Аққұмдықтар AFAD-қа 500 мың аударды

420

0

Бауырлас түрік халқы 6 ақпанда болған жойқын зілзаладан орасан зор зардап шекті. Кейінгі мәліметтерге қарағанда қайтыс болғандар саны 43 мыңға жуықтаған. Оның үстіне  бірнеше ауданда жер сілкінісінің қайталануы тіркеліп отыр.

Анадолыдағы ағайынның басына түскен ауыртпалықты жеңілдету үшін ол жаққа еліміздің құтқарушылары барып, іздестіру-құтқару жұмыстарын атқарып қайтты. Мемлекет тарапынан жөнелтілген қаржылай және гуманитарлық көмекке қоса, қазақ жерінің әр қиырынан ағайынға болысуға ниет еткендер көп. Жер сілкінісінің эпицентріне 100-ден аса киіз үй тігіліп, баспанасыз қалғандарға қорған болуда. Сыр волонтерлері төсек-орын, тұрмыстық-шаруашылық заттар, азық-түлік қоры мен киім-кешек жөнелту қамымен жүр.

Осындай сәтте қиналғанға қарлығаштың қанатымен су сепкендей септігім тисе дейтін жандардың қарекеті қуантады. Жалағаш ауданы Аққұм ауылының тұрғындары мен осы ауылдың түлектері түрік халқына көмек көрсету үшін қаржы жинап, 500 мың теңгені  Түркияның дүлей апаттармен және төтенше жағдайлармен күрес жөніндегі басқармасы (AFAD) қорына аударды. Темірбек Оспановтың бастамасына үлкен-кіші түгел үлес қосты.

– Ағайынның басын біріктіретін осындай ортақ істе жігіттер аянып қалмады. Аққұмдықтар апаттан зардап шеккендердің бейнетін жеңілдетуге хал-қадірінше үлес қосты, – дейді бізбен әңгімелескен Сардар Әлмешұлы.

Жер сілкінісінен келген шығынды, қираған қалалардың жайын ақпарат көздерінен күнде көріп отырмыз. Осындай шақта бауырлас халыққа қолдау көрсеткен аққұмдықтар бастамасы құптарлық.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<