Аудан жаңалықтары

612

0

Аналар форумы

«Мәдениетті ана, мәдениетті ұлт» жобасы аясында облыстық аналар кеңесінің «Сыры мен сыны бөлек Сыр аналары» атты аудандық әйелдер форумы өтті.

Аудандағы ақ жаулықты әжелер, аяулы аналар мен ақжарқын арулардың басын қосқан форум ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар сахналанған көріністерден бастау алды. Барлық саладағы нәзікжандыларды бір арнаға тоғыстырған басқосуды аудан әкімі Серік Сермағамбетов ашып, бүгінгі қоғамдағы әйел орны туралы пікірін білдірді. Бастамаға қатысқан Батыр аналар, еңбек ардагерлері өнегелі өсиет айтып, жиын соңы пікір алмасуға ұласты.

Өрт дер кезінде сөндірілді

Теміржол тұйығында тұрған «Sinоoil» ЖШС-на тиесілі сұйық отын толтырылған цистерналардан өрт шықты.

Өрт аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен өрт сөндіру қызметі қызметкерлерінің күшімен сағат 13:35-те оқшауланып, толық сөндірілді. Адам шығыны жоқ.

Оқиға орнына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тиісті сала басшыларымен барып, жағдайды бақылауға алды. Қазір өрттің шығу себебін төтенше жағдайлар бөлімі мамандары мен полиция қызметкерлері анықтап жатыр.

Аудандық ашық біріншілік

Ү.Томанов атындағы №183 орта мектебінің спорт залында гандболдан әйелдер арасындағы аудандық кубок өз мәресіне жетті.

Аудан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған іс-шара гандбол ойынын кең көлемде дамытып, аудан жастарын дене шынықтыру және спортпен айналысуға тарту мақсатында өтті. Тартысты өткен біріншілікте ІІІ орынды иеленген Жосалы кенті №105 мектеп-лицейі, ІІ орынды Ақтөбе ауылдық округі №109 орта мектебі және бас жүлдені Төретам кентінің құрама командасы иеленді.

Неке куәлігін табыстады

Отбасы күніне орай орталық алаңда аудан әкімі Асқарбек Есжановтың қатысуымен мерекелік іс-шара өтті. Аудан әкімі тұрғындарды мерекемен құттықтап, өмір баспалдағын алғаш аттап, отбасы атанып жатқан жас жұбайларға неке куәлігін табыстады.

– Жалағаш топырағы бірлігі бекем, татулық пен достықты ту еткен отбасыларымен ерекше мақтанады. Құндылықтарды көзінің қарашығындай сақтай білетін жарасымды отбасылар – біздің мерейіміз. Аудан бойынша биыл 116 жас отау шаңырақ көтерсе, 480 бала дүниеге келді. Ал, көпбалалы отбасылар саны 1200-ді құрап отыр. «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған аналар қатары да жыл санап көбейе түсуде, – деді құттықтау сөзінде.

Тәулігіне 600 нан

Шағандық Ербол Бисенов пен Жұлдыз Бектібаева – ауылдағы кәсіпкерлікті дамытып, отбасылық бизнесті өркендеткен жандар.

Ерлі-зайыптылар 2002 жылы ауылдан дүкен ашып, шағын кәсіпкерліктен бастаған. Азық-түлік, ыдыс-аяқ, киім-кешек, оқу құралдары, шаруашылық тауарларын сатуды іске асырған кәсіпкерлер бизнесті дамыту үшін наубайхана ісін қолға алды. Сырттан дүкенге ешкім нан әкелмейді. Сондықтан наубайханада нанның бірнеше түрі пісірілуде. 4 адам жұмыспен қамтылған. Таң атысымен басталатын жұмыс кешкі 7-8-де аяқталады. Осы күннің өзінде шағандықтарды ғана емес, көрші ауылдағы дүкендерді де ыстық нанмен қамтамасыз етіп келе жатқан наубайханадан күніне 600-ге дейін нан өнімі шығады.

Балаларға базарлық

«Балалар жылы» аясында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен ерекше білімді қажет ететін 30 бала Қызылорда қаласындағы қалалық, облыстық музейлерге, ойын алаңдарына барып саяхат жасады.

Олар өткен тарихымызды танып-білуге, жәдігерлермен танысуға мүмкіндік алды. Мағлұматтар алып, алған әсерін айтып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Отбасылық кәсіп

«Ордакент» аумағында орналасқан «Айдархан» шаруа қожалығында картоп қазу басталды.

Жас кәсіпкер Олжас Фазылов былтыр 1,5 гектар жерге картоп егіп, 60 тонна өнім алған. Биыл егістік жерін үш есеге ұлғайтып, 200 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. «Гала» сортты картоп қысқа сақтауға өте жақсы және тәтті. Екі күннен бері Олжас Айдарханұлы кент орталығындағы «Ғани» сауда орталығының алдында жүк көлігімен осы картопты сатуда. Бір қап шамамен 40-45 келі шығады, 1 келісінің бағасы 150 теңге, ал қабымен 6000 теңгеден.

Дайындаған: Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<