Бірқатар шешімге өзгерістер енгізілді

341

0

Сейсенбіде облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамовтың жетекшілігімен облыстық мәслихаттың кезектен тыс 10-сессиясы өтті. Оған депутаттар, басқарма басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Алғашқысы «Қызылорда облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларын сайлау туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2023 жылғы 17 қаңтардағы №179 шешіміне өзгерістер енгізу туралы болды. Сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаевтың депутаттық өкілеттігі туралы қаралды. Аталған екі мәселе жөнінде облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов хабарлама жасады.

Облыстағы №4, №5, №8, №10 округтегі азаматтардың басқа қызметке ауысуына, сондай-ақ сайлау учаскелерінің құрамына енуіне және аудандық сайлау комиссиясына мүше болуына байланысты Байқоңыр қаласында, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында 9 азаматты округтік сайлау учаскелерінің құрамынан шығару жөнінде ұсыныс берілді. 

Аталған азаматтар өз өкілеттерін тоқтатса, сайлау комиссиясы әр ауданға ұсыныс жолдап, сайлау округтеріндегі мүшелер, азаматтар, партиялар, үкіметтік емес ұйымдар өздерінің азаматтарын ұсынады. Одан кейін 2 ай мерзімінде толық сайлау өткізіледі.

Ал екінші мәселеге орай, Қызылорда қаласындағы №15 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты Аманжол Оңғарбаевтың 22 қаңтар күні Арал ауданының әкімі қызметіне тағайындалуына байланысты депутат  ретінде өкілеттігін тоқтату жөнінде ұсыныс берілді.

Сондай-ақ ҚР Сайлау туралы конституциялық Заңына сәйкес, шығып қалған депутаттардың орындарына жылына 2 рет сайлау тағайындалады. Маңызды науқан наурыз және қазан айларының соңғы жексенбісіне белгіленеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<