Достық дәнекері

385

0

Кеше облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов «Қазақстан корейлері қауымдастығы» облыстық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, Сыр спортының дамуына елеулі үлес қосқан ардагер Юрий Федорович Кимді 80 жасқа толуына орай қабылдап, облыс әкімінің атынан мерейтойымен құттықтады.

– Юрий Федорович еңбек жолын ұстаздықтан бастап, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, облыстық дене шынықтыру және спорт комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Зейнеткерлікке шыққанға дейін облыстық жастар ісі, туризм және спорт басқармасының басшысы болды. Адалдықты ту етіп, жауапкершілікпен атқарған қажырлы қызмет үшін ризашылығымызды білдіреміз. Сіздің ізгілікке толы жарқын ғұмырыңыз кейінгі жастарға үлгі-өнеге болатындай ғибратты жол. Еселі еңбегіңіз үшін алғыс білдіреміз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз, – деді аппарат басшысы.

Мұнан соң өзінің саналы ғұмырын жалпыұлттық бірлікті, қоғамдық келісім мен этносаралық достықты нығайту жолына арнаған ардагерге ел дамуына сіңірген еңбегі үшін облыстың ең жоғары наградасы «Құрмет грамотасы» табысталып, Сыр жұртшылығы атынан иығына шапан жабылды.

Салтанатты шараға облысымыздың белгілі қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Өз кезегінде мерейтой иесі «Мен Қызылордада туып, өстім. Балалық, жастық шағым осында өтті. Сыр өңірі – менің мәңгілік мекенім» дей келе көрсетілген құрмет пен жылы жүздесу үшін риясыз алғысын жеткізді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<