ҒАШЫҚТЫҚ ЖЫРЛАРДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

471

0

Ғашықтық эпостар – сан ғасырлар бойы халқымыздың эстетикалық сұранысын өтеп, рухани шөлін қандырған ғажайып мұра. Жуырда Жаңақорған ауданы Жайылма ауылындағы №195 орта мектепте «Ғашықтық жырлардағы ұлттық құндылықтар» тақырыбында мектеп мұғалімдері арасындағы облыстық байқау өткізілді.

Интеллектуалдық байқау аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы мен Қорқыт ата атындағы ҚМУ мамандарының және Жаңақорған аудандық білім бөлімі өкілдерінің жан-жақты қолдауымен жүзеге асты. Облыстық байқаудың шымылдығын ашқан аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары  Мейірхан Мұхтарұлы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында осы уақыт аралығында атқарылған мәдени-ағартушылық шараларды саралай келе, байырғы қазақ эпостарының өскелең ұрпаққа берер тағылымын, облыстық байқаудың ұлттық құндылықтарды насихаттау, дәріптеу бағытындағы мән-маңызына назар аударды. Байқаудың бекітілген ережеге сай өтуін Қорқыт ата атындағы ҚМУ доценті, ф.ғ.к А.Айтбаева, Аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім меңгерушісі, ф.ғ.к С.Қосан, «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Н.Байкенже бастаған қазылар алқасы қадағалап отырды. Сонымен бірге байқаудың жоғары деңгейде әрі қызықты ұйымдастырылуына аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім меңгерушісі, п.ғ.к Ә.Әбдіқалықова, Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессор-оқытушылары Д.Сәтбай, Р.Диуанова, З.Баекеева, Н.Ерболатов сынды ғалымдар белсене атсалысты. Мәдени шара барысында аудандар мен Қызылорда қаласынан келген 6 шығармашылық топ жұртшылық алдында өзара сынға түсіп, қазақтың ғашықтық эпостарын қаншалықты терең білетіндіктерін көрсетуге тырысты. Сайыстың бірінші кезеңінде қатысушылар көрермендер мен қазылар алқасын өздерінің «Жай тастап, құлашымды кең саламын» атты қолөнер көрмесімен таныстырды. Көрмені тамашалау барысында Қармақшы ауданынан келген еңбек пәнінің мұғалімі Гүлнәр Алмағанбетованың гобелен жанрындағы кестелеу жұмыстары қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, облыстық білім басқармасының Алғыс хатына ие болды. Жалпы, аудан мектептерінің еңбек сабақтарында ұлттық бейнелеу, қолөнер түрлерін, оның ішінде әсіресе, кесте тігу өнерін дамытуға, ұмыт бола жаздаған ұлттық нақыштарды қайта жаңғыртуға ерекше ұмтылыстың бары қуантты. Мәдени-рухани құндылықтарымызды ұлттық дәстүр аясында бейнелеуге талпынудың жарқын үлгілері Жалағаш, Қазалы, Шиелі аудандары көрмеге қойған алуан түрлі экспонаттардан да көрініс тапқан. 

Байқаудың негізгі бөлігі «Өзін-өзі таныстырудан» басталып,  екінші кезеңде «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» жырлары бойынша танымдық сұрақтарға негізделген интеллектуалдық білім сайысы, үшінші кезеңде жырдан үзінді оқу, театрландырылған шағын көрініс қою, т.б. өнер сайысы өткізілді. Ғашықтық жырлардың өн бойындағы ұлттық дәстүр мен тәлім-тәрбие көріністерін ұлықтауға арналған облыстық мұғалімдер байқауының соңы Жайылма ауылы №195 орта мектебі өнерпаздарының концертіне ұласты. Тартысты өткен білім бәйгесінің қорытындысы бойынша І орынды  Жалағаш ауданы иеленсе, ІІ орынды Қазалы ауданы, ІІІ орынды Жаңақорған және Қармақшы ауданы бөлісті. Ғашықтық эпостардағы ұлттық құндылықтар тақырыбын зерделеуге арналған білім сайысына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен гөрі өзге мамандық иелерінің көбірек әрі белсенді қатысуы осы байқаудың басты ерекшелігі болды десек, қателеспейміз.

Атап айтқанда, Қызылорда қаласынан келген математика пәнінің мұғалімі Ержеңіс Әбдиев, бастауыш сынып оқытушылары: Айгерім Ідірісова, Бота Шораева,  Қармақшы ауданынан қатысқан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сұңғат Мырзабеков, жаңақорғандық тарих пәнінің оқытушысы Әлібек Бердікеев, Жалағаштан келген технология пәнінің оқытушысы Шұғыла Дүйсебаева, математик Айгүл Әбдіхалықова, бастауыш мектеп мұғалімі Құралай Мамзадаевалар ғашықтық эпос тақырыбын тіл әдебиет мамандарынан кем білмейтіндігін көрсетіп, өз қабілеттерін жан-жақты танытты.

Білім сайысын облысқа танымал педагог-ғалым, аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы тәрбие және білім бөлімінің меңгерушісі Ә.Әбдіхалықова қорытындылады. Спикер өз сөзінде бүгінгі Қазақстанда орын алып отырған «ғашықтар мәселесіне» тоқталып өтті. Жыл сайын елімізде отау құрған жас отбасылардың 47%-і ажырасып кетеді екен. «Осының түпкі себебі неде?» дейтін маңызды сауалдың жауабын іздеген  ұстаз ғашықтық жырлардағы махаббат сезімі мен ұлттық дәстүрдің қаншалықты   шынайы үйлесім таба алғандығына назар аударды.  Тәжірибелі педагог-ғалым алдағы уақытта осы тектес мәселелер орта білім мекемелерінде терең талқыға түсетін маңызы зор тақырып екендігін қадай айтты.

Серікбай ҚОСАН, 

аймақтық «Рухани жаңғыру»

 орталығының бөлім меңгерушісі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<