Аружан Оралбай. «Аспан жақтан не күттің?»

2705

0

*** 

 Қабіріме қашалмас, мейлі өлеңім,
 Қашанғы "көңілі үшін..." дей беремін?
 Қанатым жоқ.
 Шіркін-ай, аспан жаққа
 ұшып кеткім келеді кейде менің.
  
 Өкініш-ау... өткен күн өтемесі.
 Бақытына баратын төте көші,
 Жолы болғыш адамдар бұ Тəңірге
 Не өткізіп қояды екен осы?
  
 Шынында, күлкім - жалған, шекер - мұңым.
 Шер ақтарсам, шертеді шекемді кім?
 Дүние қуғандарға қайтіп айтам?
 Кебіннің қалтасы жоқ екендігін.
  
 Бəрі жалған екенін жиі ұқтырып,
 Өтеді өмір. Өтеміз күйіп-күліп.
 Апыр-ай, сонда-дағы биік-ті үміт,
 Тағдырды тəңір берген сүйікті ғып.
  
 Біз әсте, хәлімізден сыр берген бе ек?
 Ал, хәлің кімге уайым, кімдерге ермек?
 Өзімдей көргендерім өкіндіріп,
 Өзегімнен итеріп жүргендер көп.
  
 Естеліктің шырқатып ежелгі əнін,
 Көкейдегі көмескі кезерді ағын.
 Көңіл-ай, көзді жұмып қарасам да,
 Көз жұмып кетпейінше, сезем бəрін.
  
 Жүрегіме қылғанмен жырымды егіз,
 Арқа қағып, айтпайды ғұмыр лебіз.
 Қиялдаған қанатым бітпесе де,
 Көкке ұшып кетеміз ғой түбінде біз. 
*** 
  
 Жылымды ұрлап сағаттар сағымды үкті,
 Жаным көктік, ал тəнім қабірлік-ті.
 Тақтаға да жаза алмас тағдырымды
 Тар маңдайға сыйдырған Тəңір мықты.
  
 Қырдан өсек қашқанда, ойдан бір сын,
 Жоғалар жол іздедім қайран қыршын.
 Сыртың сөйлеп тұрғанын ұқпайтындар
 Ішіңде не жатқанын қайдан білсін.
  
 Құлшыныстан арылдым, құса басып,
 Өңнен соқпақ таба алмай, түс адасып.
 Тек, түндерді "сырласым" деп ұққанда,
 Кеткім келді дұшпанға құшақ ашып.
  
 Берілгенде сын сағат - пендеге хəл,
 Жетесіздер жетеді-ау жерлеген ар.
 Бір кещеден қалғанда көңіл шіркін,
 Жер-жаханды жек көру менде де бар.
  
 Жарамсаққа іс түссе қазір ғана:
 Атақты - апа,
 Бай - көке,
 Азулы - аға.
 Пенделердің күнəсі пейілінде,
 Періштенің кінəсі жазуда ма?
  
 Бақыт бақи орнайтын бар ма шағы?
 Аяй берсең адамнан ар қашады.
 Соқа басың сорыңнан арылғанда,
 Бақа-шаян балаққа жармасады.
  
 Жаратқаным кетпедің жанымды ала,
 Тамызық бер мұздаған тамырға да.
 Көңілім-ай, күніне мың көмілген,
 Жүрегім-ау, қамалған қабырғама.
   
*** 
  
 Айтылмаған сезімдер де,
 Ақтармаған сырлар да.
 Е-е-е, қайтейін? Езіл, кеуде!
 Енді ол мені тыңдар ма?
  
 Шыдам біткен. Шыны шағып,
 шыңғырғым кеп тұр неге?
 Дәл осылай ұғысалық.
 Үндемейін. Үндеме.
  
 Түгесілем... тозар жаным.
 Мұңға қойды теліп түн.
 Көктен неге көз алмадың?
 Аспан жақтан не күттің?
  
 Сәл бақытты, сәл азапты
 сәттер кештім. Түсім бе?
 Бұлттар ауып бара жатты
 жанарыңның ішінде.
  
 Мұң қармаған, мен енді ойшы,
 Ойым кейде өрескел...
 "Тәңір көкте" деген қайсы?
 Жүрегіңде емес пе ол.
  
 Шерленемін, шырай қалмай
 даңғазада, дүрмекте.
 Жүрегіңде Құдай бар ғой?
 Құдай бар ғой... Кірлетпе! 
*** 
  
 Қайғысыз, мұңсыз қаталап келем,
 Өлеңнің ғана толғағы.
 Өмірге мен де махаббатпенен
 қарасам - деп ем... болмады.
  
 Жарқ етіп өтер жасын ғұмыр-ау,
 Жаныма қойдың дау қамап.
 Бағытын білмес басымды мынау
 Сырдаңнан қайтем сауғалап?
  
 Қасіретімді бөліспе мейлің,
 Бөліске жетер шаттығым.
 Пейіштен келген періштедей мұң,
 Періштедей мұң - тәтті мұң.
  
 Күзден де кеше көктем жасадым,
 Қараша кетті қар-мұз ғып.
 Жалғыздық аңсап көптен қашамын,
 Көпті аңсатады жалғыздық.
  
 Көксегендерім орындалар ма,
 Тайып бір кетсем тобадан?
 Жоғалад неге жолым боларда
 Жақыным көрген көп адам?
  
 Бақыт па? Баста бөгелмеді о да,
 Өлеңнің ғана толғағы.
 Өмірді мынау өлерде ғана
 сүйіп қалмасам болғаны... 
*** 
   
 Мені жатырқайтындай мынау ғалам,
 Күлуде мән қалмады жылауда мән.
 Жазылмаған өлеңім, жаным сенің
 Жанарыңда кетіпті түн аунаған.
  
 Түн - ең адал сырласым. Күн құлады.
 Ал, саған ше... бәрі дос, құрбы бәрі.
 Бақытымды бұйырған кері теуіп,
 Өз-өзіме өкпелеп жүрмін әлі.
  
 Дертке дауа болар ма жалынсыз бақ?
 "Тағдыр" деуге ұялдым, тағы үнсіз қап.
 Жамау-жамау жүрегім жылына алмай,
 Жаным сыздап барады, жаным сыздап.
  
 Жетеді үнім, жетпейді хатым қалай?
 Айтар күнім болар ма, атыңды оңай.
 Өң мен түстей өмірден өтеміз-ау,
 Жырақтамай және де жақындамай.
  
 Кімге ақтарып, мұңымды кімге шағам?
 Сүйретілген мұңлық ем, сүлдесі - адам.
 Жалғыздықтан қорықпан,
 Ішқұсалық...
 Өлсем, өліп кетермін бірде содан.
  
 Сәт таба алмай жанымның ойлауға емін,
 Бастан ауып барады жай дәуренім.
 Маңдайыма жазылған өлеңім де
 Маңайыма жуымай қойды-ау менің. 
*** 

 Сақ-сақ күлген жек көріп сағатты әр күн,
 Ақ қағазға шерімді сан ақтардым.
 Ал, сонан соң...
 Сонан соң құлағымда -
 Жанайқайы жыртылған парақтардың.
  
 Жапырағын жанымның қырау басқан.
 Түнерді әлем беймезгіл, түн аумастан,
 Көшіп келген бұлттардың көңілі бос,
 Жұбата алмай, қосылып жылауда аспан.
  
 Көңілімнің аша алмай не түндігін,
 Мен отырмын, жанымда жетім мұңым.
 Көзімді ілсем - Қорымдар... Адасам кеп.
 Өліарада қап қойған секілдімін.
  
 Мына тырсыл ұзамай тынады анық.
 Мынау аспан шыққанша күн ағарып,
 Менің жаным секілді өздігінен
 Жұбана алса жақсы ғой жылап алып.
  
 Жұбана алса жақсы ғой, жұбана алса,
 Жылай берді-ау, бұлттарда кінә қанша?
 Тәңір жазған... аспаннан қара жерге
 Тамшылардың ғұмыры - құлағанша.
  
 Қанық шығар мендегі сырға түн-ақ,
 Бұлттар көшті, көз жасын құрғатып ап.
 Жалғыз қайың басында, тағдырласым -
 Үзіле алмай тұр әлі бір жапырақ.
  
 Жеткенімше сөндірме шырағыңды, үй.
 Мең-зең қылып жіберді мына бір күй.
 Әр түсімде әлдекім бейіт жақтан
 Құлпытасын көтеріп шығады ылғи.
 Өзім шығармын... 

Аружан ОРАЛБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<