Айналма жолдағы аспалы көпір

340

0

Қала маңына жақын жерден, яғни «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автожолында көлік айрығының құрылысы жүруде. Тапсырыс беруші – облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Аталған жобаның бүгінде 60 процентке жуығы аяқталған. Маңызды нысанды салудағы басты мақсат – кептеліс болдырмау, көлік қозғалысындағы қауіпсіздік шараларын сақтау. Жалпы сметалық құны 5 млрд 600 млн теңгеден асатын, екі жыл бұрын басталған жоба 2023 жылы  пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Бұл былтыр ғана аяқталған «Шіркейлі» каналына түскен көпірдің жалғасы іспетті. Осы арқылы сол жағалаудан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізіне тікелей шығып жүр. Көлік айрығына қажетті айналма көпір құрылысын «BazisConstruction» ЖШС жүргізуде. Қазақстан нарығында беделді саналатын құрылыс компаниясы мұндай нысандардан бөлек, үлкен қалаларда көптеген сапалы үйлер тұрғызып келеді.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, жоба бойынша көлік айрығы жалпы ұзындығы 450 метр болатын екі эстакададан тұрады. Әр эстакадада 12, барлығы 24 дана тіреу бар.  Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша темірбетонды ұңғымалары бұрғыланып, тіреулердің арматуралық қаңқалары тоқылып, бетондалған. Қазір 24 дана тіреудің 22-сі орнатылыпты, қалған екеуіне қосымша арматуралық тоқу мен бетондау жұмыстары жүргізілуде.

– Бізден бөлек, жергілікті жерден екі қосалқы мердігер мекеме жұмыс істеуде. Барлығы 100-ге жуық адам болса, оның ішінде құрылыста 80 жұмысшы істейді. Олардың барлығы – осы өңірдің азаматтары. Жатын орын, жуынатын бөлме, асханасы жабдықталған. Ал көлік айрығының сапасына келер болсақ, мұнда аспалы айналма көпір түседі. Біз соңғы үлгідегі түрік технологиясын пайдалана отырып, жұмыс істеудеміз. Құрылыс материалдарының 80 проценті жергілікті жерден, мысалы, қиыршық тас Жаңақорғаннан келсе, арнайы топырақ Қармақшыдан тасылуда. Тек аспалы көпірдің қабырғасын қаптайтын блоктарды Ақтөбеден әкелсек, бетондау жұмыстарына ресейлік арматура пайдаланылуда, – дейді құрылыс компаниясының техникалық жобалар жөніндегі инженері Жасұлан Жарасов.

Инженердің айтуынша, жыл соңына дейін үлкен жолдың екі жақ бетіне салынып жатқан айналма көпір құрылысы жұмыстарының 90 проценті аяқталмақ. Ал келер жылы аспалы көпірді түнгі жарықтандыру, асфальт төсеу сияқты жұмыстары істеледі. Сондай-ақ мұнда ені 1,5 метр болатын жаяу жүргіншілер жолы да қарастырылған.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<