Бас жүлде – Байжановтарда

623

0

Кеше «Достық үйінде» «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Жеңімпаздарды облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құттықтады.

− Қазақ халқы үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Отбасының бірлігі – отанның беріктігі, ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы, ұлттық тәрбиенің, адамгершілік пен имандылықтың бастау бұлағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әрбір отбасын сақтау – отанымыздың берік болуының кепілі. Олардың әрқайсысына тұтастық пен татулықтың дәстүрін орнықтыруымыз керек», деген болатын. Бүгінде елімізде отбасы институтына қамқорлық пен көмек  үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған мемлекеттік қолдаулар жыл сайын жетілдірілуде. 2014 жылдан бастау алған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы отбасы құндылықтары мен қазақ үшін қашанда киелі саналатын бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын насихаттауда орны ерекше, тағылымды іс-шара. Бұл байқауға қатысқан отбасылардың барлығы да – нағыз мерейлі жеңімпаздар, − деді аймақ басшысы.

Ұлттық құндылықтар мен әр шаңырақтың береке-бірлігін арттыруды насихаттайтын іс-шараға қатысушылар қатары жыл сайын артып келеді. Облыстық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша жалағаштық Маштаевтар отбасы жүлделі ІІІ орынды, Шиелі ауданынан қатысқан Рыспембетовтер әулеті жүлделі ІІ орынды иеленді. Қызылорда қаласының Ермановтар отбасы І орынға лайық деп танылды. Ал шиелілік Байжановтар отбасы байқаудың бас жүлдесіне ие болды.  Жеңімпаз атанған әулеттің ақсақалы Сәрсенбек Байжанұлы − соғыс ардагері.  Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі, «Қызыл жұлдыз» ордендерімен және «Германияны жеңгені үшін», «Еңбек ардагері», «Кеңес одағының маршалы Г.К.Жуков» және басқа да көптеген мерекелік медальдармен марапатталған. Шиелі ауданының құрметті азаматы. Жары Жәмила Сейтжановамен бірге 11 бала, 41 немере, 50 шөбере өрбіткен өнегелі әулет. Облыс әкімі жеңімпаз атанған отбасыларға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыстады.

Сондай-ақ, байқауға белсенді қатысып, ұлттық құндылық пен отбасы мерейін жоғарылату бағытындағы өнегесін көрсете білген отбасыларды арнайы номинациялармен марапаттады. Атап айтқанда, қазалылық Сүлейменовтер әулеті «Өнерлі отбасы», қармақшылық Бердібаевтар отбасы «Өнегелі отбасы», қармақшылық Шамшатовтар әулеті «Үлгілі отбасы», жалағаштық Бекниязовтар шаңырағы «Берекелі отбасы», аралдық Сыдықовтар әулеті «Талант тұғыры отбасы», сырдариялық Есенхожаевтар әулеті «Озат отбасы», жаңақорғандық Төлегеновтер әулеті «Толағайлар отбасы» номинациясын иеленді.

Ұлағатты шаңырақ иелерінің мерейлі сәтінде Қазақстанның еңбек сіңірген артисі К.Қалымбетова, ҚР Мәдениет қайраткері Р.Ахметов пен жыраудың шәкірттері, «Реверанс» би тобы өнер көрсетті. Мақсат пен Дана дуеті «Мерейлі отбасы» әнін тарту етті.

Биыл байқауға облысымыздың барлық ауданынан 178 отбасы қатысты. Отбасы − алтын ұя, киелі ошақ. Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтаған Байжановтар отбасы Сыр өңірінің атынан ұлттық байқауға қатысуға жолдама алды.

Гүлбану Мақажан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<