Қайырлы іске үлес қос!

416

0

13 мамыр күні облыс орта­лығында қайырымдылық марафоны өтеді. Игі шарадан түскен қаржы «Шуақты бөбек» қоғамдық қоры арқылы дамуында ауытқушылығы бар балаларға арналған оңалту орталығын ашуға жұмсалмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды. Брифингке «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Жасұлан Алдабергенов, «Жомарт» мүгедектерге, балалары мүгедек ата-аналарға және тұрмыс жағдайы төмен азаматтарға көмек көрсету» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Майя Наримова, «Шуақты бөбек» қоғамдық қор құрылтайшысы Майра Нұркишева қатысып, бұқаралық шарадан тыс қалмауға шақырды.

– Қайырымдылық – қадірлі іс. Биыл аталған марафонға қатысушылар қатары қалың болатынына сенімдіміз. Өткен жылы да осындай шара ұйымдастырылып, жиналған қаражат қаладағы «Жастар үйі» ғимаратының қа­жетіне жұмсалды. Спорттық шара 13 мамыр күні сағат 09.00-де басталмақ. Оған 16 жастан жоғары адамдар қатыса алады. Қатысушылар Тұңғыш Президент саябағынан бастап, Бейбарыс Сұлтан көшесі, Тәуелсіздік даңғылы арқылы Ғ.Мұратбаев атындағы стадионға дейін жүгіріп өтеді. Тіркеу жарнасына келетін болсақ, жеке қатысушыларға бекітілген сома – 500, командалық қатысушылар үшін – 2500 теңге, – деді Ж.Алдабергенов.

Жиында Майя Наримова да алдағы уақытта мара­фон­ның дәстүрлі түрде өткі­зілетінін айтып, көпшіліктің ұйым­дастырушылардың қадамын қолдап, белсене қатысуға ниет танытқандарына алғыс білдірді.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<