Бейбіткүл Кәрімова: Жолдау елімізді өркениет өрісінің жаңа белестеріне бастамақ

623

0

Қазақстан Республикасының  Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы елдің алдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарына арналды.

Мемлекет Басшысы Жолдауда өткен отыз жыл ішінде «Ең басты жетістігіміз-біртұтас ел болдық. Еліміз тұрақты қоғам құрып, орнықты даму жолына түсті» дей отыра, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың  тәуелсіз елімізді құрып, дамытудағы ерен еңбегін атап айтты.

Орталық Азиада көшбасшы болу, әлемдік экономикадағы орнымызды одан әрі нығайту ел дамуының  басым бағыттары болып қала береді. Әлемді жайлаған пандемия кезінде қолға алынған байыпты шаралардың арқасында 150 мың жұмыс орны сақталып, бір миллионнан астам адам тұрғын үй жағдайын жақсартты. Іске қосылған қарапайым заттар экономикасы да аз уақытта өз өміршеңдігін көрсетіп отыр.

Жолдауда айтылған экономиканы барынша әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібі өнімінің экспортын арттыру,  жер асты байлықтарының  ресурстық әлеуетін толық ашу, т.б. нақты қадамдар ел дамуына жаңа мүмкіндіктер әкелетіні сөзсіз.

Агроөнеркәсіп кешенінде қордаланған проблемалар өз алдына бір төбе. Бұл орайда, Ел Президенті әкімдердің  мал шаруашылығын жайылыммен қамтамасыз ету, ветеринария саласын дамыту, қолайсыз ауа-райының болуы мүмкін  зардаптарының алдын алу, ауыл шаруашылығы нарығында баға белгілеу, аграрлық саясаттағы сабақтастықты жолға қою мәселелеріне тоқталып, нақты тапсырмалар берді.

IT саласында 4.0 элементтерін батыл ендіру, заманауи технологиялар трансферті, жас мамандарды көптеп даярлау,  Орталық Азиядағы цифрлық хабқа айналу  еліміздің цифрлық архитектурасын жедел өзгертетін болады.

Еліміздің басты байлығы-адам. Сондықтан, Жолдауда ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу қажеттігі баса айтылды. Осы ретте, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, биологиялық қауіпсіздік жүйесін құруға да ерекше көңіл бөлінді.

Білім және ғылым саласының адами капиталды дамытудағы орны қоғамға жақсы белгілі.  Соңғы жылдары Мемлекет Басшысының тікелей қолдауымен бұл салаларда өршіл бастамалар қолға алынып, осының арқасында баршамыз бұрын-соңды болмаған  сапалық өзгерістерге куә болудамыз. Осынау үрдісті жалғастыру аясында алдағы 3 жылда ұстаздардың еңбек ақысын өсіруге 1,2 трлн теңге бөлінетіні барша зиялы қауымның көңіліне қуаныш ұялатты десек, артық айтпаймыз.  Жолдау осындай көптің көңілінен шыққан білім бағдарламаларын тез өзгермелі заман талабымен үндестіру, оқытушы-педагогтердің кәсіби біліктілігін  5 жыл сайын емес, енді 3 жыл сайын көтеру, оқушылар арасындағы ғылыми жобалар конкурстары мен олимпиада жеңімпаздарын тәрбиелеген педагогтерді марапаттау сияқты бастамаларға толы.

Жолдауда айтылған жетекші ғалымдардың жалақысын базалық қаржыландыру арқылы төлеу, ғылыми ұйымдарды тікелей қаржыландыру, гранттық қаржыландыру бойынша ұтып алынған жобаларды орындау мерзімін 5 жылға ұзарту. Ұлттық ғылыми кеңестер шешіміне апелляция институтын енгізу сынды құндылығы теңдессіз бастамалардың отандық ғылымның  серпінді дамуын қамтамасыз ететіні күмәнсіз.

Ел  Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған бүгінгі Жолдауында еліміздің сындарлы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары егжей-тегжейлі сараланып, оларға қол жеткізудің жаңа мазмұнды жолдары көрсетілген. Сын-тегеуріндерден әрдайым бір адым алға жүру қағидатына негізделген Жолдау елімізді өркениет өрісінің жаңа белестеріне бастамақ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<