2022 жылдың басында болған дүрбелең Қызылорданы да айналып өткен жоқ. Қаңтар оқиғасының зардабы мен келген шығын және жаппай тәртіпсіздікке байланысты қаралған істер бойынша облыстық прокуратура төмендегідей дерек ұсынып отыр.
Ондағы мәліметтер бойынша, 5-қаңтарда «ArayCityMall» сауда үйінің алдында басталған жаппай тәртіпсіздік барысында 5 (әкімдік, жергілікті полиция қызметі, полиция басқармасы, сот және «Нұр Отан» (қазіргі «Аmanat») партиясы) мемлекеттік ғимаратқа шабуыл жасалды. Бұдан бөлек, мемлекеттік мекемелерге тиесілі 52 автокөлік (полиция – 24, әкімдік – 18, сот – 5, Ұлттық Ұлан – 5) өртеніп, 70 автокөлікке зақым келді. Жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан мемлекетке 1 млрд 800 млн теңге көлемінде шығын келтірілді.
Жеке азаматтарға тиесілі 11 автокөлік өртеніп, 7-і зақымдалған, оның жалпы шығыны – 37 млн теңге. Тәртіпсіздік барысында 9 кәсіпкерге келтірілген 32 млн теңге шығын қайта өндірілген.
Осы тәртіпсіздіктердің алдын алып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өкінішке қарай 5547 әскери бөлімінің сарбазы, Қарағанды облысының тумасы М.Қайсаров шабуылшылардың бағыттаған жүк көлігінің астында қалып, қаза тапты. Бұл азаматтың отбасына мемлекет тарапынан барлық әлеуметтік, материалдық көмек көрсетіліп, ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені (қайтыс болғаннан кейін) берілді.
Жасалған қылмыстардың себептерін егжей-тегжейлі анықтау үшін Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша қылмыстық істер Арнайы прокурорлардың өндірісіне қабылданған. Ведомствоаралық тергеу тобы құрылып, оған өзге органдардың 100 қызметкері жұмылдырылған.
Іс бойынша процесс прокурорлары тағайындалып, олар жеткізілген әрбір адамның конституциялық құқықтарының сақталуын қадағалады.
Тергеудің жан-жақты жоспары жасалып, жазбаша нұсқаулар беріліп, 1500-ден аса тергеу әрекеттері жүргізілген. Қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысы бар екендігі бұлтартпас айғақтармен (бейнежазбалармен, куәлердің жауаптарымен, дене жарақатының сипатымен және ұялы телефонды қолдану нүктелерімен) бекітілген 190 (25-і қайтыс болған) адам күдікті ретінде танылды.
Тергеудің нәтижелері бойынша бүгінгі күні жалпы 170 адамға (13-ін полиция тергеген, 157-ін прокуратура) қатысты 40 іс сотқа жолданды. Сотқа жолданған 167 адамға (13-ін полиция тергеген, 154-ін прокуратура) қатысты 38 іс бойынша айыптау үкімі (4 бас бостандығынан айыру, 118 шартты түрде, 27 шектеу және 6-өзге) қабылданған. 3 адамға қатысты 2 іс сот қарауында.
Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен қабылданған «Рақымшылық туралы» заңына сәйкес 147 адам рақымшылыққа ілініп, жазасы жеңілдетіліп отыр.
Мемлекет басшысының заңсыз акциялардың қатысушылары және төтенше жағдай режимін бұзған азаматтардың кінәлілігіне қарай жазасын жеңілдету туралы тапсырмасын орындау мақсатында қадағалау шаралары қолданылуда.
2022 жылдың 10-14 қаңтар аралығында заңсыз акцияларға қатысқаны үшін 131 адам, төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін 252 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 256-сы әкімшілік қамаққа алынып, 59-на айыппұл салынған, 68-не ескерту берілген.
Прокуратура органдары әкімшілік жауапқа тартылғандардың жазасын жеңілдету үшін сотқа 97 апелляциялық өтінішхат келтіріп, оның барлығы қанағаттандырылған. Бұл ретте, 24 азаматтың айыппұл түріндегі жазасы ескертуге ауыстырылса, 73 азаматтың әкімшілік қамақ түріндегі жазасын өтеу мерзімі 10 күннен 5 күнге қысқартылды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<