Аудан жаңалықтары

490

0

Құран жаттау орталығы

Ауданда жаңа Құран жаттау орталығы ел игілігіне беріліп, оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты.

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов жиылған қауымды жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады. Мұнда бір мезетте 70 шәкірт білім алады. Олар діни сауат ашумен қатар мектеп бағдарламасын да оқиды. Ғимаратта дәрісхана мен жатақхана бар, жалпы аумағы 400 шаршы метр. Бас мүфти шәкірттерге қасиетті Құран кітабын сыйға тарту етті.

Қарттарға құрмет көрсетілді

Халықаралық қарттар күніне орай Қазалыда салтанатты іс-шара өтті. Оған тыл еңбеккерлері, еңбек ардагерлері мен Қазалы ауданының құрметті азаматтары және көпбалалы аналар қатысты.

Жиналғандарға Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев жылы лебізін арнады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбановтың «Өнеге көрсету – үлкеннен, үлгі алу – жастардан» жаңа кітабының тұсауы кесілді. Мұнан соң, қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген бірқатар ардагерлерге «Қазақстан ардагерлер ұйымына 35 жыл» мерекелік медалі, «Amanat» партиясы Қазалы аудандық филиалы мен облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасы, республикалық ардагерлер ұйымы мен аудан әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды.

Ән әуелеген күн

Қармақшы төрінде ән әуелеп, күй күмбірлеген, жырдан жаһұт жауған ғажап күн болды. Қазақтың күміс көмей әншісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы аясында өнер иесі атындағы ұжым гастрольдік сапармен келді.

Қармақшы жеріне келген «Қазақконцерт» ұжымы өнер сапарын Қорқыт ата кесенесіне тағзым етуден бастады. Одан соң Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде «Қазақ деген халықтың еркесімін» тақырыбымен гала концерті өтті. Кеште аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов көпшілікті рухани жігерлендірген өнер ұжымына қармақшылықтар атынан алғысын білдірді. Өнерсүйер қауым асыға күткен концертте ән әлеміндегі жарық жұлдыздар мен халықаралық сахналарда шыңдалған жас өнерпаздар өнер көрсетті.

Ұсыныс-пікірлер тыңдалды

Аудан әкімі Асқарбек Есжанов Жалағаш аудандық емханасының қызметкерлерімен кездесті.

Аудандық емхананың бас дәрігері Еркебұлан Мақсұтов биылғы 8 айда денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыс барысына шолу жасады. Айта кетсек, қазір 33 190 аудан тұрғынына аудандық орталық аурухана, аудандық емхана, 12 дәрігерлік емхана, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 2 медициналық бекет қызмет көрсетеді. Аудан әкімі мекеме басшылығына облыс және республикалық деңгейде біліктілікті арттыруға тапсырма берді. Сондай-ақ, ақ халатты абзал жандардың қоғамдағы маңызын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Сенбілік өтті

Аудан орталығында қоғам тазалығын сақтау, көшелерді қоқыстардан тазарту үшін сенбілік ұйымдастырылды.

Тазалық іс-шарасына мекеме қызметкерлері белсене атсалысып, кент көшелерін қоқыстан тазалады. Сенбілік аудан орталығынан бөлек, барлық ауылдық округтерде де өтті. Қатысушылар аудан көшелері мен аулаларының тазаруына үлес қосты.

Балық аулады

Шиелі ауданында ерекше жандардың қатысуымен балық аулаудан сайыс ұйымдастырылды.

Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен салауатты өмір салтын насихаттауға бастайтын спорттық іс-шарада қатысушылар ерекше белсенділік танытты. Табиғат аясындағы тамаша демалыс олардың көңілін сергітіп, жанға жайлы әсер сыйлады. Балық аулау сайысының нәтижесінде жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен сый-сыяпаттар табысталды.

Жас өнертапқыштар

Жаңақорғанда мектеп оқушылары арасында аудандық «Жас өнертапқыштар» сайысы өтті.

Сайысқа ауданның білім ордаларынан 10 жоба қатысты. Білім алушылардың ғылым мен техниканың әртүрлі саласында өнертапқыштық және зерттеу жұмыстарына деген қызығушылығын арттыру үшін өткен сайыста озып шыққан үш жоба үздік деп танылды. Олар – №195 орта мектебінің оқушысы Құттықыз Ерғалиқызының «Ақылды үй» жобасы, №110 мектеп-лицейінің оқушылары Жанна Әбу мен Қасиет Ахметжанның «Күннен қуат алатын үй» жобасы және №162 орта мектебінің оқушысы Ерасыл Ақбаевтың «Робототехника» жобасы. Барлық қатысушыларға сертификат, бағалы сыйлықтар табысталды.

Дайындаған: Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<