«Атамекендегі» шырша шаттығы

825

0

Фото: ашық дереккөз

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылына барып, ондағы тәрбиешілер мен балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді. Тәрбиеленушілер әзірлеген жаңажылдық мерекенің қонағы болды.

Мерекелік іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, аппарат басшысы Ерлан Райғаниев, қала әкімі Ғанибек Қазантаев, облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова мен балалар ауылының директоры Лиза Скакова қатысты.

Аймақ басшысы алдымен «Алатау» шығармашылық үйінде оқушылар ансамблінің өнерін тамашалады. Тәрбиеленушілер тақпақтарын айтып, Роман Дмитриев пен Нұршат Нышанова оқушылардың жетістіктерімен таныстырды.

Өз кезегінде облыс әкімі еліміздің жарқын болашағы өскелең ұрпақтың еншісінде екендігін алға тартып, сапалы білім алып, талапты болуға шақырып, балаларды ғажайыпқа толы Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

– Барлығымыз Жаңа жылдан жақсы жаңалық күтеміз, бір-бірімізге жақсылық тілейміз! Сендердің де ерекше тілек тілеп, Аяз атадан әдемі сыйлық алғыларың келетінін білемін. Сол себепті де, бүгін өздеріңді осы бір керемет мерекемен құттықтауға келіп тұрмын.

Мен сендердің жағдайларыңды үнемі сұрап отырамын. Қалай оқып жатырсыңдар, сендерді не қызықтырады, барлығы әрдайым менің назарымда. Сендер қандай бір жетістікке жетсеңдер, мен қуанып отырамын.

Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өттік. Енді, міне, төртінші онжылдығына қадам бастық. Сендер – егемен еліміздің болашағысыңдар. Азат еліміздің келешегін баянды етуге сендердің үлестеріңнің мол боларына сенемін!

Үлкен азамат болып өсіңдер! Ұстаздарыңды үлгілі тәртіптеріңмен, жақсы оқуларыңмен қуанта беріңдер! – деді облыс әкімі.

Мерекелік думанды сәтте балалар үйінің тәрбиеленушілеріне облыс әкімі атынан үрлемелі бассейн және тәттілер салынған жаңажылдық себет ұсынылды.

Мұнан соң, балалар ауылының түлегі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде облыс әкімінің грантымен оқитын Ақмарал Сартова облыс басшысына жүрекжарды лебізін арнады. Мерекелік іс-шара  соңында ғимарат ауласындағы безендірілген шырша жанында естелік суретке түсті.

Айта кетейік, отбасы үлгісіндегі балалар ауылы 2015 жылдың 1 маусымында жұмысын бастады. Бүгінде 39 жеткіншек тәрбиеленуде. Мекемедегі 40-тан астам қызметкер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеп, оқытып, тұлға қалыптастыру жолында еңбек етуде.      

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<