Дильназ Ахмадиева алаяқтарға алданып қалғанын айтты

272

0

Фото: ашық дереккөз

Қазақстандық танымал әнші Дильназ Ахмадиева жақын адамдарына сенуден қалғанын айтты. Өнер иесін 20 жыл бойы араласып келген таныстары алдап кеткен. Эстрада жұлдызы оларға сеніп, бірлесіп кәсіп ашуға 300 мың доллар берген, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Дильназ Ахмадиева басынан өткен ауыр жағдай жайлы Тимур Балымбетовке берген сұхбатында айтып берді. Әншінің сөзінше, оны алдап кеткен алаяқ заң жүзінде жазасын алмаған.

«Осыдан үш жыл бұрын Зейданға аяғым ауыр кезде екі алаяққа алданып қалдым. Біреуі мені 300 мың долларға алдап кетті. Мен өмірімдегі бұндай жайттарды көп айта бергенді ұнатпаймын. Адамдар мені аяғанын қаламаймын. Бірлесіп кәсіп ашпақ болғанбыз. Мен көшеден келген адамға ақша бере салған жоқпын. Ол адамды 20 жыл танимын, отбасымызбен араласатынбыз. Сеніп қалдым. Оның үстіне қолымда ол сұраған сомма болған жоқ. Несие алып беріп, артынан оны өзім төледім. Жеті жыл бойы салып тұрғызған кеңсемнің ғимаратынан айырылып қалдым. Бірақ заң жүзінде ол жазасын алмады. Себебі кәсіби алаяқ екен. Ол маған ғана қарыз емес екен», – деді өнер иесі.

Бұл жағдайдан кейін Ахмадиева тағы бір мәрте алаяқтың қармағына түсіп қала жаздаған. Алайда бұл жолы өзін алдамақ болған қыз темір торға тоғытылыпты.

«Сосын бір қыз жолықты. Бірақ мені құдай сақтап қалды. Ол қыз қазір түрмеде отыр. Ол көптеген адамды алдаған. Тәжірибелі алаяқ десем де болады. Қазір ойлап отырсам, олар дәл менің психологиялық көңіл-күйім болмай жүрген тұста келіпті. Жалғыздықтан шаршап, өмірден баз кешкен кезім болған. Сол кезде олар маған көмектескісі келіп, осындай қадамға барған. Осы оқиғадан кейін адамдармен таңдап араласатын болдым. Бұл оқиға маған үлкен сабақ болды», – деді әнші.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<