«Дара тұлға» байқауында дараланғандар

425

0

Саналы ғұмырын қазақтың ілім-біліміне жұмсаған аңыз адам Ахмет Байтұрсынұлының есімі қазақ үшін қашан да қастерлі. Ақын, аудармашы, әдебиет зерттеушісі, түркітанушы, публицист сынды бірнеше мамандықты бір басына сыйдыра білген тұлғаның биылғы мерейтойы әр жылы күллі еліміз бойынша аталып келеді.

Осындай бір тағылымды іс-шара Қызылорда соттарының қызметкерлері арасында «Дара тұлға» деген атпен өткізілді. Бұл шараға қатысушы жас мамандар ережеге сәйкес екі сайыс түрінен бақ сынасты. Алдымен тақырыпқа сай эссе жазды. Олар тың болжамдар мен түйіндеулерге құралған бұл жанрда ұлт ұстазы туралы орамды ойларын қағаз бетіне түсіруге тырысты.

Конкурстың екінші кезеңінде қатысушылар тіл тазалығын, сөйлеу дикциясын сақтай отырып, бірі іс-шараға арқау болған ақынның, енді бірі өз шығармашылығынан өлең оқыды.

Осылайша екі сайыс түрінен өткен шығармашылық байқауда әділқазылар бірауыздан Байқоңыр қалалық сотының бас маманы Нұргүл Нұрбайқызын жеңімпаз деп тапты. Екінші, үшінші орындар Қармақшы аудандық сотының жетекші маманы Арайлым Жақыпбек пен Қызылорда қалалық сотының жетекші маманы Мәдина Мұсабек алды. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлық пен арнайы дипломдар берілді.

Сонымен қатар ерекше өнер көрсеткені үшін Қызылорда қаласының №2 сотының бас маманы Гүлназира Дүйсенова мен Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының маманы Бақытжан Ердәулетке ынталандыру сыйлығы табысталды.

Жарыс соңында әділқазылар ұйымдастырушыларға, қатысушы мамандарға ыстық ықыластарын білдіре отырып, сын-ескертпелері мен ағалық ақыл-кеңестерін айтты.

Сайысты қорытындылаған облыстық Соттар әкімшісінің басшысы Сағатбек Сүлеймен іс-шара қатысушыларын ұлт ұстазының туған күнімен және Тіл мерекесімен құттықтап, қызметкерлерді ұлтын сүюге, тілін құрметтеуге үндейтін іс-шаралардың алдағы кезеңде де ұйымдастырыла беретінін айтты.

Мерейтой қарсаңындағы іс-шарада өнерлерін ортаға салған жас мамандарға әділқазылар – тәуелсіз журналист Айткүл Шалғынбай, университет ұстазы Айман Айтбаева, «Сыр бойы» газетінің қызметкері Дүйсенбек Аяшұлы төрелік жасады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<