Білікті кадр даярлау жолындағы 20 жыл

115

0

«Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты – Сыр өңіріндегі гуманитарлық, экономикалық, техникалық, құқық және қызмет көрсету бағыттарында маман даярлап келе жатқан алдыңғы қатарлы оқу орны.

Институт 1998 жылы Қызылорда инженерлік-экономикалық институты болып құрылып, 2009 жылы «Ақмешіт» атауын иеленіп, гуманитарлық-техникалық бағытқа ауысты. Оқу орны отандық, шетелдік ЖОО-лармен, ғылыми орталықтармен тығыз байланыста. Қазіргі кезде мұнда ұлттық аккредиттеу агенттігі институционалды және мамандандырылған аккредитация жүргізіп жатыр.

Жоғары білікті кадр даярлаудағы негізгі фактор – қуатты, қазіргі заманғы материалдық-техникалық базаның болуы. Осы орайда институт заман талабына сай оқу кабинеттерімен, зертхана, шеберхана, компьютер сыныбы, интернет жүйесіне қосылған компьютерлік парк, лингофон кабинеті, мәжіліс және спорт залы, мұражай, асхана, дәрігерлік пунктпен жабдықталған. 2012 жылы кітапхана салынып, 2014 жылы жаңа оқу ғимараты пайдалануға берілді. 2016 жылы үш қабатты оқу ғимараты бой көтеріп, осы оқу жылында жаңа оқу зертханалық кешен іске қосылды.

Техника ғылымдарының кандидаты, доцент А.Үргенішбеков жетекшілік ететін ұжым оқу-тәрбие жұмысын оңтайлы ұйымдастырып, сапалы кадр дайындау бағытында ауқымды жұмыс атқарып келеді. Сонымен қатар, тәжірибелі мамандарды оқытып, өркениеттің ұлы көшіне жастарды ілестіруді мақсат еткен оқу орнында ғылым кандидаттары М.Қ.Бисенова, А.Б.Әлібекова, Б.С.Отарбаев, Б.Т.Кенжалиева және оқу-әдістемелік, тәрбие, студенттік бөлім меңгерушілері А.Х.Омарова, Т.П.Максимова, А.Е.Бекеновалар заман талабына сай маман даярлау жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізіп келеді. Ұстаздар білім бергеннен бөлек, студенттердің тәлім-тәрбиесіне жіті көңіл бөледі. Әрбір оқу тобының тәлімгері студенттердің сабақтан тыс уақытта қоғамдық-тәрбиелік шараларға қатысып, уақытын тиімді өткізуін қадағалайды.

Қоғамдық негізде құрылған жастар ісі жөніндегі комитет, «Жас Отан» жастар қанаты, еріктілер комитеттерінің белсенді мүшелері әртүрлі деңгейдегі шараларға атсалысып жүреді. Институт мақтанышына айналған студенттер де жетерлік. Б.Амантай, Ж.Қалжан, А.Серік облыс бойынша қысқы Универсиада алауын жаққандар қатарында болды. А.Өтеш, Ж.Қалжан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде волонтерлық қызмет атқарды. Ж.Қалжан халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті ұйымдастырған үздік жобалар сайысында бірінші орын иеленді. Сондай-ақ биыл наурызда «Жас Отан» жастар қанатының 4-съезіне қатысты. Е.Қуантқанұлы да өнер саласындағы жетістіктерімен қуантып жүр. Ол – қалалық суретшілер байқауының бас жүлдегері, қолөнер шеберлері көрмесінің үшінші орын иегері.

Ұлағат ұясы, білім шаңырағының құрылғанына биыл 20 жыл толып отыр. Мерейтойды атап өтудегі басты мақсат – өткенді саралап, алдағы мақсат-міндетті айқындап алу. Осы ретте ардагер ұстаздарды, бұрынғы түлектерді білім ұясының бүгінгі күнгі жетістіктерімен таныстыру ойда бар. Мерейлі жыл бойы жастар үшін тәрбиелік мазмұнға толы іс-шаралар өткізу жоспарланып, соның бірқатары жүзеге асырылып та үлгерді. Мысалы, профессор-оқытушылар мен қызметкерлер спартакиадада өзара сынға түсті. Жастар ісі жөніндегі комитет «Ақмешіт аруы – 2018» арулар байқауын ұйымдастырып, барлық сыннан мүдірмей өтіп, онда шеберлігімен танылған бірінші курс студенті Ақерке Алтынбекқызы жеңіс тұғырынан көрінді.

Ұлағатты ұстаздардың ұлағаты мен жастардың жалынды істерін, білім мен ғылымға деген ізденісі мен құштарлығын бойына сіңірген білім ордасы өткен уақыт ішінде мыңдаған жас ұрпақты тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатты. Бүгінде институт түлектері еліміздің түрлі салаларында жемісті еңбек етіп жүр. Қоғамды дамытудың қозғаушы күші – білімді кадр десек, білімнің негізі оқу орнының қабырғасында қаланады. Институт алдағы уақытта да қарқынынан таймай, облыс пен мемлекет дамуына үлес қоса бермек.

Н.ҚУАНДЫҚ.