Ата-ана мен баланың қарым-қатынасы

2290

0

Адамзатты тәрбиелеу өте ұзақ және күрделi процесс. Жеке бастың қалыптасуы, оның рухани жағынан дамуы бала кезден бастау алады. Жас шыбық иiлуге қандай икем болса, бала да тәрбиенi қабылдауға сондай бейiм. Отбасы тұлға қалыптастырушы бесік. «Азамат қалыптастырамын десең, бесігіңді түзе» – деп, ұлы ғұлама М.Әуезов бекер айтпаған.

Қазіргі отбасы тәрбиесіндегі басты нысана баламен рухани үндестік пен үйлесімділікке ұмтылу, ата-баба мұрасын сақтауға ұмтылу, халықтың тәлімдік мұрасын сақтауға көңіл бөлу, туыстық, отбасылық қатынастарды бала кезінен қалыптастыру. Адам қарым-қатынас арқылы айналасындағы дүние жайлы мәлімет алады, еңбек пен тұрмыс дағдыларына машықтанады, адамзат жасап шығарған түрлі құндылықтарды меңгереді. Әрине, қарым–қатынас ақпарат алумен ғана шектелмейді, оның шебері аса кең, көп қырлы. Спектакль көрсек те, лекция тыңдасақ та, достармен сөйлессек те, осының бәрі – қарым–қатынастың сан алуан қырлары болып есептеледі.

Өткен дәуірдің танымы бөлек қаламгері Лев Толстой «Бақытты отбасылар бір-біріне ұқсас келеді. Ал әр бақытсыз шаңырақтың өзіне тән қиындықтары бар» демей ме. Баланың бар жағдайын жасап, отбасындағы жарасымды сақтап, айрандай ұйып отырған ортада тәрбие алғандар туралы әңгіме бөлек. Бірақ, барлық адамның бір ізбен жүрмейтіні секілді әр отбасының бөлек-бөлек соқпағы бар ғой. Тіршіліктегі азды-кемді қиындыққа шыдамай сынып кеткендердің шаңырағы шайқалып сала беретіні де белгілі. Бұл ең алдымен әке мен ана арасындағы дәнекер – бала тағдырына қатты әсер етеді.

Бала табиғатын тану, оны түсіну, жөнімен еркелету, шынайы қарым-қатынас құру, оның бойындағы бар ерекшелікті көре біліп, қабілетін дамыту, бағдарлау, ынталандыру – ұрпағының ертеңі үшін алаңдайтын парасатты ата-ананың игілікті әрекеті. Өміріміздің ең мәнді өзегі – тұлғалық тұрғыда толық қалыптасқан парасатты перзент тәрбиелеу.

Қарым-қатынас – социумдық ұғым болғанымен, адам өмірінің ең маңызды әрі күн сайын жолығатын дүниесі. Тап қазір осы мақаланы оқып отырған Сіз осы уақытқа дейінгі сізбен болған бүкіл қарым-қатынастың өнімісіз. Демек, индивидаралық коммуникация белгілі бір тұлғаның бойындағы барлық қасиеттерді, түсінік-көзқарастары мен ұстанымдарын, талғам-қабілетін қалыптастыратын ең қымбат валюта. Ал оны дұрыс қалыптастыру мәселесі өз алдына бөлек дастан. Әсіресе, жас ата-ана мен бала арасы.

Сан мың отбасының өзара гармонияда ғұмыр кешуі кез келген өркениетті жұрттың басты мұраты. Айналасына қажеттілігін сезініп, қадірлі екеніне көзі жеткен жанның өміріне мән бітеді.

Қарым-қатынас – үйлесімді, бақытты және шуақты өмірдің бір бөлігі. Әртүрлі белгілер мен өлшемдерге сәйкес қатынастардың бірнеше жіктелімі бар. Енді көлденең және тік қарым-қатынастардың айырмашылығын және оларды шатастырмай, өз уақытында дұрыс қолдану ретін айтайық.

Психология оқулықтарындағы қарым-қатынас классификациясы санаға біршама салмақ түсіруі мүмкін. Қарапайым түрде түсіндірсек, тік қарым-қатынас отбасылық байланыста жиі көрінетін иерархия түрінде жүреді. Іңгәлап жарық дүние есігін жаңа ашқан сәби ақ парақтай пәк. Ал соған ақпар жазып, болмысын бедерлейтін бәдізшілер – ата-ана, қоршаған орта.

Даму барысында бала алдымен вертикальды байланыстарға сүйенеді, ол толығымен ата-анасына немесе отбасының басқа мүшелеріне байланысты. Ана баласына мейірін төгіп, махаббатын арнаған соң әкеге қарай ауа бастайды. Әкесімен байланыс орнатқан соң, ата-әже, бауырларымен қатынас түзейді.

Бірақ есте тұтатын бір жайт – әркім өз орнында болуы керек, төменнен жоғары қарай ретімен. Мысалы, ананың алдына ата-әжесінің түсіп кетуі психикалық қолдаудың жетіспеушілігіне алып келуі ықтимал. Отбасы мүшелері сәбидің болмысын, дүниетанымын қалыптастырады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген осыдан. Тіпті мамандар бала тәрбиесі құрсақта емес, ата-анасының болашақ бала туралы ойланған сәтінен басталатынын айтады. Қазақ оны «сүтпен біткен мінез сүйекпен кетеді»дейді.

Амангелді Махаббат

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<