеу мәселесі ғана қаралған. Өздеріңіз білесіздер, облыс әкімдігі Аралды қайта қалпына келтіру жобаларын қолға алуда. Жазушы, эколог Сайлаубай Жұбатыров Арал тақырыбын әлемдік деңгейде қозғап, қалам тербеп  жүр. Жақында ғана Сенат депутаттары Арал өңірінде келелі жиын өткізді. Мәселені аймақ басшысы әрдайым көтеріп келеді. Алдағы уақытта осындай бірлескен жұмыстар нәтижелі болса,  еселі еңбек пен үздіксіз зерттеулердің бекерге кетпегені деп ойлаймын, – деді ол.

Басқосуда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Раушан Бақтыберлина облыс халқының кейінгі бес жылдағы денсаулық көрсеткішіне тоқталды. Оның айтуынша, онкологиялық аурулар 14 пайызға өскен. Олар – сүт безі, өңеш, асқазанның қатерлі ісіктері. Облыстағыдан жоғары көрсеткіш Арал, Сырдария, Қармақшы аудандары мен Қызылорда және Байқоңыр қалаларында тіркелген. Қан аурулары Арал, Шиелі, Жалағаш және Жаңақорған аудандарында жоғары. Сондай-ақ, психикалық мінез-құлық бұзылыстары да республикалық көрсеткіштен жоғары тұр, – деді.

Мұнан кейін бірлестік төрайымы Мәдина Төлепова «Арал өңірі халқының әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау» жобасы нәтижесінде әзірленген ұсыныстар» тақырыбында баяндама жасады. Қоғамдық тыңдау барысында тақырып бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеудің қорытындысы таныстырылып, ұсыныстар талқыланды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<