Аудан жаңалықтары

285

0

Өнермен өрнектелген өмір

Сатирик, режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің иегері Бақтыгүл Бахрамованың шығармашылық кеші өтті.

Мерекелік кеш белгілі өнер иесінің монологымен бастау алып, еңбек жолы мен шығармашылығы насихатталған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Шығармашылық кешке аудан әкімінің орынбасары Б.Жұмағұлов қатысып, ізгі лебізін жеткізді. Мәдениет саласының дамуына қосқан сүбелі үлесін атап өтіп, қазақы дәстүрмен иығына қамзол жауып, Құрмет грамотасын табыстады.

Зардап шеккендер жоқ

«Қамқор вагон» ЖШС-нің Қазалы вагон жөндеу депосы филиалында оқыс оқиға болды.

Депо ішінде цистерна вагонының ауа клапанын сынақтан өткізу үшін автоген аппаратымен кесу жұмыстары кезінде ішінде қалған қалдық жанар-жағармайдың әсерінен буланып, қысыммен жарылыс болды. Оқиға кезінде мекеменің дәнекерлеушісі автоген аппаратымен жұмыс істеген.

Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Асхана құрылысы

Осы ауданның Қармақшы ауылдық округінде Әмит ишан мешітінің жанынан асхана құрылысы жүргізілуде.

Құлшылық үйіндегі 150 орындық асхананың құрылысы демеушілердің және ауыл тұрғындарының көмегімен салынып жатыр. 700-ден аса халқы бар ауылдық округ тұрғындары осы нысанның құрылысына қолдан келгенше жәрдем беруде. Бүгінде құрылыс аяқталуға жақын. Ішкі жұмыстары жүргізілуде.

«Аманат-2022» әншілер байқауы

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-сазгер, Жалағаш ауданының құрметті азаматы Батырхан Шөкеновтің 60 жылдық мерейтойы аясында «Аманат-2022» атты облыстық әншілер байқауы өтті.

Оған Жаңақорған, Сырдария, Қармақшы, Арал және Қазалы аудандарынан талапкерлер қатысты. Байқауда аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Еспенбет әншілерге сәттілік тілеп, Б.Шөкеновтің анасына сый-құрмет көрсетті. Облыстық әншілер байқауының бас жүлдесін аралдық Жақсылық Ақбілек жеңіп алып, қаржылай сыйлыққа ие болды.

Дойбы жарысы

Биыл қазақ зағиптар қоғамына – 85 жыл. Айтулы күнге орай аталған қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен ауданда мерекелік шара өтті.

Сырдария спорттық зияткерлік клубында көз мүгедектерінің арасында дойбыдан жарыс өтіп, жеңімпаздарға арнайы диплом және жеке кәсіпкер Е.Бақторазовтың демеушілігімен сый-сияпаттар ұйымдастырылды.

Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев зағип жандарға алғыс табыстап, мерекемен құттықтады.

Ардагерге құрмет

Аудан әкімі Нұржан Ахатов экономика саласына әр жылдарда жемісті жетекшілік жасап, әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан қаржы саласының ардагері Тұңғышбай Жетпісбаевтың шаңырағында болды.

Т.Жетпісбаев түрлі мемлекеттік қызметтерде жүріп іскерлік пен ізденіс тізгінін тең ұстайтын тәжірибелі шәкірттерді тәрбиелеп, көпшіліктің ізгі ілтипатына ие болған. Ардагердің жеткен жетістіктері мен өнегелі де жарқын істерге толы ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі.

«Біз өнерді сүйеміз»

Ауданда «Біз өнерді сүйеміз» атты үй шаруасында отырған аналар мен бүлдіршіндердің қатысуымен өнер фестивалі өтті.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов арнайы қатысып, барлық өнерпаздарды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, ынталандыру сыйлықтарын табыстады. Ол мұндай шараларды алдағы уақытта да кең көлемде өткізу жөнінде ұсынысын білдірді. Барлық қатысушыларға аудандағы кәсіпкерлердің демеушілігімен сертификаттар табысталды.

Дайындаған: Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<