«Ақ бата» байқауы өтті

1614

0

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Шиелі аудандық орталық мешітінде «Ақ бата» облыстық бата беру байқауы өтті.

«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында халқымыздың рухани өміріндегі бата беру дәстүрін жалғастыру мақсатында өткен жарыстың ашылуында сөз сөйлеген Сыр өңірінің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеуге үлес қосып жүрген қарияларға алғыс білдірді.

Додада өңірдегі қала, аудан мешіттерінің намысын қорғауға келген 10 ақсақал өздері дайындап келген батаны айту және таңдалған билетіне сәйкес, салт-жоралғыларға (тұсаукесер, бесіктой, т.б) байланысты бата беру бойынша бәсекеге түсті.

Қызылорда облыстық ардагарлер кеңесінің «Жастармен жұмыс жасау, мәдени-көпшілік, спорт жөніндегі» тұрақты комиссия төрағасы Бектұрғанов Келдібай, Еңбек ардагері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», қазылар алқасының мүшесі Барғанаев Дәулет, Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, Шиелі ауданының құрметті азаматы, қазылар алқасының мүшесі Исмайыл Өркен қазылық етіп, қатысушыларды батаның мазмұны, орындау шеберлігі, жатқа айтуы мен қазақы киім үлгісі бойынша критерийлері негізінде бағалады.

Нәтижесінде:
І-орын: Дәріқұл Махамбетов, Қармақшы ауданы (100 000 тг)
ІІ-орын: Жақай Сақбаев, Шиелі ауданы (70 000 тг)
ІІІ-орын: Оразбек Бейсов, Қызылорда қаласы (50 000 тг)
ІІІ-орын: Жаңабай Мұсаев, Арал ауданы (50 000 тг) жеңімпаз атанып, бәйге жүлдесін қанжығаларына байласа, өзге қатысушылар да ынталандыру сыйлығымен (Құран кітап, 10 000 тг) марапатталды.

Айта кетейік, сайыс жеңімпазы Махамбетов Дәріқұл ақсақал республикалық “Ақ бата” байқауында Сыр өңірінің намысын қорғайтын болады.

ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<